Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Министр Нұртілеуді ұстады деп жалған ақпарат таратқан Orda.kz құрылтайшысы кім және оны қандай жаза күтіп тұр?

Нұртілеу мен бажкеноваФотоколлаж: Stan.kz

Президенттің Жолдауына санаулы күндер қалғанда, ORDA.kz басылымы елді дүр сілкіндірген ақпарат жариялады. 4 қыркүйекте басылым сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу, кәсіпкер Гаджи Гаджиев және ұлттық қауіпсіздік қызметінің бірнеше жоғары шенді өкілі ұсталғанын хабарлады. Сыртқы істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік комитеті, мәдениет және ақпарат министрлігі бұл ақпаратты дереу жоққа шығарғанымен, басылым "өз дереккөздеріне" сенетінін бірнеше рет қайталаумен болды. Бұл жағдай қоғамда дүрбелең туғызып, прокуратура да "Орда" бас редакторына ескерту жолдады. Осы ретте Stan.kz жанжалдың неден басталып, не үшін дәл осы сәтте өршігенін зерттеп көрді.

Соңғы төрт күн бойы басылым қазақстандықтарға мүлде бөлек шындықты ұсынумен келеді. Басылымның нұсқасы бойынша "сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұрат Нұртілеу ШЫҰ саммитінен оралған бетте ұсталған". Оның үйінде тінту жүргізілген-мыс, ал 4 қыркүйектен кейінгі барлық кездесулері мен телефон арқылы сөйлесулері министрдің баспасөз қызметі алдын ала әзірлеп қойған медиадағы "болжам" ғана екені айтылды.

Бұл ақпаратты бірнеше мемлекеттік орган бірінен соң бірі жоққа шығарғанымен, "Орда" алған бетінен қайтпай, өз дереккөздеріне сенетінін айтып, табандылық танытқан. 

Келесі күні, яғни 5 қыркүйекте СІМ Мұрат Нұртілеудің Harvest Group директорлар кеңесінің төрағасы Алмаз Әлсеновпен кездесуін көрсеткен сәттен кейін де басылым өз ұстанымынан айныған жоқ. Басылым бұл жиынның шын мәнінде шілде айында өткенін, министрдің неге екі ай сайын бір ауыл шаруашылығы кәсіпкерімен жолығатынын түсіну қиын екенін, ал жарияланған фотосуреттердің бұрынғыларға қатты ұқсайтынын жазып, дәлелдемек болды.

Фото: Сыртқы істер министрлігі

Ал 6 қыркүйекте сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеудің Украина сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Андрей Сибигамен телефон арқылы сөйлескенін хабарлады. Бұл қоңырау Киевтің бастамасымен болған. Ал "Орда" өз кезегінде бұл әңгімені министр Бейжіңнен ШЫҰ саммитінен ұшып келе жатқанда, яғни борттан жасаған болуы мүмкін, сол себепті оның "тұтқындалуына дейін" болған деп көрсетті.

Басылым өз кезегінде шенеунік Нұртілеудің бостандықта жүргенін дәлелдейтін басқа деректерге де мән бермеген. Мәселен, саясаттанушы Данияр Әшімбаев министрдің өзімен тікелей сөйлескенін айтып, оның "тұтқындалғаны" жөніндегі әңгімені мүлде сандырақ деп атады. Ал Орталық Азия бойынша сарапшы Аркадий Дубнов өткен жұма күні Нұртілеудің министрліктегі жұмыс орнында болғанын, мұны оған министрліктегі сенімді дереккөздері растағанын жазды.

Дегенмен Мұрат Нұртілеу тек 8 қыркүйекте Жолдау алдында журналистерге көрініп, соңғы күндері тараған қауесеттерге нүкте қойды. Ол өзінің ұсталғаны жөніндегі ақпараттың жалған екенін мәлімдеп, мұны негізсіз әрі сандырақ сипатындағы хабар ретінде бағалады. Министрдің сөзінше, өткен аптада ол қалыпты жұмыс кестесін орындаған. Министрліктегі жиналыстарға қатысып, шетелдік әріптестерімен телефон арқылы сөйлескен, инвесторлармен кездесулер өткізген. Оның айтуынша, барлығы күнделікті тәртіппен өрбіген.

Шендінің бұл мәлімдемесінен кейін де басылымнан ол туралы жарияланымдар өшпегенін байқауға болады. Басылым Мұрат Нұртілеумен бірге белгілі кәсіпкер әрі қоғам қайраткері, Қазақстан ауыр атлетика федерациясының президенті Гаджи Гаджиев те қамауға алынғанын хабарлаған еді. Мұндай хабарға кәсіпкердің жұбайы, президенттің телерадиокорпорациясын басқаратын Раушан Қажыбаева редакцияны жала жапқаны үшін сотқа беретінін мәлімдеді.

"Орданы" қандай салдар күтіп тұр?

Заңгер Нұрсұлтан Орынбеков әкімшілік және қылмыстық жауапқа тартылуы мүмкін атап өтті. 

"Қылмыстық кодекстің 274-бабы көрінеу жалған ақпарат таратуға қатаң жауапкершілік жүктейді. Бірінші деңгейде, елеулі зиян қаупін төндіретін ақпарат үшін 1000 АЕК-ке (3 932 000 теңгеге) дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 1 жылға дейін бас бостандығынан айыру көзделген. Ал егер әрекет адамдар тобының алдын ала сөз байласуымен, қызмет бабын пайдалану арқылы немесе медиа мен онлайн-платформаларда жасалса, жаза күшейеді. Бұл жағдайда 3000 АЕК-ке (11 796 000 теңге) дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, қоғамдық жұмыстар немесе 3 жылға дейін бас бостандығынан айыру қарастырылған", – деді Нұрсұлтан Орынбеков.

Заңгер Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексі 456-2-бабы "Жалған ақпаратты орналастыру, тарату" бойынша алғаш құқық бұзған жағдайда  лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен қоғамдық ұйымдарға – 30 АЕК (117 960 теңге) мөлшерінде айыппұл салытынын атап өтті.

•    орта бизнеске – 50 АЕК (196 600 теңге),
•    ірі бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге).

Бір жылда қайталанса:

•    лауазымды тұлғаларға, шағын бизнес пен қоғамдық ұйымдарға – 50 АЕК (196 600 теңге),
•    орта бизнеске – 100 АЕК (393 200 теңге),
•    ірі бизнеске – 200 АЕК (786 400 теңге).

Соңғы күндері қазақстандық билік Гүлнәр Бажкеноваға бірнеше мәрте ескерту жасады. Әңгіме жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік пен бостандықтан айыруға дейінгі жазаны қарастыратын заң нормалары туралы. 6 қыркүйекте Алматы прокуратурасы "жазбаша және ауызша түрде" Бажкеноваға "БАҚ туралы" заң талаптарын түсіндіріп, оған қатаң ескерту берілгенін мәлімдеді.

Министр Аида Балаева да өз жазбаларында жалған ақпарат таратқаны үшін әкімшілік әрі қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын еске салды. 4 қыркүйекте желіде "фейк ақпарат таратушыларға қатысты сотқа жүгіну дайындалып жатыр" деп хабарланды. 

Сонымен қатар басылымның теңқұрылтайшысы, 70% үлестің иесі саналатын Мақсат Ғаниев "Орда" бас редакторын қызметінен шеттету шараларын қабылдайтынын мәлімдеді. Оның бас прокуратура мен мәдениет және ақпарат министрлігіне жолдаған бейнеүндеуін ҚазТАГ жариялады. Ол өз мәлімдемесінде Бажкенованың редакциялық ресурсты жеке мүддесі үшін пайдаланып, редакция мен қызметкерлерді теріс көрсетуге тырысқанын атап өтті. Ғаниев бұрынғы келісім бойынша редакциялық саясатқа араласпай, жобаны қаржыландырып келгенін, алайда соңғы кезде тек шығын мен қиындықтарға тап болғанын жеткізді. 

Қазір Мақсат Ғаниев құқықтық процестерді бастап, Бажкенованы редакция басшылығынан босату және ісін заң шеңберінде шешу үшін шаралар қабылдайтынын мәлімдеді. Сонымен қатар Ғаниев құқық қорғау органдарынан Бажкенованың әрекеттеріне объективті баға беруін талап ететінін айтты. Ғаниев редакцияның, қаржы және басқару қызметінің, сондай-ақ бас редактордың әрекеттерінің заңдылығына тәуелсіз аудит жүргізілгенге дейін "Орданың" жұмысын және оның әлеуметтік желідегі барлық аккаунттарын уақытша тоқтатуды сұрады.

Мақсат Ғаниев пен БажкеноваФото: ҚазТаг

Бұдан бөлек @chinovnik_kz арнасында Гүлнәр Бажкенова мен оның басқаруындағы ORDA басылымы жиі сынға ілігетін ақпарат көзі ретінде аталды. Соңғы жылдары редакцияның аты қоғамға теріс әсер ететін материалдармен және сот істерімен байланысты жиі шығып келеді.

Бажкенова басқаратын жоба тәуелсіз ақпарат құралы ретінде көрінгенімен, оның кәсіби стандарттарды жиі бұзатыны байқалады дейді телеграм арнасы. @chinovnik_kz бұған бірнеше нақты дерек дәлел бар екенін атап өтті. Авторлық құқықты бұзу фактілері, шындыққа жанаспайтын жарияланымдар және азаматтардың ар-намысын қорлауға қатысты арыздар бар. Мәселен, Дмитрий Шишкин мен Е.Оразаевтың сот талаптары, Атырау МӨЗ-дің бұрынғы басшысы Г. Жусанбаевтың ісі және Талдықорғанда С. Дүйсенованың жалған ақпарат таратқаны үшін жауапқа тартылуы соның айқын мысалы дейді телеграм арнасы.

Бұдан бөлек, "Ratel" басылымы “Орда”-ны плагиат үшін сотта жеңіп шықты, ал өзге агенттіктерден де рұқсатсыз материал алғаны дәлелденген. Статистикаға сенсек, Бажкенова мен оның редакциясы Қазақстандағы ең көп сотқа тартылған медиажоба қатарында тұр.
Бірақ дәл осы арнаның тарихында жалған ақпараттар да болған. Мысалы, осы жылдың 14 мамырында Қазақстанның бұрынғы бірінші ханымы Сара Назарбаеваның көз болғаны жөніндегі хабар немесе Қаңтар оқиғасы кезінде Нұрсұлтан Назарбаевтың елден қашып кеткені туралы сыбыстарды атап өтуге болады. Ол жаңсақ ақпараттардың барлығы ресми түрде жоққа шығарылып, уақыт өте ұмытылды. Дегенмен бұл жарияланымдарға да қатысты басылым биліктің ресми мәлімдемелерін ешқашан ашық түрде теріске шығармаған еді.

Саясаткерлер бұл ақпарат туралы не дейді?

Саясаткерлер тарапынан да бұл ақпаратқа қатысты түрлі пікір айтылды. Белгілі саясаттанушы Данияр Әшімбаев жағдайды талдай келе, тараған ақпараттың қарқыны күмән тудыратынын жеткізді. 

Оның пайымдауынша, бір жағынан президенттің Зеленскийге келіссөзге бару туралы ұсынысы, екінші жағынан қазақстандық дипломатты НАТО-ға қарсы тыңшылық жасады-мыс деп "ұстау" туралы қауесет қатар шығып отыр. Қытайға жасалған сапардың табысты аяқталуынан кейін де министрдің, кәсіпкердің және қауіпсіздік органдары өкілдерінің қамауға алынуы туралы "ертегі" пайда болған. Саясаттанушының пікірінше, мұндай ақпарат легін тек ішкі тартыстармен түсіндіру жеткіліксіз, себебі ол сырттан ұйымдастырылған арандатуға көбірек ұқсайды.

Бұл тек нұсқалардың бірі ғана. Саясаттанушы Ербол Еділов президенттің Жолдауы қарсаңында ел ішіндегі ақпараттық кеңістікте болған жағдайларға назар аударды. Еділов "болжамға" бармайтынын айтқанымен, Жолдау алдында бірқатар елеулі оқиғаларға көз жұмуға болмайтынын атап өтті. Оның пікірінше, соңғы күндері басты назарға түскен екі мәселе бар. Бірі сыртқы істер министрі, вице-премьер Мұрат Нұртілеудің "қамауға алынуы" жөніндегі ақпарат және бұрынғы бас прокурор Қайрат Қожамжаровқа қатысты қылмыстық істің қозғалғаны. Бұл екі оқиға бір-бірімен тікелей байланысты болмауы мүмкін, алайда олардың бір мезгілде болуы кездейсоқтық емес дейді Еділов.

Осы ретте саясаттанушы Ербол Еділов Нұртілеуге қатысты тараған қауесеттерді жай ғана фейк деп бағалады. 

Кімге тиімді?

Саясаттанушы Ербол Еділовтің пікірінше, Гүлнәр Бажкенованың еш дәлелсіз таратқан мәлімдемесі Мұрат Нүртілеудің премьер-министр болуына кедергі жасауға бағытталған деген көзқарастар бар.

"Шынымды айтсам, білмеймін. Дегенмен кейбір қоғамдық пікір көшбасшылары Гүлнәр Бажкенованың (''Орда'' бас редакторы) еш дәлелсіз таратқан мәлімдемесі Нұртілеудің премьер-министрлікке жолын жабуға бағытталғанын айтады. Дәл үкімет басшысы лауазымына, мемлекет басшысы емес. Мұрат Нүртілеу негізінен дипломат әрі Қазақстанның толық саяси және экономикалық тәуелсіздігінің сенімді жақтаушысы екенін ескерсек, ''Бұл кімге керек?'' деген сұраққа жауаптар барған сайын айқындала түседі. Мүмкін, ''Орда'' бас редакторы өзі "қолы сыймайтын жерге басын сұққанын да" аңғармаған болар", – дейді саясаттанушы Ербол Еділов.

Бұл жанжалдың нақты себептерін талдау қиын. Себебі тағы бір саясаттанушы Марат Шибутов өзінің Telegram-арнасында Гүлнәр Бажкенованың мұндай әрекеті арқылы өзін "құрбан" ретінде көрсеткісі келуі ықтимал екенін, сондай-ақ "Орда" редакциясындағы бірқатар мәселелерді алға тартып отырғанын болжады.

Бажкенованың өзі не дейді?

Ал Гүлнәр Бажкенова осы күнге дейін үнсіз жүрді. Тек бүгін, 8 қыркүйекте жолдау алдында ол өз мәлімдемесін жария етті.

"Сыртқы істері министрі Мұрат Нуртлеу бейсенбіден сенбіге дейін қай жерде болса да, ертең ол президенттің халыққа жолдауында костюм мен галстукпен келеді. Біз редакциямен бірге үлкен жұмыс атқардық, мен саяси тергеу жүргіздім. Барлық дәлелім бар, бейсенбіде не болғанын біліп, әділдіктің салтанат құратына сендім. Бірақ мен жеңілдім. Енді ғана маған Нұртілеу бостандықта деп хабарлады. Иә, кеше Украинамен сөйлессе, ал ертең парламентке келеді. Шынайы саясат осындай. Осымен біз бұл тақырыпты жабамыз", – деді Гүлнәр Бажкенова.

Фото: Гүлнәр Бажкенованың желідегі парақшасынан 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 08 Қыркүйек, 2025 19:02
Талқылау