“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
Фото: Екатерина Жанғаринаның жеке архивінен
29 жастағы Екатерина Жанғарина қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, қазір жас жұбайлар қос бүлдіршіннің ата-анасы атанып отыр. 50 жыл Ресейде тұрған корей қызының ата-анасы той болғаннан кейін көшіп келген. Қазір қыздың ата-анасы елордада тұрып, өздерінің жеке кәсібін де бастаған. Осы ретте Stan.kz тілшісіне корейлік ару қазақ отбасы оны қалай қабылдағанын және тойда неліктен ақ орамал тақпағанын айтып берді.
“Ата-анама 50 жыл бойы туып-өскен жерін тастау оңай болған жоқ”
Екатерина Жанғарина жолдасының тегін қабылдап, қазақ отбасының құндылықтарын өз өміріне сіңірген. Оның айтуынша, корей және қазақ халқының көп ғұрыптары бір-біріне ұқсас болғандықтан аса қиындық туындамаған.
"Жолдасымның ата-анасы мені өте жылы қабылдады. Жолдасымның екі кіші қарындасы бар, екеуі де ақылды қыздар, мені мейіріммен қабылдады. Танысар алдында өз ата-анама бұл жайында біртіндеп айттым, көбіне анаммен бөлісетінмін. Ол кісі ақырындап әкемді дайындады. Қазақ жігітіне тұрмысқа шығатынымды айтқанда, ата-анам менің шешіміме қарсы болған жоқ. Шетелге балаларын оқуға жіберген кез келген ата-ана түсінеді. Себебі балалары сол жақта өз тағдырын тауып, басқа ұлт өкіліне ғашық болуы мүмкін. Иә, әрине, 12 жыл бұрын қазақ жігітіне тұрмысқа шығып, Қазақстанға көшіп келемін деп ойламаппын. Ең қызығы, әжем кезінде Алматыда тұрған екен, кейін тұрмысқа шығып, Находкаға қоныс аударған", – деді Екатерина Жанғарина.
Екатерина Жанғаринаның өзі Ресейдің қиыр шығысында, теңіз порты деп саналатын Находка қаласында дүниеге келген. Әкесі де осы қалада, ал анасы Камчаткада туған.
“Ата-анамның Қазақстанға көшуі біз үшін үлкен оқиға болды. Олар Находкадан Владивосток арқылы Новосібірге, одан Астанаға ұшып, жиырма төрт сағатта жетті. Әкем 53-те, анам 49 жаста еді. Өмір бойы Находкада тұрған соң, жаңа елге бейімделу олар үшін қиын әрі қорқынышты қадам болды. Көшу туралы ұсынысты мен айттым, себебі сол кезде Қазақстанда тұратынмын. Алғаш рет ана атануға дайындалып жатқанымды естіген соң, мені жалғыз қалдырмау үшін ата-анам Астанаға түбегейлі көшіп келді”, – деді ол.
Фото: Екатерина Жанғаринаның жеке архивінен
“Енем маған ақ орамалдың орнына алтын түсті орамал жапты”
Екатерина Жанғарина мейірім мен сүйіспеншілікке толы отбасында өскенін айтады. Ал олар Астанаға көшкенде кенже інісінің жасы небәрі он үште болған екен. Ең қиын әрі сезімтал шақ болса да, ол бәрін еңсеріп шықты дейді Екатерина.
"Анам мен әкем студент кезінде университетте танысқан. Тағдырлары бір жағынан нағашы әжем мен атамдікін қайталайды, өйткені кезінде анамның ата-анасы да қыздарының артынан Камчаткадан қоныс аударған екен. Әке-шешем Астанаға көшіп келгенде оларға ең үлкен қолдауды қайын атам мен енем көрсетті. Екі жақтың арасындағы сыйластыққа бүкіл құдалар қызығады. Алла сол бірліктерін сақтасын! Бүгінде ата-анам Астанада жеке кәсіптерін дамытып жатыр", – дейді Екатерина Жанғарина.
Екатерина Жанғарина қазақ отбасына алғаш қонаққа барған сәтін және тойдағы қызық жайтты ерекше еске алады.
"Маған алғаш рет қазақ отбасының қонағы болғанымда екі үлкен шәугім сүті бар шай беріп, "құя бер" деді. Туыстар тым көп екен, бір жаққа құйып үлгерсем, екінші жақта шай таусылып қалады. Әлі бітірмей жатып, "тағы құй" деген дауыстар шығып жатады. Басында шынымен абдырап қалдым. Тойымызда да қонақтардың таңғалған кезі болды. Анам корей дәстүрімен фатамды шешіп берді, ал енем маған ақ орамалдың орнына алтын түсті орамал жапты. Өйткені корейлерде ақ орамалды тек жаназаға тағады. "Неге ақ емес?" деп жақтырмағандар болды. Бірақ енем дана кісі ғой, "мен алтын келініме алтын орамал жабамын" деп, қайырды", – деді Екатерина Жанғарина.
Фото: Екатерина Жанғаринаның жеке архивінен
Екатерина қазаққа тұрмысқа шыққаныма ешқашан өкінгенбегенін және бұл өміріндегі ең дұрыс шешім болғанын атап өтті.
"Кейбіреулер "неге қазақтар өз қыздарын бағаламайды да, басқа ұлттың қыздарына ерекше қарайды?" деп сұрайды. Бірақ мұндайды көрмедім. Мені күйеуімнің ата-анасы бірден туған қызындай қабылдады. Қайын атамды қатты сыйлаймын, ол әрдайым еркелетіп жүреді. Ал енеммен түні бойы әңгімелесіп, түрік сериалдарын көріп, тәттілер жеп, таңертең кеш оянатын кездеріміз көп. Ал күйеуім мені алақанына салып, еркелететін, бағалайтын адам. Қалай киінгім келсе, солай жүремін, ешқашан сөкпейді. Қыздар, қазақ жігіттері туралы айтылып жүрген өсектер – бос сөз. Ешқашан үй шаруасына мәжбүрлемейді, мен бәрін тек отбасым үшін, махаббатпен істеймін. Өмірімдегі ең үлкен бақытым – қазаққа тұрмысқа шығуым", – деді Екатерина Жанғарина.
Екатерина Жанғарина жүрегінің қалауымен Шанхайды таңдап, халықаралық құқық мамандығына оқуға түскенін айтады. Дәл сол қалада, студенттік жатақханада ол болашақ жарымен танысыпты. Ол кезде Екатерина бірінші курсқа енді ғана қабылданса, жігіт бакалавриатты аяқтап, магистратураға дайындалып жүрген екен. Екатерина қазір декреттік демалыста отырған ана. Дегенмен ол уақытын тиімді пайдаланып, сертификатталған фитнес-тренер атанып, нутрициологияны меңгерген. Сонымен қатар корей косметикасы мен дәрумендерімен айналысады.
"Ол ата-анасынан ең жақсы қасиеттерді бойына сіңірген. Айтқан сөзіне берік, уәдесіне адал жан. Бірақ мені ең қатты баурағаны – оның үлкенге, отбасына деген құрметі. Өз әке-шешесін соншалықты қадірлейтін адам маған да, менің отбасымыма да сыйластықпен қарайды деп бірден түсіндім", – дейді корейлік ару.
Фото: Екатерина Жанғаринаның жеке архивінен
Екатерина Астанада жеті жыл өмір сүргеннен кейін бұл қаланы ерекше жақсы көріп кеткенін мойындайды.
"Кейде тіпті бүкіл өмірімді осы жерде өткізгендей күй кешемін. Бұл қала менің екінші Отанымдай болып кетті. Балаларымыздың бір жас туған күнінде міндетті түрде корей дастарханын жасаймыз. Бұл қазақтардың тұсаукесеріне ұқсас дәстүр ғой. Әрқашан корей асын әзірлеп, бүкіл отбасымызбен жиналамыз. Жалпы, қазақ пен корей дәстүрлерінің арасында көп ұқсастық бар", – дейді ол.
Бүгінде жас отбасының екі баласы бар. Олар балаларын үлкенді сыйлауға, салт-дәстүрді құрметтеуге, жануарларға мейірімді болуға баулып келеді. Барлық мерекені қазақша да, корейше де атап өтеді.
"Бірақ басты назарды қазақ мерекелеріне аударамын, өйткені балаларымыз – қазақ. Ұлымызды атқа мінуді үйретіп жүрміз, ертең нағыз батыр болып өссін дейміз. Ал қызымызға "Қамажайға" деген сүйіспеншілікті баулып келеміз. Әрқашан жүректеріңізді тыңдаңыздар. Ұлтының қандай екені маңызды емес, ең бастысы – адамның жүрегі мен жан дүниесі. Шын сүйсеңіздер, "ұлты басқаға тұрмысқа шығамын ба?" деген ой болмайды", – деген ой айтады.
@zhangarina.katya Оставить все и уехать в след за единственной дочкой,так поступили мои родители! Подробнее про жизнь казахской Келинки есть у меня в инстаграме: zhangarina.katya подписывайся! 😍
♬ оригинальный звук - Katya

“50 жыл басқа елде тұрған ата-анам артымнан еріп, көшіп келді”: Қазаққа келін болып түскен корейлік ару жаңа отбасы туралы айтып берді
