Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Танымал заңгер әрі блогер Молдахан Әділетхан қамауға алынды

Танымал заңгер әрі блогер Молдахан Әділетхан қамауға алындыФото: іnstagram.com/adiletkhan

Алматы полициясы заңгер Молдахан Әділетханның ұсталып, қамауға алынғанын растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Заңгердің ұсталғанын оның көмекшілері хабарлады. Олардың сөзінше, Әділетхан ұсталғаннан кейін оның соңынан бес адвокат барған. Алайда заң өкілдері әріптесімен көрісудің қиынға соғып жатқанын айтты. 

Желіде тараған бұл ақпаратқа қатысты полиция пікір білдірді.

“М. есімді азаматқа қатысты алдын ала тергеу тіркелді. Ол әдейі жалған ақпарат таратқаны үшін күдікті ретінде уақытша ұстау изоляторына қамалды”, – деп мәлімдеді полиция.

Алайда оның қандай жалған ақпарат таратқаны нақты айтылмады.

Айта кетейік, Молдахан Әділетхан үш адамның өмірін қиған Әл-Фарабаи даңғылындағы жол-апатына қатысты болжамдар айтып, әлеуметтік желіде жазба жариялаған еді. 



Жол апаты туралы толығырақ

21 наурыз күні Алматыдағы Әл-Фараби даңғылы мен Меңдіқұлов көшесінің қиылысында жантүршігерлік жол апаты болды. Салдарынан үш адам қаза тапты. 

Zeekr маркалы автокөліктің жүргізушісі батыс бағытта келе жатып қарсы жолаққа шығып, жолдағы қарсы бағыттағы Mercedes көлігімен соқтығысқан. Апат салдарынан 29 жастағы Mercedes жүргізушісі мен 20 және 23 жастағы екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды. Zeekr көлігінің жүргізушісі әртүрлі жарақаттармен ауруханаға жеткізілді.

Айта кетейік, мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов Әл-Фараби даңғылында үш адамның өмірін қиған жол апатына Алматы полиция департаментінің жоғары лауазымды қызметкерінің қатысы болуы ықтимал деп санайды. 

26 наурыз күні депутат өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазба жариялады.

“Алматы полициясының жоғары лауазымды қызметкерінің көлік жарысына қатысы бар ма? Әл-Фараби даңғылындағы жарысқа қатысқан қатысушылардың бірі полицей болуы мүмкін деген күдік бар. Бұл жарыс үш адамның өмірін қиды. Сондықтан бәрін жасырып отыр. Ішкі істер министрлігінен түсініктеме беруін сұраймын”, – деп жазды Мұрат Әбенов.

Ол жариялаған видеода ер адам жарысқа полиция департаментінің бір бөлімше бастығының орынбасары өз қызметтік көлігімен қатысқанын айтқан.

Бейресми мәліметтерге сенсек, ішкі істер органдарының қызметкері, полиция департаменті басшысының орынбасары Ержан Узабаевтың қатысы болуы мүмкін. Алайда полиция бұл ақпаратты растамады, бірақ жоққа да шығармады.

Артынша, жол апатына байланысты полиция департаментінің бірнеше басшысы қызметінен босатылды. 

Бұл туралы ішкі істер министрі Ержан Саденов хабарлады. Министр жол апатында қаза тапқандардың отбасылары мен жақындарына көңіл айтты.

Ішкі істер министрлігінің ресми өкілі Шыңғыс Алекешев министрдің бұйрығымен Алматы қаласы полиция департаменті бастығының сыртқы қызметтер мен жол қауіпсіздігін қадағалайтын орынбасары, сондай-ақ әкімшілік полиция және қоғамдық қауіпсіздік басқармаларының басшылары қызметтерінен босатылғанын мәлімдеді. 

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 31 Наурыз, 2026 08:58