"6 ай қиналдым": Талдықорғандық әйел дәрігерлер жатырын рұқсатсыз алып тастағанын айтты
Фото: threads.com/aishatik5435
Талдықорғандық әйел перзентханада дәрігерлер жатырын рұқсатсыз алып тастағанын айтып шағымданды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Threads желісінде талдықорғандық әйел дәрігерлердің кесірінен өлім аузынан қалғанын мәлімдеді.
"Маған 2024 жылдың 27 қазанында Талдықорғандағы перзентханада кесарь тілігі жасалды. Кесарь тілігінен кейін ішім ауыра бастады, мен бұл туралы дәрігерлерге және медбикелерге айттым, бірақ олар барлығын салғырт қабылдады. Ішімнің кесарь тілігінен кейін ауыруы қалыпты деп айтты. Үш күннен кейін мені жансақтау бөліміне апарды. Кесарь тілігі жасалған кезде әрдайым сұйықтық құятын пакет ілінеді екен, бірақ олар менің пакетімді қоймаған. Мен жансақтау бөлімінде 2-3 апта жаттым. Сол уақытта үнемі ультрадыбыстық тексеру (УЗИ) жасалып, екі рет оталық тексеру жүргізілді, бірақ ауырсынудың себебін таба алмады", – деп жазды әйел.
Жәбірленуші әйелдің айтуынша, дәрігерлер ота жасап, жатырын рұқсатынсыз алып тастаған.
"Жарадан сары сұйықтық шығып жатты, мен үнемі киімді ауыстырып тұрдым, кейін ішім үлкейіп, қызарғандай болды. Олар көпсалалы ауруханадан проктологты шақырды, ол ішімді қарап, отаға дайындау керек деді. Ота 9 сағатқа созылды, келісімімсіз жатырымды алып тастады, сосын илеостома қойылды. Отадан кейін мені көпсалалы аурухананың жансақтау бөліміне ауыстырды, сол жерде шамамен бір ай бойы ашық жарамен жаттым, жараны тіге алмады.
Мен 6 ай бойы илеостомамен жүрдім. 6 айдан кейін оны алып тастау үшін тағы да ота жасалды. Жетісу облысының прокуратурасынан кінәлілерді анықтап, жауапқа тартуды сұраймын! 6 ай қиналған күндерім қазір түске ұқсайды, бірақ қанша ұмытуға тырыссаң да жаралар сол күндерді еске салады", – дейді әйел.
Жетісу облыстық полиция департаменті жағдайға қатысты тексеріс басталғанын, оқиғаның мән-жайы анықталып жатқанын мәлімдеді.
Ал облыстық денсаулық сақтау басқармасы оқиғаға қатысты пікір білдірген жоқ.
"Бізден 100 есе жоғары алады": Қазақстан мен шетелдік дәрігерлердің жалақысын салыстырып көрдік