Темір қалдығын жерге көмді деп айыпталған "КазФерроСтальдің" айыппұлы 11 миллиардтан 880 миллионға азайды
Фото: Видеодан скрин
Әлеуметтік желіде Қазақстандағы қара металл сынықтарын қайта өңдейтін ең ірі кәсіпорындардың бірі "КазФерроСталь" ЖШС Кіші Алматы өзенінің жағасына ірі көлемде темір қалдықтарын көмгені туралы ақпарат жарияланды. Экологиялық инспектор Дінмұхамед Лесбеков "КазФерроСталь" ЖШС-ін жауапкершілікке тарту үшін хаттама толтырып, әкімшілік сотқа жолдаған. Кейін кәсіпорын 11 миллиард 477 миллион теңге айыппұл арқалағыны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Kozachkov offside Telegram арнасында жарияланған ақпаратқа сәкес, металл заңсыз төгілген жердің жалпы ауданы 3 гектардан асып кеткен. 2025 жылғы наурыз айының соңында судья Сауле Спандиярова "КазФерроСталь" ЖШС-ін ӘҚБтК-нің 344-бабы 2-бөлігі бойынша айыпты деп танып, 11 миллиард 477 миллион теңге көлемінде айыппұл салу туралы шешім шығарды.
Осыған байланысты Stan.kz тілшісіне "КазФерроСталь" кәсіпорнының адвокаты Жания Бодау пікір білдіріп, әлеуметтік желіде тараған ақпаратты жоққа шығарды. Оның айтуынша, Кіші Алматы өзенінің су қорғау аймағы жалпы пайдалану жерлеріне жатады және "КазФерроСталь" ЖШС жер учаскесімен шектеседі.
“2020 жылғы 25 тамызда кәсіпорын, "Металлокомплект" ЖШС және Алматы қаласы Түрксіб ауданы әкімдігі арасында Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық инфрақұрылымын дамыту бойынша өзара ынтымақтастық туралы Меморандумға қол қойылды. Оған сәйкес, топырақтың опырылып түсуін алдын алу үшін жағалау сызығын бекіту және әлеуметтік мақсаттағы нысандарды (балалар алаңы, футбол алаңы және демалыс аймағы) салу шаралары көзделген. Орын ауыстыруы мүмкін әлсіз топырақ опырылмас үшін 2022 жылы сәуірде "КазФерроСталь" жағалау сызығын әртүрлі құрылыс материалдарымен, оның ішінде шлакты қиыршық таспен (қауіпсіз қалдықтан алынған, жасыл технология шеңберінде өндірілген екінші реттік өнім) бекіте бастады”, – дейді адвокат.
Кәсіпорын қорғаушысының сөзінше, тексеруші Дінмұхаммед Лесбеков кәсіпорын су қорғау аймағында балқыту шлагын 125 616,43 текше метр көлемінде рұқсат құжаттарынсыз көміп тастаған деген қорытындыға келген.
Осылайша, "КазФерроСталь" бір құқықбұзушылық үшін үш рет жауапкершілікке тартылған.
Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 344-бабы 2-бөлігіне сәйкес, санкция экономикалық пайданың 200%-ына тең, яғни бұл 11 477 458 870 теңге.
“Тексеру нәтижелері актісінде қалдықтарды көму фактісі 2022 жылғы 19 сәуір мен 28 сәуірде анықталғаны көрсетілген. Экологиялық кодекстің 176-бабының 3-бөлігіне сәйкес, экономикалық пайданы есептеу қалдықтарды көму фактісі анықталған күннен бастап бір ай ішінде уәкілетті тұлға тарапынан жүргізілуге тиіс. Алайда бұл мерзімді бұзып, Лесбеков экономикалық пайда сомасын 2022 жылғы 16 маусымда есептеген. Бұл ретте мерзім тиісінше 2022 жылғы 19 мамыр және 28 мамырда аяқталған. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 806-бабының 8-бөлігіне сәйкес, 344-баптың 1 және 2-бөліктеріндегі әкімшілік құқықбұзушылық туралы хаттама экономикалық пайда мөлшері анықталған сәттен бастап, бір тәулік ішінде жасалуға тиіс. 2022 жылғы 16 маусымдағы экономикалық пайда есебі мен 2022 жылғы 24 маусымдағы хаттама оларды жасау мерзімдері өтіп кеткендіктен жарамсыз”, – деді Жания Бодау.
Қылмыстық іс 5 рет тоқтатылып, қайта жаңғыртылды
2022 жылғы 24 маусымдағы хаттама негізінде қозғалған әкімшілік іс 2022 жылғы 8 қыркүйекте Алматы қаласының әкімшілік құқықбұзушылықтар жөніндегі сотының қаулысымен қылмыстық жазаланатын әрекет белгілерінің болуына байланысты тоқтатылған.
“Қылмыстық іс 5 рет тоқтатылып, қайта жаңғыртылды. Соңғы қаулыға сәйкес, 2025 жылғы 3 ақпанда қылмыстық кодекстің 328-бабы, 1-бөлігі (Су айдындарын ластау, қоқыстау немесе таусылуына жол беру") бойынша қылмыстық іс Қылмыстық кодекстің 35-бабының 1-бөлігі 2-тармағына сәйкес – қылмыстық құқықбұзушылық құрамының болмауына байланысты (Экологиялық залал мен антропогендік әсердің болмауы) тоқтатылды. Соған қарамастан, 2025 жылғы 21 ақпанда Департамент сол бір факті бойынша жаңа хаттама толтырды. 2025 жылғы 31 наурыздағы Алматы қаласы мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотының қаулысымен кәсіпорынға 11 477 458 870 теңге көлемінде айыппұл салынды (экономикалық пайда сомасы – 5 738 729 435 теңге × 200%). Алайда 2025 жылғы 13 мамырдағы Алматы қалалық сотының қаулысымен айыппұл 878 812 544 теңгеге дейін азайтылды. Бұл шешім сот сарапшысының қорытындысына негізделді, ол экономикалық пайданы 439 406 272,14 теңге деп есептеп, 200%-ға көбейткен”, – делінген жауапта.
Сот үкіміне сілтеме жасаған адвокат Жания Бодау Дінмұхамед Лесбековтің экономикалық пайданы шектен тыс асырып көрсетуі преюдиция ретінде танылғанын айтты.

"Жалаң қылышпен танктерге қарсы соғысқан": Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде жойылып кеткен 106-шы атты әскери дивизия туралы не білеміз
