"15 түрлісін іштім": Қазақстандық әйел нутрициологтың берген БАД-ынан кейін өлім аузынан қалған

Фото: Тоғжан Темірбекованың жеке мұрағатынан
Threads әлеуметтік желісінде астаналық тұрғын нутрициологтың кеңесімен арықтаймын деп ауруханаға түскенін жазды. Сөзінше, маманның медициналық білімі жоқ екен. Соның кесірінен бауырын зақымдап, өлім аузынан қалған. Ем қабылдап жатқан пациентпен Stan.kz тілшісі сөйлесіп көрді.
Тоғжан – Астана қаласының тұрғыны. Дене бітіміне көңілі толмай, салмақ тастауды жөн көрген. Бір блогердің жарнамасынан байқап қалып, нутрициолог маманның көмегіне жүгінген.
“7-10 келідей артық салмағым болғасын тастағым келді. Витаминдер алуға ақшам бар еді. Блогердің парақшасынан (атын атамай-ақ қояйын) нутрициологтың жарнамасын көріп қалдым. Ол маманның көмегімен 104 келіден 88 келіге дейін арықтаған. Нутрициологтың берген витаминдері арқылы арықтағанын жазды. Бірақ ол алдын ала медициналық анализ тапсыру керегін айтты. Мен бірден нутрициологке жазып, қандай анализдер тапсыру керегін сұрадым. Бас-аяғы 85 мың теңгеге анализ тапсырдым. Соның қорытындысына қарап, 15 түрлі БАД жазып берді. Оны 150 мың теңгеге сатып алдым”, – деп бастады әңгімесін Тоғжан.
Арықтаймын деп ауруханадан бір-ақ шыққан бойжеткеннің сөзінше, витамин ішуді наурыз айынан бастаған. Таңертең және кешке 15 түрлі дәрумен ішіп жүрген.
“Витаминдерді іше бастағаннан кейін бір аптада 3 келі салмақ тастадым. Бірақ қатты қиналдым. Басым қатты ауырып, жүре алмай қалдым. Нутрициолог менің жағдайымды түсініп, “бір витаминді ішпей-ақ қой” деді. 150 мың теңгеге сатып алғасын өзімді қинап басқаларын үзбей ішіп жүрдім. Үш ай қалдырмай іштім. Содан кейін денемнің оң жағы ауыра бастады. Жедел жәрдем шақырып, ауруханаға түстім. Панкреатит деген диагноз қойды. Компьютерлік томография жасады. Ертеңіне МРТ-ға түсірді. Өйткені денем сарғайып кетті. Дәрігерге арықтау үшін БАД ішкенімді айтып едім, бірден операцияға дайындады. Асқынған гепатит диагнозы қойылды. Өмірімде ондай ауруға душар боламын деп ойламаппын. Жалпыға бірдей түсінікті тілмен айтсам, бауырым қабынып кеткен. Ауырғаны сонша маған есірткіге тәуелді адамдарға беретін дәріні салды. 16 күн аурумен күресіп, аман қалдым. Оң жақ қабырғамның асты ауырып, қатты жүрегім айнып, құса бердім”, – дейді астаналық тұрғын.
Бауырын зақымдап алған Тоғжан өзіне витамин тағайындаған нутрициолог маманының медициналық білім жоқ екенін әшкерелеген.
“Нутрициологты сотқа бермеймін. Өйткені аяғы ауыр, жақында босанады. Операцияға кіріп бара жатқанда сотқа беремін деп ойладым. 150 мың теңгемді қайтарды. Енді мұндай іспен айналыспайтынын айтты. Жұмыс парақшасын өшірді. Бірақ көп ойландым. Басқа адамдар жапа шекпесін деп әлеуметтік желіге салдым”, – деді Тоғжан.
Айта кетейік, медицина мамандары адам ағзасына БАД-тың тигізетін кері әсері орасан зор екенін айтып, дабыл қағып отыр.
Соңғы 25 жылда тағамдық қоспаларды қолдану жиі кездеседі. Соның салдарынан бауыр жеткіліксіздігімен ауыратын науқастардың саны сегіз есе өскен. Түрлі қоспаларды шамадан тыс қабылдау бауыр жеткіліксіздігіне әкеледі. Бауыр – ағзадағы әртүрлі токсиндерді тазартатын маңызды орган. Ол жұмыс істемесе адамның ағзасы уланады. Осы уақыт ішінде тағамдық қоспаларды қолданумен байланысты жедел бауыр жеткіліксіздігінің жиілігі 2,9%-дан 24,1%-ға дейін өскені белгілі болған.
Stan.kz тілшісі гастроэнтеролог дәрігер Бақытжан Рысқұлұлынан белсенді қоспалардың денсаулыққа тигізетін әсерін сұрап көрді.
“Белсенді ас қоспалары (БАҚ) – біздің ағзамызға қажет заттар. Кейбір микроэлементтер пен дәрумендер жетіспеген жағдайда олардың орнын осы белсенді ас қоспалары толықтырады. Оларды ішер алдында алдын ала медициналық тексеруден өткен дұрыс. Кез келген дәрі-дәрмектің де, белсенді ас қоспаларының да немесе тағамның да өзіне тән мөлшері (дозасы) болады. Олар өз дозасында – ем немесе тағам болады, ал одан асып кетсе – ағзаға зиян. Бір мезгілде бірнеше БАҚ қабылдау денсаулыққа зиян. Оларды бірге қабылдаған кезде бір-бірімен биологиялық тұрғыда үйлеспеуі мүмкін. Қазірге таңда біз БАҚ өмірімізден сызып тастай алмаймыз, тек дәрігердің нұсқаулығымен ғана ішу керегін түсінуіміз керек. Көбіне адамдар ұн, ет және сүт өнімдерін жиі пайдаланып, дәрумендерге көңіл бөле бермейді. Тамақтанудың өзі кешенді (комплексті) түрде жүзеге асырылуы тиіс. Организмге барлық дәрумендер мен минералдар жеткілікті болғанда жағдайда ғана адам дертке шалдықпайды. Сонымен қатар БАҚ шығаратын компаниялардың нарықтағы статусымен алдын ала танысып алған дұрыс. Ол компания қанша уақыттан бері сапалы өнім шығарады? Олар жайында қоғамда қандай пікірлер бар? Өнімдер клиникалық зерттеулерден өтті ме? Олардың нәтижесі қандай? Міне, осындай сұрақтар тұтынушыларды мазалауы тиіс”, – дейді дәрігер.
Одан кейін медицина маманы БАД-тың салмақ тастауға қай кезде көмектесетінін де түсіндірді.
“БАҚ ішсең арықтайсың, тез салмақ тастайсың" деген сөздерге сенбеген жөн. Біріншіден, тез салмақ тастау ағзаға өте зиян. Екіншіден, белсенді ас қоспаларының көмегімен қаншалықты артық салмақтан арылсаң, сол салмақты қайтып қосып алуың әбден мүмкін. Салмақ тастау үшін адамда бірінші ниет болуы керек. Одан кейін күнделікті қабылдайтын нан өнімдері мен тәттілерді, рафинатталған тағамдарды азайтып (толық шектеген дұрыс), көкөніс пен жеміс-жидектерді көбірек тұтыну керек. Аз-аздан күніне 5-6 рет тамақтанып-ақ салмақ тастауға болады. Аз мөлшерде тамақтанғанда организмде ашығу процесі болмайды, ол көп мөлшерде ас қабылдаудан сақтайды. Сондай-ақ кешке немесе жатар кезде ас ішуден сақтану керек. БАҚ арықтауға көмектеспейді деп айта алмаймыз. Бірақ арықтау үшін ол маңызды емес. Екінше мәселе, ол физикалық қимыл-қозғалыс. Күніне 1,5-2 сағат жаяу жүру өте маңызды. Сонымен қатар дұрыс ұйықтау, ұйқыны қандыру (8 сағаттық ұйқы) және стрестік жағдайдан аулақ болу да салмақ тастаудың бірден-бір кепілі. Осы айтылғандарды жүйелі түрде ұстанып, күнделікті өмір сүру дағдасына айналдырған кезде ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады”, – дейді гастроэнтеролог.
Бақытжан Рысқұлының сөзінше, бауырын зақымдап алған науқасқа саумал ішу оңалтуға көмектесетін көрінеді.
“Белсенді қоспаларды мөлшерінен көп ішу ағзаны, әсересе бауырды көбірек зақымдайды. Нәтижесінде ағзада қабыну, сарғаю, қышыну процестері пайда болуы мүмкін. Мұндай жағдайлар көп жағдайда ауруханада жатып, ұзақ емделуді қажет етеді. Науқас жансақтау бөліміне де түсуі мүмкін. БАҚ қабылдау алдын оның негізгі құрамдас бөлігінің ағзаға қалай әсер ететінін, олардың кері әсерлерін "LiverTox" сайты арқылы көріп, білуге болады. Ол барлық адамға қолжетімді. БАҚ ішіп денсаулығын зақымдап алған науқас дәрігердің бақылауында болуы керек. Науқас толық сауыққанша бауырдың қызметін көрсететін лабораториялық көрсеткіштерді мұқият тексеріп отырған дұрыс. Егер дәрігер рұқсат етіп жатса, емге қосымша биенің сүтін (саумал) ішуге кеңес беремін. Жаңа сауылған бие сүті немесе оның заманауи технологиямен жасалған сублимацияланған ұнтақ түрі науқас ағзасының оңалуына көмектесетін бірден-бір тамаша мүмкіндік”, – деді дәрігер.
"Біреулер көрсін, гей болсын демейміз": Қазақстандықтар желіде ЛГБТ насихатына тыйым салу туралы заңды қызу талқылап жатыр