Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғат Байсұфинов: “Әлиевтің командада қалуын өзім қаладым”

Талғат Байсұфинов

Фото:Ашық дереккөзден

Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Талғат Байсұфинов Лихтенштейнмен болатын матч алдында өткен баспасөз мәслихатында командадағы жағдай мен дайындық барысы жайлы айтып өтті. Ол сонымен қатар жарақат алған ойыншылар мен бұрынғы бапкер Әлиевтің штабта қалуына қатысты да пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі Penalty.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Байсұфиновтың айтуынша, бұрынғы бапкер Әлиев құрамамен жұмысын ертерек бастап кеткендіктен, оны жаттықтырушылар құрамында қалдыруды өзі сұраған.

    "Әлиев командамен бұрыннан бірге жұмыс істеп келеді. Циклды, принциптерді біледі. Біз команданы енді ғана жинадық, бірақ барлық тізім дайын болды. Оны қайта зерттеуге уақытым болмады, сондықтан штабта қалдыруды сұрадым", — деді бас бапкер.

Ұлттық құрамада бірнеше ойыншы жарақат алып, дайындық процесінен тыс қалды. Атап айтқанда, Дастан Сәтпаев пен Серік Жамаловтың денсаулығына байланысты матчқа қатыспайтыны белгілі болды.

    "Дастан Сәтпаев — жас ойыншы, чемпионатта ойнап жүрген. Өкініштісі, жарақат алып қалды. Қазір үйінде демалып жатыр. Серік Жамалов та жарақат алған, ол да дайын емес. Бірақ қалған ойыншылар бар күшін салып жұмыс істеп жатыр", — деді Байсұфинов.

Бас бапкердің айтуынша, команда тоғыз күн бойы тығыз кесте бойынша дайындалып, ойынға сақадай сай.

    "Бірінші қазаннан бастап жаттығу жүргізіп келеміз. Бірінші қадамнан бастап бүгінге дейін тоғыз күн бойы дайындық жүріп жатыр. Әрине, команда ойынға толық дайын", — деді ол.

Айта кетейік, 10 қазан күні Астана Аренда Қазақстан құрамасы өз алаңында Лихтенштейнді қабылдайды.

Айнұр Мұхади
Бейсенбі, 09 Қазан, 2025 17:54
Талқылау