Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Талғардағы 16 жастағы жасөспірімнің өлімі: Күдіктілер бұрын сотталған болып шықты

Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан төбелеске қатысты жеті адам қамауға алынды. Жасөспірімді өлтірген күдіктілердің осыған дейін де сотталғандары белгілі болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Kozachkow телеграм арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото: әлеуметтік желіден

Бірыңғай сотқа дейінгі тергеп-тексеру тізілімінің мәліметінше, күдіктілердің екеуі бұған дейін де бұзақылық бабы бойынша сотталған және қазір Талғар ауданында пробациялық бақылауда.

Шерзаттың ата-анасының айтуынша, төбелеске 13 адам қатысқан. Ата-ана олардың барлығының “хуторский” қылмыстық тобының мүшелері екенін айтады.

Алайда Алматы облыстық полиция департаменті күдіктілердің қылмыстық мүшесі екені туралы ақпаратты жоққа шығарды.  


"Мылтықтың сабымен ұрып өлтірді": Бір адамның қолынан қаза тапқан 16 жастағы оқушының туыстары оқиғаның мән-жайын айтты


Отбасы қоғам белсендісі Айтбек Амангелдіге көмек сұрап жүгінгені белгілі болды. Айтбек Амангелді қазір үш адвокаттың отбасыға тегін көмек беріп жатқанын айтты.

"Отбасына тегін жұмыс істеуге келіскен үш адвокат бердік. Қақтығыс кезінде баланың әкесі мен ағасы да жараланған. Адам өмірі бір бөтелке сыраның құнына тең емес екенін дәлелдеу үшін іс бойынша ақпараттардың барлығы жарияланып отыруы керек. Шерзатты үлкен кісілердің, бүкіл отбасының көзінше ұрып өлтіргені қорқынышты", – дейді Айтбек Амангелді.

Ата-анасының айтуынша, Шерзат бес баланың үлкені болған, ата-анасына дүкенде үнемі көмектеседі екен, әскери адам болуды армандапты.

Еске салсақ, бұған дейін Талғарда жаппай төбелес болып, салдарынан 16 жастағы жасөспірім көз жұмған еді. Кейіннен жағдайдың мән-жайы анықталды. Жанжал жасөспірімнің отбасы жұмыс істейтін дүкенде басталған. Туыстарының айтуынша, сауда нүктесіне келген сатып алушы сыра алып, ақшасын төлеуден бас тартқан. Осыдан кейін төбелес басталған. Прокуратура жеті күдіктінің қамауға алынғанын хабарлады. 

Талқылау