Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Табысы жылына 3 млрд долларға дейін: Ел байлығының тең жартысы 162-ақ адамның қолында

Ел байлығының тең жартысы 162-ақ адамның қолында. Кейбірінің табысы жылына 3 млрд долларға дейін жетеді. Елде элитаның болғаны дұрыс қой, бірақ сарапшылар бай мен кедейдің арасындағы алшақтық өте қауіпті дейді. Және сол сарапшылар Қазақстан байлығының жартысына иелік етіп, дәулетке шаш етектен кенелгендерді шетелдік олигархтармен де салыстырып көрді.

Табысы жылына 3 млрд долларға дейін: Ел байлығының тең жартысы 162-ақ адамның қолында

KPMG есебінен алынған дерек бойынша,12 085 857 адамның 96,6 проценті (11 711 334 адам) жылына 10 мың доллардан аз. 2,7 проценті (326 322 адам) жылына 10 мың мен 100 мың доллар арасында. 0,35 проценті (42 301 адам) жылына 100 мың доллардан миллион долларға дейін табыс табады.
0,001 проценті немесе 162 адам жалпы байлықтың 55 пайызына ие. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Олардың ішінде 112 адам жылына 80 млн долларға дейін табыс табады. 45-і 800 млн доларға дейін, 2-3 адам 2-3 млрд долларға дейін табады.

Зерттеуді әлемдегі беделді компаниялардың бірі жүргізген. Олар аудит пен консалтинг қызметтерін ұсынады екен. Мәліметтеріне қарағанда елдегі бар байлықтың жартысы 160 адамның қолында. Нақты есімдерін байқамадық есептен. Тек посткеңестік елдерге тән құбылыс екенін оқып қалдық. Оны ғаламторды аралай келіп, кейбір мақалалардан да көруге болады.

"Ресей халқының 10 проценті елдегі барлық байлықтың 65 процентіне иелік етіп отыр. Бар байлықтың жартысы халықтың небәрі 1 процентінің қолында", - деді әлеуметтанушы Григорий Юдин znak.com порталына берген сұхбатында. 

Бізде 0,001 болса, теріскейдегі көршіміз Ресейдің жарты байлығы 1 проценттің қолында. Тағы сол есепте елімізде орта таптың мүлде аз екені жазылған. Оның экономикаға келтірер кедергісі бары көрсетілді. Жылына 1 млн долларлық табыспен мақтана алатын адамдардың үлесі елімізде 3 процентке жетеғабыл. Дамыған АҚШ пен Ұлыбританияда ол 70 проценттің үстінде. Бағамдай беріңіз. Біздегі алшақтық өте қауіпті екенін экономистер айтуда. Олигархтарды қаржыны шет асырмай, елге инвестициялауға шақыруда.

"Халықтың арқасында халықтың байлығының арқасында осындай дәрежеге жеткен олигархтар ең бірінші кезекте тапқан табыстарының кем дегенде 60-70 пайызын өзінің отанына Қазақстанға салғанда ғана біз жаңағындай қайшылықтардың туындауының алдын ала аламыз. Әйтпесе ол бір күн болмаса, бір күні үлкен әлеуметтік жарылысқа әкеледі деп айтуға болады", - дейді экономист Бауыржан Ысқақов.

Есепте байлардың есімі көрсетілмеген деп едік. Бай десе бірден форбс тізімі еске түседі емес пе. 4 ай бұрын шыққан елдің ең ауқатты елу тұлғасы тізіміне зер салайық.

2019 жылғы рейтинг бойынша, бірінші орында метал өндірісі мен қаржы саласында кәсіп дөңгелетіп жүрген Владимир Ким. Капиталы 4 млрд 500 млн долларға бағалануда.

Екінші орында бірнеше банкте, мобильді оператор компанияларында акциялары бар, бірнеше бизнес орталықтардың иесі Болат Өтемұратов. Капиталы 3 млрд 400 млн доллар.

Үшінші және төртінші орында Тимур Құлыбаев пен Динара Құлыбаева тұр. Бірнеше бизнес орталықтар, Холдинктік компаниялары бар жұптың әрқайсысы 3 млрд 100 млн долларлық капиталға ие.

Бесінші орында Алиджан Ибрагимов. Негізгі кәсібі металл өндірісімен байланысты. Капиталы 2 млрд 300 млн долларға бағаланған.

Алғашқы бестіктен кейінгі тұлғалардың капиталы 1 млрд долларға жетпейді. Олардың арасында Рашид Сәрсенов, Нұрлан Смағұлов, Кеңес Рақышев, Қайрат Боранбаевтар бар.  

Экономист Бауыржан Ысқақовтың сөзінше, шетелдік олигархтар қайрымдылық шаралар немесе жұмыс орындарын ашу арқылы ел арасында жағымды имидж қалыптастырады. Ал біздегі кей бай-бағландар инвестиция құймақ түгілі коммуналдық ақы, салық сияқты төлемдерден жалтарады я болмаса тойда айфоннан шашу шашады.

Талқылау