"Сәкіде зорлап, видеоға түсірген": Шымкентте жасы 30-дан асқан бір топ еркек есту қабілеті нашар қызды бірнеше рет зорлаған
Шымкентте 22 жастағы тұрғынды бірнеше рет жасы отыздан асқан ер адамдар топ болып зорлаған. Оның үстіне олар әлі бостандықта жүр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Instagram НеМолчи
22 жастағы бойжеткен НеМолчи қорына жүгінген.
Жәбірленушінің айтуынша, оқиға өткен жылдың тамыз айында басталған. Қыз жұмыстан шығып, такси ұстаған. Сол кезде жанына бір көлік келіп тоқтаған.
"Қыздың жағдайы қиын, есту қабілеті нашар, аңғал. Ол көпбалалы қарапайым отбасынан шыққан. Қыз жұмыстан шығып, үйіне жету үшін такси ұстаған. Көлікте одан әлдеқайда үлкен адамдар болған. Бірақ қыз оған мән бермеген. Олар оның қайда тұратынын біліп алған. Кешке үйде үлкендер жоқ кезде біреуі келіп: “маған ұнап қалдың, сыртқа шық, сөйлесейік” деген. Сол күні кешке ер адам қызды сәкіде зорлап, екіншісі оны видеоға түсірген. Бопсалаудың бірінші кезеңі осылай басталған”, – деп жазды НеМолчи қоры.
Қор мәліметінше, бопсалаудың екінші кезеңі наурыз айында басталған.
“Ер адамдардың бірі келіп, “сыртқа шық! Әйтпесе үйіңді отбасыңмен бірге өртеп жіберемін” деп айтқан. Сол сәтте жәбірленуші сыртқа шыққан. Екі ер адам қызды айдалаға апарып, көліктен резеңке төсеніш шығарып, жерге төсеп, зорлаған. Зорлаушылардың қатарында жасы 30-дан асқан үш ер адам бар. Олар бірін-бірі таниды. Топ болып әрекет еткен. Олар ерекше қажеттілігі бар қызды пайдаланған. Ер адамдар тобы бұл әрекеті үшін жазаланбаған. Дәл қазір бостандықта жүр”, – деп жазады қор.
Шымкент қалалық полиция департаменті, аталған жағдайға қатысты қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
"Зорлау дерегі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Барлық мән-жай анықталып, тараптардың уәждері зерделеніп жатыр", – делінген хабарламада.
Алайда күдіктілердің ұсталғаны иә қамалғаны туралы бірде-бір ақпарат айтылмаған.
Айта кетейік, бұған дейін Ақтауда көшеде хиджабтағы бойжеткенді зорламақ болған мас ер адам ұсталғаны туралы жазған едік.