Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Табыстың 95%-ы жеке компанияға кетеді": Астаналық кәсіпкерлер әкімдікті ақылы тұрақтар үшін сотқа берді

Нұр-Сұлтанда кәсіпкерлер ақылы тұрақтардың кесірінен клиенттер келмей, пайдаларынан айырылатынын мәлімдеді. Сөздерінше, бір ғана бизнес орталық клиенттер болмағандықтан жылына 10 миллион теңгеден қағылады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Хабар арнасына сілтеме жасап. 

тұрақ

Бұдан бөлек кәсіпкерлер астананың даму бойынша жоспарының ережелері мен мемлекеттік-жекеменшік серіктестік талаптарын бұзғаны үшін ақылы тұрақтардың көбеюіне қарсы шықты. Бизнесмендер бірнеше рет кәсіпкерлер палатасына өтініш білдіріп, Кедергілер бойынша кеңес те құрған. Мұнда олар әкімдіктен тұрақ алаңдарының тізімі мен шарттарын қайта қарауды сұраған. Себебі тұрақтардың толығымен монополистердің қолында екенін айтады.

“Біз әлі күнге дейін шығындарымызды есептеумен келеміз. Бизнес орталықтар мен тамақтану орындарының табысы азаюда. Өйткені келушілер тұрақтың ақылы екенін көріп, басқа жерге баруды ұйғарады. Ал бизнес болса, зардап шегеді. Мәселен, 2 мың адамға шаққан бизнес орталығы жылына шамамен 10 млн шығынға ұшырайды”, – деді кәсіпкер Қайрат Көкенов. 

Осы және өзге де шағымдармен бизнес өкілдері Ұлттық кәсіпкерлер палатасына барған. Мұнда әкімдік қызметкерлері мен тұрақ үшін ақы алатын компания өкілдері де шақырылды. Олар ақылы тұрақ неге кәсіпкерлерге берілмейтінін және неліктен оған бір ғана компания жауапты екенін былай түсіндірді.

“Әкімдікке бір ғана адаммен жұмыс істеген ыңғайлы. Себебі қаламызда бизнес орталықтар көп. Біз әрқайсысының қас қабағына қарап, бәрімен келісе бермейміз. Сондықтан бір ғана серіктесті таңдадық. Ал жерді кәсіпкерлерге бермейміз. Өйткені жөндеу жұмыстарын өткізу керек болса, арты дауға айналуы мүмкін”, – деді қалалық "Көлік және жол-көлік инфрақұрылымын дамыту басқармасы" ММ басшысының орынбасары Ержан Диханбаев. 

Ал "Астана көлік тұрағы кеңістігі" серіктестігінің басшысы соңғы жылдары компания шығынға батып жатқанын айтты. Сөзінше, құйылған 2,5 млрд теңгенің тек 100 млн ғана ақталған.

“Сізде 2 млрд астам шығын бар ма? Бұл – жобаның құны, біздің инвестициямыз. Мен – құрылтайшысымын. Мұндай қаражатты алу үшін банкке жүгініп, несие алдым. Бірақ әлі төлем жасаған жоқпын”, – деп мәлімдеді "Астана көлік тұрағы кеңістігі" ЖШС директоры Шыңғыс Досыбаев.

Қалалық әкімдік 4 жылда ақылы автотұрақтардан 1,7 млрд теңге тапқан. Қазіргі уақытта қала бойынша  5 700 тұрақ ақылы негізде. Ал жыл соңына дейін оның санын 10 мыңға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Кәсіпкерлер айыппұлды есепке алмағанда, түсетін табыстың 95% неге мемлекетке емес, жеке компанияға кетіп жатқанын түсінбейтіндерін айтады.

“Жалға алып отырған өз жерлерін мерзімі біткеннен кейін оны қайта аудартуға мүмкіндік бермей, ол жерлердің бәрі әріптестікке берілді. Туризмді дамытатын жерге қарсы емеспіз, әріптестіктің өзінің шығындары болу керек қой. Ол жерді жергілікті әкімдіктің қызметкерлері тазалайды, қара жолды жүргізеді. Ал оның барлық шығыны кәсіпкерлер мен жергілікті атқарушы билік тарапынан жүргізіліп жатыр”, – қалалық Кәсіпкерлер палатасының директоры Бейсен Жолболдиев. 

Бизнес өкілдері бұл мәселенің нүктесін сотта қоймақшы. Шенеуніктер мен жеке монополистік компанияның әрекетіне баға бері үшін олар қазірдің өзінде сотқа жүгінді.

Талқылау