Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Талап орындалмағалы 10 жыл болды": "Қазақстан темір жолы" компаниясының жұмысшылары бас көтерді

Қарағанды облысында "Қазақстан темір жолы" компаниясының жүздеген жұмысшысы наразылыққа шықты. Айтуларынша, ұлттық компания өкілдері олардың талаптарын 10 жылдан бері орындамай келеді. Күннің аптап ыстығы мен қақаған аязына қарамастан шойын жолды жөндеп жүргендердің басты талабы – зейнет жасын қысқарту. Сондай-ақ жиналғандар жалақыларын көтеруді, тиісті экологиялық өтемақыны төлеп беруді сұрады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасына сілтеме жасап.

темір жолшылар

Шойын жолды жөндейтіндер жұмыстарының ауырлығына қарамастан соған сай еңбекақы төленбейтінін айтады. Сөздерінше, еңбек өтілі де есепке алынбайды. Ал он жыл бойы жел өтінде жүріп, зиянды аймақта жұмыс істегендерге басшылық бірде-бір рет экологиялық өтемақы төлемеген екен. 

"Бізде жұмыс өте ауыр. Әр жерде экология әртүрлі. Экологиялық төлем ретінде зейнетақы аударуды, зейнетке шығу жасын 57 жасқа өзгертуді сұраймыз. Қыста суықта жүреміз, жазда ыстықта жел. Маңғыстаудың экологиясы бөлек, Қызылорданыкі бір бөлек. Сексеуілдікі мүлдем басқа. Ал Достық шаң. Осындай жағдайда жұмыс істейміз", – дейді жұмысшы Серік Жахин. 

"16 жылдан 20 жылға дейін жұмыс істесеңіз, 20-50% жалақы қосылатын. Соны бізге қайтадан қайтарып қосып берсе, дұрыс болар еді. Өйткені қазір біздің мекемеде келіп кететін адам көп", – деп қосты Асхат Қожақаев. 



Ұлттық компанияға қарасты шойын жолдың кем-кетігін жөндеумен айналысатын мекемеде қазір 550 адам жұмыс істейді. Оның 20%-ы 30 жылдан бері еңбек етіп жүргендер. Жастары 60-қа жақындаған жұмысшылар зейнет жасын қысқартуды талап етеді. 

"Зейнетке шығу жасын төмендетсе. 63 жасқа жете ме, жетпей ме, бір Алла біледі. Құдай қуат берсін деймін. Соны төмендіп, тым болмаса 57 жасқа өзгертсе, үмітіміз үзілмес еді",  – дейді жұмысшы Нұртас Бекқожин.

Ал компания өкілдері "Қазақстан темір жолы" мен ұжым арасында 2021-2023 жылдарға арналған шарт бар дейді. Бұл құжатта еңбекақы, үстеме ақылар мен әлеуметтік пакет қарастырылған екен. Мәселен, тек өткен жылы ғана жалақы 20%-ға көтерілді дейді. Айлық мәселесі әлі де шешілетінін айтады. 

"Биылғы қаңтардан бастап қызметкерлердің дәрежесіне сәйкес 30-40% қосылды. Жалпы компания бойынша бұған жетпіс миллиард теңге қарастырылған. Барлық әлеуметтік мәселелер ұжымдық шартқа сәйкес кезең кезеңмен шешімін табады. Нақты зейнеткерлік жасқа қатысты айтатын болсақ, тиісті хат мемлекеттік органдарға жіберілді", – деп түсіндірді "Қазақстан темір жолы" Ұлттық компаниясының магистральдық желі дирекциясы филиалының департамент директоры Руслан Барбасов. 

Бұдан бөлек, экологиялық төлемдер де қарастырылған екен. Олар міндетті түрде экологиялық ахуалы нашар аймақта тұратын және сол жерде жұмыс істейтін қызметкерлерге төленеді.

Талқылау