Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстан басқа елдер секілді азаматтарына Ресейге бармауға кеңес бере ме – Сыртқы істер министрлігі жауап берді

Қазақстан өз азаматтарына басқа елдер сияқты Ресейге бармауға кеңес беруі мүмкін бе. Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров осындай сұраққа жауап берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: ТАСС

Бір күн бұрын Қырғызстан мен Тәжікстан сыртқы істер министрліктері азаматтарына аса қажет болмаса, Ресейге барудан бас тартуды ұсынды. Оған Қырғызстан азаматтарын Ресеге кіргізуден жаппай бас тартып жатқаны себеп болған. Сондай-ақ желіде "Крокус Сити Холл" шабуылынан кейін Орталық Азия елдерінің азаматтарына деген үрей артқаны туралы хабарламалар тарады. 

"Достық, одақтастық және стратегиялық әріптестік қағидаттарына негізделген Қазақстан-Ресей қатынастары – көп қырлы мемлекетаралық ынтымақтастықтың үлгісі. Біздің пікірімізше, Қазақстан-Ресей шекарасында қандай да бір мәселе жоқ. Біздің Ресейдегі, Мәскеудегі дипломаттарымыз жергілікті билікпен, сыртқы істер министрлігімен, шекара қызметімен үнемі байланыста және азаматтарымыздан жаппай ұстап жатқаны, құжаттарды тексеріп жатқаны туралы ақпарат түскен жоқ. Тіпті тоқтатып, тексерген күннің өзінде қауіпсіздік мақсатында болып жатыр", – деді Айбек Смадияров министрлікте өткен брифингте.

Ол қазақстандықтарды жергілікті билік ережелерін, сондай-ақ осы елдің заңдарын сақтауға шақырды.

Ресми өкіл шекараның ашық екеніне және одан заңды түрде өтсе, қазақстандықтарда ешқандай мәселе туындамауға тиіс деп сендірді.

Бұған дейін Ресей қорғаныс министрлігі өз әскерінің стратегиялық емес ядролық қаруды қолдану дайындығын тексеру үшін Оңтүстік әскери округінде жаттығулар өткізетіні хабарланды.

Талқылау