Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Назарбаев: Наурыз түбінде біздің жаңа жылымызға айналады

ҚР президенті Нұрсұлтан Назарбаев барша Қазақстан халқын Наурыз мейрамымен құттықтады.

Сурет: Қазақпарат

Бұл туралы Sputnik Қазақстан хабарлайды.

“Наурыз мейрамы құтты болсын! Менің жарлығыммен бұл мейрамды 3 күн тойлаймыз. Бұл – бағзы заманнан келе жатқан мереке. Тәуелсіздік алған соң елімізге аталған мейрам қайта оралды. Бұл мейрам түбінде біздің негізгі жаңа жылдық мерекеміз болады. Наурыз табиғат пен қоғамның жаңаруын, Қазақстан халқының бірлігі мен келісімін әспеттейді”, — деді Елбасы журналистерге.

Назарбаев тәуелсіздік жылдарында біраз жетістікке қол жеткенмен, алда атқарылар шаруа әлі де көп екенін атап өтті.

“Тәуелсіздіктің 26 жылының ішінде біз көп шаруаны бітірдік. Оның барлығы ел бірлігінің арқасы. Қазірдің өзінде әлемде болып жатқан өзгерістерге байланысты бізде арнайы бағдарламалар бар. Технологиялық революция деп жатырмыз. Оған да арнайы бағдарлама бар. Рухани жаңғыру бағдарламасын осыған дейін атап өттім. Жақында мен халыққа “5 әлеуметтік бастама” туралы үндеу жарияладым. Бұл бастама әрбір қарапайым қазақстандыққа арналады. Біріншіден, бұл баспана мәселесін шешуге бағытталған. Екіншіден, жастардың жағдайын жақсарту. Яғни жатақханалар салу, мемлекеттік гранттарды көбейту, табысы аз азаматтарды салықтан босату, Қазақстандағы елді-мекендерді газбен қамтамасыз ету. Мұның барлығы қарапайым халыққа, олардың әлеуметтік жағдайын көтеруге арналады. Осыған барлығыңыз атсалысуларыңыз керек”, — деді президент.

Мемлекет басшысы барша Қазақстан халқын Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, өскелең ұрпақтың бақыты үшін ерінбей еңбек етуге шақырды.

“Осы жылдар ішінде Қазақстан дүниежүзіне танымал болды. Абыройымыз артып келеді. Осы бағытты болашақта да ұстауымыз керек. Себебі, елдің бірлігі болашақ табыстарымызға кепіл болады. Қазақта “Жаңа жыл жарылқасын, ескі жыл есіркесін. Ақ мол болсын, қай жерде жүрсең жолың болсын” деген сөз бар. Мәңгілік ел болуға қадам басқан жолымыз, құтты болсын. Бақытты болайық. Бала-шағамыз, ұрпақтарымыз аман болсын. Солардың бақыты үшін жұмыс істейік”, — деп игі тілегін жеткізді Елбасы.

Оқи отырыңыз:

Астана тұрғыны электр қуаты үшін 13 миллион теңге қарызданып қалды

Астанада мемлекеттік қызметтегі басшы қарамағындағыларға дауыс көтеріп, балағат сөздер айтқан

Алматыда үш әйелді өлтіріп, ағзаларын кесіп алған қанішердің ісі сотқа тапсырылды

ОҚО әкімі 7 жасар баланың ауылдастарымен кездесті  

Талқылау