Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сұранысқа ие 29 мамандық бойынша кәсіптік оқу: Жаңа маман иесі атанған қазақстандықтар жұмыссыздарға арналған мүмкіндік туралы айтып берді

Алматыда "Еңбек" мемлекеттік бағдарламасы бойынша биылдан бастап қысқа мерзімді кәсіби курстар ұйымдастырылған. Қазақстандықтар енді сұранысқа ие мамандықтар бойынша оқу оқып, білімдерін жетілдіріп, не өздері таңдаған бағытта жаңа маман иесі атана алады. Үш айға созылатын курста азаматтарға шәкіртақы да қарастырылған. Stan.kz тілшісі сұранысқа ие мамандықтар бойынша үш айлық кәсіптік оқыту жобасы жайлы толық ақпарат ұсынады.

Жұмыссыз тұрғындар енді өз біліктіліктерін арттырып, жаңа мамандық иесі атана алады. Халықты жұмыспен қамту орталығы 29 мамандық бойынша курс әзірлеген. Олардың арасында тігінші, визажист, әлеуметтік желі менеджері, автослесарь, байланыс операторы  т.б. сияқты сұранысқа ие мамандықтар бар.

Кәсіби курстар мамандығын ауыстырғысы келетін жұмыссыз азаматтарға арналған. Бірнеше айдың ішінде азаматтар теориялық және практикалық білім алады. Курсты аяқтағаннан кейін білім алушыға сертификат беріледі, жұмысқа орналасуға жағдай жасалады.

Бұдан бөлек, бизнес-идеяларды іске асыру үшін өтеусіз мемлекеттік грант алуға өтінім беру мүмкіндігі бар, ал бизнес-жоспарды комиссия қабылдаған жағдайда онда үміткер 200 АЕК (583 400 теңге) мөлшерінде грантқа ие болады. Бұл өз кәсібін бастағысы келетіндерге үлкен мүмкіндік. 

Оқу ұзақтығы таңдалған мамандыққа байланысты бір айдан алты айға дейін созылады, білім алушыларға ай сайын 20 949 теңге мөлшерінде шәкіртақы төленеді. 



Алматы қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығының кәсіптік оқыту бөлімінің маманы Нұрғали Ташкенбаев бүгінде екі лек, барлығы 382 адам қысқа мерзімді курс бойынша білім алып шыққанын айтады. Оның ішінде 57 азамат жұмыспен қамтылған.

“Курстар маусым айында басталды. Жергілікті комиссия 41 мамандық ұсынған болатын, осы мамандықтар тізімі бекітілді. Алайда халықтың сұранысына байланысты олардың тек 29-ы бойынша ғана курстар өтті, қалғанына адам толмады”, – дейді ол. 

Маманның айтуынша, тараптар бойынша төрт жақты әлеуметтік келісімшарт жасалады.

“Онда оқу орталықтары курстар бойынша білім алушыларды жұмысқа тұрғызуға міндеттеледі. Бұл келісімшарт бойынша ең кемі 60 пайыз адам жұмысқа орналастыру керек. Бүгінгі статистика бойынша, қазір 382 адамның 57-сі жұмысқа орналасып үлгерген”, – дейді Нұрғали Ташкенбаев. 

Жоспар бойынша осы жылға 1006 адам курстан өтуі керек болған және осы жоспар толыққанды орындалды, дейді маман.

Тұрғындар тарапынан сұранысқа ие мамандықтар тізімінде: тігін ісіне – 146, кондитер – 91, бухгалтер – 83, повар – 80, шаштараз – 69, маникюр мастері – 68, веб сайт дизайнері – 63, визажист – 48, автоэлектрик-электроник – 47, SMM менеджер – 41 адам курс оқып шықты. 

Джунисова Мақпал кондитер-рәсімдеуші мамандығын меңгеріп, бүгінде қаладағы ірі супермаркеттердің біріне жұмысқа орналасты. Өзінің негізігі мамандығы – туризм саласындағы менеджер. Алайда бұл бағытта жұмыс істеп көрмеген, қазір кәсібін өзгертіп, кондитерлікке бет бұрған.

Кондитер-рәсімдеуші Мақпал Джунисова

Айтуынша, декреттік демалыста балалармен отырып, интернеттен тағамдардың рецебтерін көріп, өз бетінше әзірлеп жүрген. Кейіннен осы салағы қызығушылығы арта түскен. Қысқа мерзімді курстардың басталғанын ести сала мүмкіндікті жіберіп алмайын деп тіркелген екен.

“Курстар туралы былтыр естідім. Whatsapp мессенджерінде осы курсқа қабылдау жүріп жатқанын көрдім. Халыққа қызмет көрсету орталығына барып, тіркелдім. Арада біраз уақыт өткен соң мамандар хабарласып, құжат өткізуімді сұрады. 

Көп жыл балалармен үйде отырдым, интернеттен торт пісіруге қызығып, үйде өзім тағамдар әзірлеп жүрдім. Сондықтан кондитерлік мамандығын игеріп алуды шештім”, – дейді ол. 

Мақпал тәжірибені қаладағы супермаркеттердің бірінің цехінде өткен.

“Екі ай бойы барып, кәсіби мамандармен жұмысқа аралысып, көзбен көріп, үйрендік. Қазіргі нәтижем жаман емес. Тәжірибеден  өткен жерде маған жұмыс бойынша ұсыныс жасады, алайда тұрғылықты жеріме алыс болғандықтан қабылдай алмадым. Сондықтан бүгінде қаладағы ірі супермаркеттердің біріне орналастым. Сондай-ақ, ісімізге машықтандырған орталықта бізге тапсырыс қабылдаудың жолдарын үйретті. 

Бұған дейін бала тәрбиесімен отырдым, тұрақты өз мамандығы бойынша жұмыс істемеген. Жұмысымның шарттарына көңілім толды, заңды түрде қабылдандым, жалақысы қанағатаннарлық. Тәжірибем жоқ болғандықтан бастапқыда жалақысы аз болады”, – дейді Мақпал. 

Алматы қаласының тұрғыны, бес баланың анасы Эгленти Әлия декреттік демалыста жүргендіктен, ұзақ уақыт жұмыс істемей қалған. Сондықтан жұмыссыз ретінде Халықты Жұмыспен қамту орталығына тіркелген. Бет әрлеу – визажист мамандығын таңдап, осы бағытта курс өткен. 

Визажист Эгленти Әлия

”Дидар” оқыту орталығына визажист мамандығы бойынша шақырту алдым. Екі ай онлайн оқу, бір ай тәжірибеден өттік. Сағат 9-дан түскі 13:00-ге дейін лекция өтіп жүрдік. Макияждың әр бағыт қарастырып, әрбір элементті талдап, жазып отыратынбыз. Осыдан кейін онлайн тест өтіп, тәжірибеден өттік.

Тәжірибе өту кезінде басқа да оқуға келген қыз-келіншектермен бірге бір-бірімізге модель болып жүрдік. Оқытушы мамандар бізге бәрін егжей-тегжейлі түсіндіретін. Бұл кәсіптің қыр-сырын үйреткен оқытушыларыма алғыс білдіремін, олар шын мәнінде өз кәсібінің мамандары”, – дейді ол.

Тәжірибе алу мәселесіне көбірек көңіл бөлінсе екен деген тілек бар, дейді Әсел Эгленти.

“Себебі бет әрлеу тиянақтылықты қажет етеді, сондықтан практика көбірек болғанын қалайтын едім. Адамдардың бет әлпеті, терісі әртүрлі. Қолды жаттықтыруға екі ай жеткіліксіз сияқты”, – дейді Әлия. 

Әлияның айтуынша, осындай курстан тағы да өтуге де қызығушылығы бар. Себебі өзінің қабілетін одан ары арттыру үшін тәжірибе жинау мақсатында оқу артық етпейді дейді. 

“Қазір курсты бітірген соң оқыған орталығымда жұмысқа шақырып жатыр. Алайда үйіме алыстау болғандықтан, балаларыма қарайласатын адам жоқ болу себебінен жұмысқа орналасу мәселесінде қиындықтар бар. Өз алған білімім бойынша жұмыс істеуге жақын арада кірісетін боламын”, – дейді ол.

Жібек Сайлаужанова шаштараз мамандығын меңгеріп, қазір стилист-шаштараз ретінде өз жеке кәсібін ашпақ.

Жібек Сайлаужанова, шаштараз

“Осыған дейін бұл курстар жайлы естіп жүрдім. Осындай курсты бітіріп, жұмыс істеп жүрген жақындарымның бірі баруға ұсынды. Негізгі мамандығым мейрамхана, қонақ үй бизнесі еді. Карантинде мұндай орындар жабылып, онымен қоса, кішкентай балаларымның болуына байланысты жұмыс істей алмадым. Жұмыссыз отырдым. Содан соң Халықты жұмыспен қамту орталығына тіркелген соң олар маған қоңырау шалып, шақырды.

Орталыққа барып, мамандықтарды қарап, шаштаразды таңдадым. Үш айдың бірінші айында теорияны мессенджер арқылы өттік, арнайы дәптер арнап, мәліметтерді жазып отырдым. Одан соң, тәжірибеден өту кезеңі келді. Адамдарға тегін шаш қиып қолымызды үйреттік. Өзіміз оқыған орталық маңында адамдар арасында шашты тегін қиюға сұраныс көп болды, сондықтан жақсы тәжірибе жинадық деп айтуға болады”, – дейді курсты тәмамдаған Жібек.

Айтуынша, білім алған орталығында жұмыс ұсынылған, қазіргі уақытта аптасына үш-төрт күн жұмыс істеп жүр, онымен қоса, жақында өз кәсібін бастамақ.

“Курс аяқталмай тұрып салондарға барып, қабілетімізді жаттықтырып жүрдік. Сол жақта кейбір жұмыс берушілер қыз-келіншектерге жұмыс ұсынып, алып қалып жатты. Сонымен бірге, курс біткеннен кейін де жұмысқа орналастырылғандар болды. Сол сияқты мен де шаштараз ретінде жұмыс істеймін. Қазіргі уақытта аптасына үш-төрт күн жұмысқа барып жүрмін. Алматы қаласында бәсекелестік көп болғандықтан, облыста өз кәсібімді бастасам деген ниеттемін”, – дейді Жібек. 

Айта кетейік, келесі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту келесі жылдың маусым-шілде айларына жоспарланған. Кәсіптік курсты оқытатын 26 оқу орны бар. Олардың ішінде білім беру орталықтары, коледждер бар. 

Алматыда Жұмыспен қату орталықтары 2011 жылдан бері жұмыс істейді. 2018 жылдан бері мекеме халықтың сұранысына орай қызмет беру форматын толықтай өзгерткен. Осыған дейін Жұмыспен қату орталығы ауданға бөлінсе, ал қазір азаматтар тіркеуге қарамай қызмет ала алады. Ең бастысы қаладағы тіркеуі болса болғаны. Форматтың өзгеруінің негізгі себебі – халықтың сұранысын орындау болған.

2021 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстандағы жұмыссыздар саны өткен жылдың төртінші тоқсанымен салыстырғанда 1,7 мың адамға азайған. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% -ды құрады, бұл өткен жылдың осы уақытындағы көрсеткіштен 0,1%-ға жоғары. Еңбек министрлігінің хабарлауынша, биыл бірінші жартыжылдықта Қазақстанда жұмыспен қамту экономиканың барлық салаларында қалпына келтірілді, өсім орта есеппен 1,8% -ға жеткен.

Еске салсақ, бұған дейін Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы туралы, орталық қазақстандықтарға қандай қызмет көрсетеді, азаматтардың негізгі сұранысы не, жұмыссыз статусын алудың ерекшеліктері жайлы жазған едік. 

Талқылау