Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Тамыр-таныстық пен жемқорлық белең алды": "Теңізшевройл" шулы мәлімдеме жасаған мұнайшыға жауап берді

Президенттен көмек сұраған мұнайшының мәлімдемесіне "Теңізшевройл" компаниясы жазбаша жауап берді.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "31" арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Теңізшевройл

Бұған дейін өзін "Теңізшевройл" компаниясының бұрынғы қызметкері деп атаған ер адам мұнай-газ кен орнындағы сыбайлас жемқорлық пен улы шығарындыларға назар аударуды сұрады.

"Тамыр-таныстық пен жемқорлық белең алды. Тікелей келісімшартпен жұмыс істейтіндердің барлығы біреудің туыстары болды. Сондай-ақ, экология саласында көптеген бұзушылықтар болды. Мен осыған, қоршаған ортаның ластануына және сыбайлас жемқорлыққа қарсы болдым. Олар шындыққа шыдай алмады және мені ешқандай себепсіз жұмыстан шығарды", - деп мәлімдеді ер адам.

Ал компанияда қоршаған ортаның қауіпсіздігі басты назарда екенін хабарлады. Өндірісте экологиялық бақылау жүргізіледі екен. Бұл туралы жергілікті экология департаментіне есеп береміз, дейді олар.

Компания соңғы 20 жыл ішінде қоршаған ортаға келтірген зиянды азайту үшін 3 миллиард доллар қаражат жұмсапты. Сондай-ақ, компания өкілдерінің айтуынша 2009 жылдан бері Теңізшевройл ілеспе газды жағуды тоқтатып, 99 пайызын кәдеге жаратады екен.

Ал жемқорлық жайлады деген айыпқа компанияда "қызметкерлерді жұмысқа қабылдау үрдісі ашық және меритократия қағидаттарына сай" деп жауап берген.

Бірақ "Теңізшевройл" өкілдері мәлімдеме жасаған бұрынғы жұмысшылары туралы ашып ештеңе жазбаған.

STAN.KZ
Бейсенбі, 24 Желтоқсан, 2020 10:40
Талқылау