Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тараздағы дәмханадағы атыс: Жәбірленуші оқиғаның қалай болғанын айтып берді

Тараздағы дәмхананың бірінде болған атысқа қатысты жаңа дерек айтылып жатыр. Оқ тиіп жараланған жәбірлеушілер жағдай мүлдем басқаша болған дейді. Сөздеріне сенсек, даяшылар оларға жеген кәуаптары үшін артық ақша жазып берген. Ал жігіттер оны төлеуден бас тартқан соң, күзетшілер ай-шайға қарамай атып тастады дейді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Соғыстан қайтқан жаралы жауынгердей болып жүрген азаматтардың денесіне дәмханадағы атыс кезінде оқ тиген. Ең көбі Бауыржанға тиіпті. Оның тәнінен бытыраның бірсыпырасы алынғанымен әлі 12-сі аяғында. Жәбірленушінің айтуынша, «Шайханада» болған шатаққа даяшылар кінәлі.

«Далаға шығып темекі шегіп тұрғанда даяшы келді да, қарыздарыңыз қалды деді. Сонымен, онымен бірге кіріп, қанша десем, 3400 теңге деді. Мен не тапсырыс бердім десем, 4 кәуап деді. Кәуап 300 -ден 1200 теңге болады. Қалған сома қайдан шықты десем, сендер тағы сыраға тапсырыс бердіңдер дейді», – дейді жәбірленуші Бауыржан Төлебеков.

Жігіттер артық соманың қайдан пайда болғанын дәлелдеп беруін талап еттік дейді. Бірақ, даяшылар нақты дәйек келтіре алмаса да, ас-судың ақысын сонда да беруді міндеттеген. Үшеуі одан бас тартқасын оларды кафеге қамап ұстаған. Одан кейін дауды дәмхана қожайыны ушықтырды дейді. Яғни ол мәселенің байыбына бармай жатып күзетшілерге клиенттердің ту-талақайын шығаруға бұйрық беріпті.

«Сонда қазір 3 мың теңге үшін адам өлтіріп тастауға бола ма? Қарыз болған күннің өзінде…10 мың болса да. Өз мемлекетімде жүріп маған қару тақап атып жатыр», – дейді жәбірленуші Бауыржан Төлебеков.

Жәбірленушілер оқ атылған соң өздері де күзетшілерге жұдырық жұмсағандарын жасырмайды. Енді олар бұл істі жай қалдырмақ емес. Яғни себепсіз ажал құштыра жаздаған күзетшілер мен кафе қожайынын жауапқа тартқызбақ. Бірақ дәмхана иесінің үстінен жазылған арызды полицейлер қабылдамай қойыпты.

«Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 252-бабы 2-тармағымен (жеке күзет ұйымдарының қызметкерлерінің қару-жарақты қолдану арқылы өкілеттіктерін асыра пайдалану) тағы бір қылмыстық іс тіркелді.Қазіргі уақытта сараптамалар қатары тағайындалып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүруде», – дейді Жамбыл облыстық ІІД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.

Ал күзет агенттігінің басшысын жарық күнде шаммен іздеп таппадық. Одан осы жайттың анық-қанығын білгіміз келген. Бірақ ақпарат алу мүмкін болмады. Көрсетілген мекен-жайы да дұрыс емес. Телефон қоңырауына да жауап бермейді. Естеріңізге  салсақ, Наурыздың 16-сында Тараздағы «Шайхана» деген кафеде күзетшілер қонақтарды ақша төлемеді деген желеумен атып тастаған болатын. Ал енді жәбірленушілер оқиғаның басқаша болғанын айтып жатыр.

Оқи отырыңыз:

Депутаттар «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкін» сатуға қарсы шықты

Мәжіліс депутаты жекешелендіруге қатысты: Бұл не мазақ?

Оралда қонақ үйден алматылық жігіттің өлі денесі табылды

Назарбаев: Наурыз түбінде біздің жаңа жылымызға айналады

Талқылау