Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Діннен бейхабар адамдарды тартады": Маман тыйым салынған "Таблиғи жамағаттың" азаматтарды қалай адастыратынын айтып берді

жастарды ұйымға тартып жатыр

Фото: Stan.kz/ChatGPT арқылы жасалды

Қазақстанда экстремистік немесе террористік деп танылған 21 діни ұйымның қызметіне заңмен тыйым салынған. Солардың бірі – тәуелсіздік алған жылдары елге кіріп, үнсіз насихат жүргізген "Таблиғи жамағат" ұйымы. Осы орайда Stan.kz тілшісі аталған топтың идеологиясы мен дін тарату тәсілдері жайлы маманнан мән-жайды сұрап білді. 

Жалпы "Таблиғи жамағат" ұйымы 1926 жылы Үндістанда құрылған. Оның негізін Мұхаммед Ілияс Кандеһләуи қалаған. Ал Қазақстанда бұл ұйымға сот шешімімен 2013 жылы тыйым салынды. Осы орайда Дінтану институтының жетекші ғылыми қызметкері Алмасбек Шағырбай аталған ұйымның Қазақстанда таралуы мен насихаттау әдістерін тарқатып айтып берді. 

Бастапқыда мешіттерде насихат жүргізді

Алмасбек Шағырбайдың айтуынша, бұл ұйым Қазақстанға тәуелсіздік жылдары келіп, 2000-жылдары белсенді жұмыс істеген. Олар біздің елімізде ғана емес, көрші мемлекеттерде де тараған екен. 

"Таблиғи жамағат" – дін таратушы ұйым. Олардың түпкі саяси мақсаты беймәлім. Бізге белгілісі, олар кез келген адамға дінді уағыздап, жеткізуге тырысады. Ұйым өкілдері Қазақстан ғана емес, көрші мемлекеттерде де болды. Қырғызстанда бұл ұйым ресми түрде тыйым салынған топтар қатарына енгізілмеген. Осылайша ол көрші мемлекеттер арқылы бізге де келді. Алғашында таблиғи жамағат өкілдері өз қызметін мешіттерде жүргізді. Оны мешіт қызметкерлері "адамдарды дінге шақырып, жақсы дүние жасап жатыр" деп түсінді. Уақыт өте келе көпшілік мешіттерге шағым айтып келе бастаған. Олардың әрбірі ағасын, інісін, жұбайын іздеп келді. Сол кезде мешітте жүрген адамдардың 3 күнге, 1 аптаға немесе 40 күнге дағуат жасауға, яғни дін тарату мақсатында басқа қалаға, мемлекеттерге кеткені белгілі болды", – дейді дін маманы. 

Дін маманының сөзінше, қазір Қазақстанда бұрынғымен салыстырғанда ұйым мүшелерінен қатты белсенділік байқалмайды. Дегенмен олар өз ортасына діннен бейхабар адамдарды тартады екен. 

"Ұйымның насихат жасау әдісі топпен немесе жекелей жүзеге асырылады. Олар көшелерде кездескен адамдарға "Алладан басқа жаратушы жоқ, Мұхаммед оның елшісі" деген кәлиманы айтқызады. Діннен хабары жоқ адамдарға жаратушы туралы уағыз айтады. Олар белгілі бір жүйелі, қасиетті кітаптардағы деректерге сүйенбейді. Өздері жаттап алған дүниені шеңбер сияқты жиналып отырып, кезекпен айтады. Насихаттағы әдістері көп жағдайда көшеде, қоғамдық орындарда жүргізіледі. Сосын діннен бейхабар немесе жаңадан бет бұрған адамдарды тартады. Ұйым мүшелері тек “Алла жолында жүрміз, ешқандай материалдық пайда көздемейміз” деп айтады. Көп жағдайда мешіттерді жағалап жүреді", – дейді маман. 

Дін маманының айтуынша, олардың көзқарасы мен насихатының Әбу Ханифа мазһабынан айырмашылығы жоқ. Басты айырмашылығын, көп жағдайда  ұйым өкілдері аппақ киім киіп жүреді екен. 

Алмасбек Шағырбайдың айтуынша, қазір Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы бейресми діни ағымдардың мешіттерде уағыз жүргізуіне тосқауыл қою мақсатында тәртіпті күшейткен. Енді мешітте уағызды ресми имамдар мен тағайындалған ұстаздар ғана айта алады. Бұл "Таблиғи жамағат" секілді ұйымдардың мешіттерде еркін насихат жүргізуіне тосқауыл қою үшін енгізілген. 

Өмір сүру салтының исламға қарама-қайшы келетін тұстары бар

Сондай-ақ дін маманы ұйым өкілдерінің өмір салты қалай екенін түсіндірді. 

"Жалпы дінге шақырған кезде көпшілігі "Таблиғи жамағат" адамдарды жақсылыққа, дінге шақырып жатыр" деп ойлайды. Бірақ олардың өмір сүру салтының исламға қарама-қайшы келетін тұстары бар. Мәселен, ол ұйымның өкілдері киіміне мән бермей, кір-қожалақ жүре береді. Олар дінді уағыздаймыз деп кез келген мешітте, жағдай жасалмаған орындарда қонады. Осылайша бір өңірден, екінші аумаққа көшеді. Тағы бір айта кетері, ұйым мүшелері дағуатқа кеткенде отбасын материалдық тұрғыда қамтамасыз етпейді. Сосын жұбайы "Алланың үкіміне қарсы шығып жатсың" деп талақ айтып, ажырасып кетеді. Бұл да шариғатта құпталатын мәселелерге жатпайды”, – дейді дін маманы. 

Маман дінді жеткізудің өзіндік әдіс-тәсілі барын, ол үшін қоғамға зиян келтірмейтін жолды таңдау керегін айтты. 

Алмасбек Шағырбай осыған ұқсас ағымдарға кіріп кетпес үшін жастарды діни сауатты болуға шақырды. 

"Таблиғи жамағатқа" мүше болып, кейін одан бас тартқандар да бар. Олардың тағдырынан елеулі бір айырмашылық, өзгеріс байқамадық. Енді дінге қызығушылық танытқан отандастарымызға айтарым, ең әуелі діни сауат болу керек. Діни сауатымызды арттыру арқылы, діннің, ағымдардың, дәстүрлі емес ағымдардың ақ-қарасын ажырата аламыз. Сол кезде ғана осындай әртүрлі ағымдардан, ұйымдардан келетін зиянның алдын аламыз. Ол үшін бірінші кезекте мамандардан кеңес алған жөн. Көбіне адамдар мәселенің шешімін әлеуметтік желіден іздейді. Оның орнына мамандардан сұрасақ, қателіктерге бой алдырмаймыз", – дейді маман. 

Дін маманы мүфтиятта имамға сұрақ деген айдар, бағдарламалар барын, оларды жүктеп, кез келген уақытта мамандарға жүгінуге болатынын жеткізді. Сондай-ақ рұқсат етілген әдебиеттерді оқуға кеңес берді. 

Жұмаділлә Нұрила
Жұма, 25 Шілде, 2025 21:53
Талқылау