Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
Фото: әлеуметтік желіден
Әлеуметтік желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырып жатқан видео тарады. Кейбірі мұны баланың тез сөйлеп кетуіне көмектеседі десе, дәрігерлер мұндай әдістің қауіпті екенін айтады. Балалар дәрігері, логопед-дефектолог Хилола Мұсабекова ырымның салдарын түсіндірді.
"Қазақ ырымы бойынша, нағашылары қойдың ішегімен қылқындырған"
Өңешін қылқындыру – қазақ халқының ертеден келе жатқан ырымдарының бірі. Бала сөйлейтін жасқа жетсе, бірақ тілі әлі шықпаса, оны нағашыларына апарып, қойдың ішегімен өңешінен қылқындырған. Бұл ырым "баланың тілінің шығуына көмектеседі" деп сенген. Әлеуметтік желіден осы ырымды жасаған адамдардың бірқатар видеосын табуға болады. Дегенмен бұл дәстүр қазақстандықтар арасында пікірталас тудырды. Бір қолданушылар ырымның пайдасы барын, оның еш әбестігі жоғын жазған.
“Бұрыннан келе жатқан дәстүр. Бала сөйлей алмай, "тілі шықпаса", оны ақырын ғана шошытқан, яғни кішкене күйзеліске түсіретін. Сол кезде балалар сөйлей бастайтын. Бұрын логопед деген болмаған кезде осылай емдеген. Бала қатты қорқып қалмасы үшін көбіне туыстарының бірі жасайтын. Әрине, баланы аздап қана шошытатын. Сондықтан жөнсіз нәрсе жаза бермей, әуелі тарихты, салт-дәстүрді зерттеп алған дұрыс”, – дейді желі қолданушысы.
Дегенмен оған қарсы шыққан қолданушылар ырымның ескірген әрі қауіпті екенін жарыса жазды.
“Біреу зардап шекпей тұрып, осындай емші-балгерлерді жауапқа тарту керек”, – деп жазды тағы бір қолданушы.
Этнограф Болат Бопайдың бұған дейін берген сұхбаттарында айтқан дерегі бойынша, бұрын, яғни медицина дамымаған кезде, қазақтар баланың тілін шығару үшін оның өңешін қылқындырып, ырымын жасағаны рас. Бірақ қазір пайдаланбаған дұрыс, себебі бала тұншығып қалуы, қан айналымы, жүйке жүйесі бұзылуы, ішкі мүшелері зақымдану мүмкін.
“Бұл әдісті медицина құптамайды”
Логопед-дефектолог Хилола Мұсабекова жұмыс тәжірибесінде осындай ырымға сенетін ата-аналарды жиі кездестіргенін айтады. Оның сөзінше, қой ішегімен қылқындыру баланың тілін ашпайды, қайта психологиялық және физикалық тұрғыдан қауіп төндіреді.
“Баланың анасы мен әкесі емес, күнде көре бермейтін нағашылары келіп, мойнын буындырса, ол қатты шошиды. Тіпті ата-анасына да бұлай жасауға болмайды. Онсыз да сөйлей алмай жүрген, эмоциясын жеткізе алмайтын бала үшін бұл – ауыр соққы. Қазіргі заманда, логопед пен дефектолог мамандар бар кезде мұндай әдіске жүгіну – өкінішті”, – дейді логопед-дефектолог.
Баланың тілі неге кеш шығады?
Логопед-дефектологтың сөзінше, әр бала әртүрлі жаста сөйлей бастайды, әрқайсының даму қарқыны әртүрлі. Дегенмен балалар көбіне алты-сегіз айында түрлі дыбыс шығарып, қысқа буындарды айта бастайды. Оған қоса атын атап шақырса, жалт қарап, эмоциялық байланыс орнатады. Бұл әрекеттер баланың ақырындап сөйлей бастап келе жатқанын көрсетеді. Егер ата-ана баласының қысқа сөздерді айтпаса не аз айтса, атын атағанда қарамаса, ешнәрсе мән бермейтінін байқаса, бірден балалар дәрігеріне, логопед-дефектологқа апарғаны жөн.
"Көп жағдайда аналар баласының тілі кеш шығып жатқанын бірден байқайды. Бірақ кейбір жақындары: “Әкесінің де тілі кеш шыққан ғой”, “тұқымда бар”, “көршінің баласы да сондай” деп ананың уайымын басып, тоқтатып тастайды. Бұл дұрыс емес. Әр бала – өз алдына жеке тұлға, әр ағзаның дамуы да әртүрлі. Сол себепті басқа балалармен салыстыруға болмайды. Әрине, бір айлығынан бастап уайымдамайсыз. Бірақ тілі кеш дамып жатқанын байқасаңыз, уақытты созбай дәрігерге қаралған дұрыс", – дейді маман.
Дәрігердің айтуынша, бала тілінің кеш шығуына бір емес, бірнеше фактор ықпал етуі мүмкін. Әрқайсысы ата-ананың да, баланың да күнделікті өміріне байланысты. Олар:
Бірінші себеп – екітілділік. Отбасында бір мезетте екі тіл қолданылса немесе үйде ата-анасы қазақша сөйлеп, балабақшада тәрбиеші орысша тілде қарым-қатынас құрса, бала сөйлеуге қиналуы мүмкін. Ана тілін толық меңгермей жатып екінші тілді қатар игеру ол үшін ауыр болуы ықтимал. Мұндай жағдайда бала сөздерді шатастырып, сөйлем құрауға қиналады.
Екінші себеп – мәжбүрлеу. Баланы үнемі бір сөзді қайталатып, еркінен тыс сөйлетсе, керісінше, зиянын тигізуі ықтимал. Балаға қысым жасалған сайын ол сөйлеуге құлықсыз болып, тілі кеш шығады.
Үшінші себеп – назарсыз қалу және гаджетке тәуелді болуы. Қазіргі таңда көптеген ата-ана баласын смартфонмен оңаша қалдырады. Ал балаға ең қажеттісі – тірі қарым-қатынас. Егер онымен ересектер сөйлеспесе, ойын бөліспесе, бірге ойнамаса, бала тілдік ортадан тыс қалады. Балабақшада да, үйде де оған жеткілікті көңіл бөлінбесе, балада сөйлесуге деген қажеттілік қалыптаспайды.
Төртінші себеп – неврологиялық және медициналық факторлар. Жүктілік кезінде ананың денсаулығында болған қиындықтар, босану барысындағы асқынулар, сондай-ақ баланың құлақтағы ақаулары – барлығы да тілдің кеш шығуына әсер етуі мүмкін. Мысалы, есту қабілетінің нашар болса, баланың тілі дұрыс шықпауы мүмкін. Сондықтан мұндай күдік болса, маманға тексерткен жөн.
Бесінші себеп – шамадан тыс қамқорлық. Кейде ата-ана баласының бар тілегін орындап, жағдайын жасап, шамадан тыс қамқорлық көрсетеді. Мұндай жағдайда балаға сөйлеп, өз ойын білдірудің қажеті болмай қалады. Уақыт өте келе ол сөз айтуға тырыспай, сөйлеуді кейінге ысырып қояды.
“Логопед-дефектолог маман ретінде айтарым, тілі шықпай жатқан балаға артикуляциялық, яғни тіл жаттығуларын жасатқан дұрыс. Мұндай жаттығуларды ата-ана интернеттен немесе Youtube-тан тауып, үйде де өз бетімен жасай алады. Дегенмен оған дейін баланы міндетті түрде тиісті маманға көрсетіп алған жөн”, – дейді дәрігер.

Желіде тілі шықпаған баланы қой ішегімен қылқындырғандардың видеосы тарады: Логопед-дефектолог ырымның үлкен қаупін айтты
