Түсірілім алаңында мерт болған актерлармен таныс болыңыздар (фото)
Кинематография тарихында актерлардың өлімімен аяқталған қайғылы оқиғалар аз емес.
Брюс Ли. 1973 жылдың 20 шілдесінде актер Гонконгта “Игра смерти” фильмінің түсірілімінде болатын. Аяқ астынан Голден Харвест киностудиясының павильонында құлап қалған Брюс ауруханаға жеткізілді. Онда оған «мидың ісінуі» диагнозы қойылды.
Болжам бойынша Брюс Ли құрамында аспирин және мепробамат бар бас дәрісін қабылдаған.
Алайда көз жұмған актердан ешқандай анализ алынбаған. Сол себепті жұрт оның дәріден уланып өлгеніне күмәнмен қарайды. Брюс Ли қаза болғаннан кейін оны қасақана өлтірген деген қауесет тарады. Бұл ақпарат сол күйі расталған жоқ.
Брюс Лидің қазасына бүкіл қала қара жамылды. Достары мен мыңдаған жанкүйерлері құрмет көрсетіп, оның денесін Сиэтл қаласына жіберді. Онда отбасы мен жерлестері марқұмды соңғы сапарына шығарып салған.
Брэндон Ли. Гонконгтық және американдық актер, әскери өнер шебері әрі Брюс Лидің ұлы 28 жасында түсірілім алаңында қайтыс болды.
Намыс пен жаза тақырыбындағы комикс «Ворон» фильмі актердің «жұлдызды мәртебесін» одан әрі асыра түсуі керек еді.
Түсірілімнің соңғы күндері болатын. 31 наурыз күні бас қаҺарманға от атылып, ішінен жарақаттанды. 44 калибр револьверінен оқ атқан актер жағымсыз рөлде ойнаған Майкл Масси еді. Масси атқан оқ Брэндонның ішін тесіп өтіп, омыртқасында тұрып қалған. Салдарынан актер көп қан жоғалтқан.
12 сағат өткен соң актер Солтүстік Каролина, Вилмингтондағы ауруханада көз жұмды.
Брэндон өзінің үйлену тойына небәрі 17 күн қалған кезде қайтыс болды. Ол Элиза Хаттонмен түсірілім жұмыстары аяқтала салысымен шаңырақ көтеруі тиіс еді.
Актердің өлімі енген кадрлар фильмде жоқ. Таспа жойылып, аталмыш көрініс дублердің қатысуымен қайта түсірілген. 1993 жылдың 3 сәуірінде актердің жерлеу рәсімі жабық түрде өтті. Ол да Брюс Ли сияқты Вашингтон көлінің жағалауындағы «Лэйк-Вью» зиратына жерленді. Ол жерді Брэндонның анасы алдын-ала өзі үшін алып қойған екен.
Джон-Эрик Хексам. Танымал актер, сұранысқа ие модель әрі талай қыздың арманы болған Джон-Эрик 1984 жылы “Скрываемый факт” телехикаясының түсірілімінде көз жұмды.
«Магнум» 44 калибрін шекесіне тақаған ол абайсызда өзін өзі атып жіберген.
Нәтижесінде актердің бас сүйегінің жартысы жойылып, көп қан жоғалтқан.
Тайрон Пауэр. 1930-1950 жылдары “Соломон и царица Савская” фильміне түскен американдық актер классикалық голливудтық фильмдердегі романтикалық образдарымен танымал.
44-жастағы Пауэр түсірілім барысында дуэльге түскен кезде жүрек талмасына ұшыраған. Актер ауруханаға жетпестен көз жұмды.
Марта Мэнсфилд – әзілді фильмдерде ойнаған актриса әрі американдық мылқау киносының жұлдызы.
1923 жылдың қарашасында “The Warrens of Virginia” фильмінің түсірілімі барысында Мэнсфилд көлікте отырған еді. Бейтаныс адам абайсызда көліктің салонына сіріңкені лақтырып жіберген.
Мэнсфилдтің көйлегі тез арада отқа оранып, актрисаның денесін күйік шалған. Актриса тез арада ауруханаға жетізілгенімен, бірнеше тәуліктен кейін көз жұмған.
Джон Риттер. Актер “Трое – это компания” фильміндегі Джек Триппердің рөлімен танымал. Сонымен қатар, ол “Шоу Боба Ньюхарта”, “Шоу Косби”, “Баффи – победительница вампиров” және “Клиника” сынды фильмдер мен телехикаяларда эпизодтық рөлдерді сомдаған.
2003 жылдың 11 қыркүйегінде телехикая түсірілімі барысында Риттердің кенеттен жүрегі айнып, кеуде тұсы ауырған. Дереу ауруханаға жеткізілген актерге «жүрек талмасы» диагнозы қойылған. Риттер ота барысында көз жұмды.
Вик Морроу. “Грязная Мэри, сумасшедший Ларри”, “Несносные медведи” фильмдері мен “Ангелы Чарли” телехикаясы арқылы танылған актер.
1982 жылы “Сумеречная зона” фильмінің түсірілімі барысында Морроу және екі актер соғыс уақытында американдық тікұшықтан құтқарылуға тиіс болған вьетнамдықтардың рөлін сомдайды. Тікұшақ аяқ астынан жарылып, үш актер де оқиға орнында қаза тапқан болатын.
Рой Киннир. 1971 жылы “Вилли Вонка и шоколадная фабрика” фильмінде Верука Солттың әкесін, одан кейін «Три мушкетера», «Четыре мушкетера» және «Возвращение мушкетеров» фильмдерінде ойнаған британдық комедия актері.
“Возвращения мушкетеров” кинокартинасының түсірілімі барысында Киннир аттан құлап, жамбас сүйегін сындырып алған. Соның салдарынан ішінен қан кеткен. Ауруханаға жеткізілген актер келесі күні жүрек талмасынан қайтыс болады.
Джин Харлоу. 1930 жылдардағы ең сексуалды актрисалардың бірі. 1937 жылы “Саратога” фильмінің түсірілімі барысында өзін жайсыз сезінген.
Джиннің жүрегі айнып, іші ауырған. Ол безгек ауруына шалдыққан әйелдің рөлін сомдай отырып өзі одан да жайсыз сезінген екен.
Бірнеше күннен кейін актрисаның бүйректері жұмыс істемей қалғандығы белгілі болды. Тез арада емханаға жатқызылғанымен, актриса комаға түсіп, 1937 жылдың 7 маусымында көз жұмды.
Эрик Флеминг. 1966 жылы джунгли жайындағы телевизиялық фильмге түскен актер әріптесі Нико Минардоспен бірге қайыққа отырған.
Қайық аударылып, екі актер де Уальяга өзеніне құлайды. Минардос аман-есен шыққанымен, Флеминга суға ағып, батып кеткен. Оның денесін бөрібалықтар жем қылған.
Стив Ирвин. «Қолтырауын аңшысы» атымен танылған танымал австралиялық тележүргізуші. Қауіпті жануарлар жайында бағдарламаны жүргізген ол тікелей эфирде репортаж жасау барысында қайтыс болған.
2006 жылдың 4 қыркүйегінде суасты түсірілімі барысында тікенқұйрықты скат тележүргізушінің кеудесінен соққан.
Ирвиннің мезгілсіз өліміне бүкіл әлемде миллиондаған көрермен куә болды. Ол кезде Бинди Сью мен Боб Кларенстің әкесі Ирвин 44 жаста болатын.
Редд Фокс. Американдық комик-актер “Королевская семья” телевизиялық шоуының дайындығы барысында көз жұмған.
Сэнфорд жүрек талмасына ұшырайтын нөмірімен танымал. Актер халықты күлдірту үшін аталмыш рөлін жиі ойнайтын. Дәл осы себепті жүрегін ұстап, құлап қалған актердің шынымен де өліп қалғанын ешкім білмеген.
Түсірілім тобы шындыққа көз жеткізген кезде тым кеш болды. Сэнфорд сол сәтте көз жұмған екен.
Евгений Урбанский. Кеңестік киноның секс-символы әрі жұлдызы, актер Евгений Урбанский “Директор” фильмінің түсірілімінде мерт болды. Актер өте қауіпті эпизодтардың бірін каскадердің көмегіне жүгінбестен, өзі ойнауды жөн санаған.
Кадр бойынша автокөлік рөлінде отырған актер барқанның үстінен секіріп өтіп жерге түсуі тиіс болған, дәл трамплиндегідей. Алғашқы дубль сәтті түсірілгенімен, актер оны ұнатпапты. «Екіншісін түсіреміз» деп өз дегенінен қайтпаған актер ақырында шатырға құлап, мойын омыртқасын сындырып алған.
Бірнеше сағаттан кейін актер ауруханада көз жұмды.
Актердің соңғы сөздері: «Құдайым-ай, неткен ауыр еді». Ол кезде Евгений Урбанский небәрі 33 жаста еді. Екі жарым айдан кейін оның жұбайы, актриса Дзидра Ритенберг дүниеге қыз әкеліп, есімін Евгения деп қойған.
Инна Бурдученко. И. К. Карпенко-Карого атындағы Киев театр институтының студенті алғашқыда “Так никто не любил” деп аталып, кейіннен “Цветок на камне” деп өзгертілген фильмнің түсірілімінде қайтыс болды.
Комсомол әйелдің рөлін сомдаған актриса өртке оранған үйдің ішінен жалау алып шығуы керек болған. Режиссер Бурдученконы жағармай құйылған үйге қайта-қайта кіруге мәжбүрлеген. Ақырында үшінші дубльді түсіру барысында ғимарат құлаған.
Еденге аяқ киімінің өкшесі қыстырылып қалған Инна үйден шығып үлгермеді. Соңғы сәтте нағыз әйел әрі актриса ретінде ол бетін екі қолымен жапқан.
Бурдученконы оттан актер Сергей Иванов алып шыққан еді. Ол кезде Иванов көпшілік көріністерге ғана түсетін.
Иннаның денесін 78 пайызға күйік шалды (зақымданбаған тек беті).
Жіберіп алмаңыз:
“Сұлтан Сүлеймен” сериалының жұлдызы сүйіктісінің ұсынысын қабылдамай қойды
Қыркүйек айында қазақстандық кинотеатрлардан көрсетілетін фильмдер
Мейрамбектің ізбасары Нұрмұхаммед киноға түсті (фото, видео)