Қазақстандық Оңтүстік Кореяда қазы жасайтын цех ашты
Тараз қаласының тумасы Дмитрий Пяк Оңтүстік Кореяда алғаш болып қазы өндіретін цех ашты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 24.kz арнасының жаңалықтар қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Оңтүстік Кореяда ет өнімдерін өндіруге қойылатын санитарлық талаптар қатаң. Барлық цех қызметкерлері жұмыс барысында арнайы киім киюге міндетті. Өндірістік орында температура нөлден төмен болуы керек. Аталған ережелерді сақтамай, құрал-жабдықсыз ет өнімдерін өндіруге рұқсат алу мүмкін емес.
Кәсіпкер Дмитрий Пяк цехты ашу үшін тамақ өндірісінен хабары бар кеңесші жалдаған.
“Қазы шұжықшаларға ұқсайды. Шұжық өнімдері секілді, тек шикі күйінде. Өнімнің салмағы бір келіден асады. Бізге рұқсат берді”, – дейді ол.
Айтуынша, Қазақстанда тұрған кезде әжесі қазыны жиі жасайтын. Сонда әжесіне қазы жасауға көмектескен сәттерін еске алды. Дмитрий қазы жасаудың еш қиындығы жоқ дейді. Жасалу жолы да жеңіл екенін айтады.
Оңтүстікқазақстандық Кореяға 2008 жылы оқуға кеткен. Содан бері сонда тұрақтап қалған. Мұнда бірнеше азық-түлік дүкені бар. Қазыны ресми түрде шығару туралы идея оған осыдан 6 жыл бұрын келген. Былтыр Дмитрий лицензия алып, қазы жасайтын цех ашты. Ол жылқы етін Чеджу аралынан сатып алады. Чеджу – Оңтүстік Кореяда жылқы етін тұтынатын жалғыз аймақ. Бұл аспаздық дәстүр XII ғасырда моңғол әскерлері Кореяға басып кіргеннен кейін пайда болған.
“Иә, олар Чеджу аралында жылқы етін жейді. Бірақ олар жылқы етін сашими секілді шикідей жейді. Қазір өте жақсы жеткізушімен жұмыс істеп жатырмыз. Оның жеке шаруашылығы бар, жылқыларды бордақылауға келістік. Мұнда жылқылар семіз емес”, – дейді кәсіпкер.
Оңтүстік Кореяда қазыны ТМД елдерінің тауарлары сатылатын дүкендерден табуға болады. Жаңа жылда және Наурыз мейрамында қазыға сұраныс көбейеді. Кореяға Қапшағайдан көшіп келген Паран қаласындағы дүкен қызметкері Кристина Юн да ет асу үшін қазы сатып алады.
“Мұнда бәрі дайын күйінде сатылады. Мен дайын жайма мен қазы сатып аламын. Жайманы асып, пияз бен картоп саламын. Әркім әртүрлі жасайды. Біреулер сәбіз қосады”, – дейді Кристина.
Дмитрий Пяктың цехы жылына 6 тоннаға жуық жылқы еті мен қазы өндіреді. Сұраныстың артынуа байланысты кәсіпкер алдағы уақытта оның көлемін 7 тоннаға жеткізуді жоспарлап отыр.
Чеджу халқы ежелден бері жылқы етін пайдалы деп санайды. Жергілікті тұрғындар қазы бас айналғанда көмектеседі және жүктілікті жеңілдетеді дейді.
Бұған дейін қазақстандық ерлі-зайыпты несиесін жабу үшін Англияда құлпынай теріп, 15 миллион теңге тапқаны туралы жазған едік.