Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Жұмысқа орналастырмасаң, өз-өзіме қол жұмсаймын дейтіндер бар”: Қазақстанда жұмыссыздарға кім және қалай бос орын тауып береді

Алматыда Жұмыспен қату орталықтары 2011 жылдан бері жұмыс істейді. Ашыла салған уақытта мекеме азаматтарды тек тіркелген аудандары бойынша қабылдайтын. Алайда 2018 жылдан бастап мекеме халықтың сұранысына орай қызмет беру форматын толықтай өзгерткен. Қазіргі уақытта орталық қазақстандықтарға қандай қызмет көрсетеді, азаматтардың негізгі сұранысы не, жұмыссыз статусын алудың қандай ерекшеліктері бар? Stan.kz тілшісі анықтады.

Орталық төрт бағыт бойынша мемлекеттік қызмет көрсетеді:

  • Халықты жұмыс іздеуші ретінде тіркейді;

  • Халықты жұмыссыз ретінде тіркейді;

  • Жұмыспен қамту белсенді шараларына жолдама береді;
  • Жұмыссыз деген анықтама береді;

“Әлеуметтік қызметтер үйінде” орналасқан мұндай open space (ашық кеңістік) форматында, операциялық зал түрінде жұмыс істеуді 2018 жылдан бастаған.

Алты жылдан аса тәжірибесі бар ХЖҚО Жұмыс іздеушілерді қолдау бөлімінің жекешісі Әділет Жаңабаев бұрынғыдан қазір орталықтың қызмет беру форматы өзгергенін айтады. Бұрын Жұмыспен қату орталығы ауданға бөлінсе, қазір азаматтар тіркеуге қарамай қызметін ала береді. 

“Бұрын 8 ауданға бөлініп, ол кезде кабинетте отыратынбыз. Қазір Жұмыспен қату орталығы ауданға бөлінбейді. Кез келген ауданда тіркеуіне қарамайды. Тек Алматы қаласында тіркелген болса болды. Бұрын азамат Жетісу ауданына тіркелген болса, тек сол жақтан қызмет алатын. Сондай-ақ, әр ауданда кабинеттер саны шектеулі, мамандар аз еді.

Өзім Түркісіб ауданында маман болып жұмыс істегенмін. Ол кезде жүйенің өзі ауданға тәуелді еді. Адамдар тарапынан көп шағым түсті. “Неге барлығы бір жерде отырмайды” деген сынды сын айтылды. 2017 жылы әр ауданнан бір маманнан шақырылып, оларды бір жерге жинап, сегіз ауданды біріктіретін орталық құрылды”, – дейді Әділет Жаңабаев. 

Форматтың өзгеруінің басты себебі - халықтың қалауын орындау болатын, дейді ол.

“Мына ғимарат Әлеуметтік қызметтер үйі деп аталады. Маусым айында ашылды. Мұнда тек Жұмыспен қамту орталығы ғана емес, Әл-ауқат басқармасы, Тұрғын үй инспекциясы, Атамекен, Қолдау, ХҚКО мамандары бар. Жұмыспен қамту орталығы қай қызметтермен тікелей байланыс жасайды, сол мамандарды осы мекемеден табуға болады. Үй мәселесі бойынша тіркеуге қоятын мамандар да бар. Ал өз-өзін қамту аймағында ХҚКО қызметкерлері азаматқа ЭЦҚ ашуға көмектеседі”, – дейді орталық маманы. 

Бөлімде 29 маман жұмыс істейді. Төрт ауданда екі маманнан отырады. Қазір осы орталықта 14 маман бар.

Әділет Жаңабаевтың тікелей міндеті жұмыс іздеп келген адамның талаптарын, қандай жұмыс іздеп жүргенін, тәжірибесін қалай толтырып жатыр, жолдама берді ме, соны бақылап, ескертіп айтып отыру. 

Орталықтағы бірқатар қызметті кез келген азамат өз бетінше де ала алады. Ол үшін Enbek.kz порталына кіру керек. 

Онлайн алуға болатын қызметтер: 

  • Жұмыс іздеуші, жұмыс беруші ретінде тіркелу;
  • Жұмыссыз ретінде тіркелу;
  • Уақытша тұрақты жұмысқа, белсенді шараларға жолдама алуға;

Тек оффлайн алуға болатын қызметтер:

  • Жұмыс іздеу үшін келген студенттер
  • Жеке кәсіпкерлігі тоқталыған азаматтар

Қандай жағдайда азамат жұмыссыз статусынан айырылады?

Жұмыссыз ретінде тіркелген соң ары қарай жолдама алу керек, белсенді шараларға қатысып, уақытша жұмыс орындарына тұрып, кәсіптік оқуға қатысу қажет болады, дейді Әділет Жаңабаев. 

“Жұмыс таңдар кезде азаматтың өзімен сөйлесеміз: потенциалды жұмыс қаншалықты тұрғылықты мекенжайына жақын, мамандығына сәйкес келетін салаларды қарастырамыз, өзінің қандай қабілеттері бар екенін сұраймыз. Әрине, бізден де сұрау бар. Екі ай бойы тіркеуде тұрған адамға неге жолдама берілмегені, кәсіптік оқуға жіберілмегенін айтып, есеп береміз. 

Егер ол кісіге лайықты жұмыс орнын тауып, жіберсек, бірақ жұмыс беруші оны белгілі бір себептермен қызметке алмаса, (көбіне жасы келмейді не тәжірибесі жетпей қалуы мүмкін) ары қарай тіркеуде тұра береді. Ал егер азамат өз еркімен бас тартса, үш жолдамадан бас тартса, тіркеуден шығарамыз”, – дейді ол.

Айтуынша, кейде азаматтардың жағдайларына байланысты тығырыққа тірелген жағдайлар болады. Сол кезде жұмыстың шартына қарамай адамгершілік тұрғысынан азаматтарға көмек беруге асығамыз, дейді маман.



“Адам жұмысқа мұқтаж болып келеді. Жастармен жұмыс істеп, оларға жұмыс тауып беру процесі атқаратын ісімнің қызығы деп айтар едім. Жұмыс таптым деп келгені бізді қуантатын, ынталандыратын нәрсе. Ал қиыны халықтың тығырыққа тірелгенін, дұрыс бағыт бере алмайтыныңды түсіну. Көмектескіміз келеді, бірақ кейде қолымыздан келмейді. Себебі біздің заңда кейбір шектеулер бар.

Мәселен, бір жолы онкологиялық ауруға шалдыққан, бірақ медициналық сақтандыру жоқ әйел бізге көмекке жүгінген. Бала қараумен отырған, өмірінде жұмыс істемеген, демек ешқандай аударым жасамаған азаматша. Аяқ-асты ауырып қалған соң, емхана сақтандыруы жоқ болған соң қарамай қойған. Емханада әйелге екі жолды ұсынады: не жарты жылға қарызын төлеп, аударым жасайды, не жұмыссыз болып тіркеледі. Қарызын жауып келген әйел бізге жүгінеді, алайда бізде жұмыс іздегендер ғана жұмыссыз ретінде тіркеле алады. Бірден жұмыссыз статусын бере алмаймыз, мұны медициналық әріптестеріміз түсінбейді. Ал ол кісіге жұмыс қажет емес еді. Себебі: “Жұмыс тұрмақ, бір-екі айда не болатынын өзім де білмеймін, Құдай біледі” деп отырған әйел еді. Осы жағдайда азаматтың жағдайын түсініп, тіркедік. Себебі емхана емін беруден бас тартып отыр”, – дейді ол. 

Кәсіптік оқыту: Бастау бизнес.

“Атамекен ҰКП” ұсынатын жобаға азаматтар біз арқылы өтініш қалдырып, жолдама алады. 24 күн ішінде кәсіптік жоспар құрылып, бизнес тренерлер ол кісілерге көмектеседі. Жобаны қорғайды, комиссияның шешімімен, сертификатын алып ХЖҚО-ға келеді. Бізге өтінішін жіберіп, ары қарай грантқа тапсырады. Оны ұтқан жағдайда 200 АЕК көлемінде қайтарымсыз грант беріледі. 

Бастау бизнеске қатысу үшін жеке кәсіпкер немесе жұмыссыз болып тіркелуіңіз, өз өзіне жұмыс істейтін адам болу қажет. Осы үш категория қатыса алады”, – дейді маман. 

Алматылық Бағдаулет пен Жанбол Жұмыспен қамту орталығына жұмыс іздеп келген. Таңдаулары бойынша Бастау бизнес кәсіптік оқытумен білім алып, қазіргі уақытта бағдарлама бойынша бизнес жоспарларын дайындап жатыр. 

“Орталық біраз көмегін берді, пайдасы тиді. Қазір грантқа құжат жинап, бизнес жоспарымызды дайындап жатырмыз. Жақында грантқа тапсырамыз”, – дейді орталыққа келушілер.

Үш айлық кәсіптік оқыту: Сұранысқа ие мамандықтар

Жұмыспен қамтудан бөлек, орталық кәсіптік оқытумен айналысады. Бұл мүмкіндік жақында ғана пайда болды. Сұранысқа ие мамандықтардың үй айлық кәсіптік оқыту бағдарламасы жүзеге асырылып келеді. Еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтар: шаштараз, сұлулық салонындағы маникюр, педикюр, тігін тігу, туристік агент, SMM менеджер, ерлерге арналған электрик, сварщик, авто электрик, автоұстасы.

Бағдарлама бойынша баламасыз түрде ай сайын шәкіртақы 20 900 теңге тағайындалады. Бір ай онлай оқу, екі ай тәжірибеден өтеді. Әлеуметтік келісім шарт бойынша оқу орны бағдарламаға қатысушылардың 60 пайызын жұмысқа тұрғызуға міндетті. Егер жұмысқа тұрғыза алмаған жағдайда келесі жылы конкурсқа қатыспайды. Курсты оқытатын 26 оқу орны бар. Олардың ішінде білім беру орталықтары, коледждер бар. 

“Автоұсталары сияқты барып оқуды қажет ететін мамандықтар онлайн оқи алмайтын болғандықтан, орталық ұсынған жерде оффлайн түрде оқиды.Статистика бойынша оффлайн оқу нәтижелі болады. Себебі оларды оқытып қана қоймай, жұмысқа тұрғызуымыз қажет. Әр оқу орны курсты өзі дайындайды, оны оқытушылар жүргізеді. Бүгінде жоспарланған мың адамның 300-і курсты оқып жатыр”, – дейді орталық маманы Әділет Жаңабаев.

Пандемиядан соң қазақстандықтардың жалақыға талабы 1,5 есе өскен

Орталық қызметкері Әділет Жаңабаевтың сөзінше, көбінесе ХЖҚО-ны әлеуметтік төлеммен айналсады деп шатастырады.

“Келушілердің көбі дәл қазір жұмыс керек деп келмейді. Көбіне бәріне төлем, баспана керек. Біз жұмыс тауып беретін 80% азамат 100-150 теңге көлеміндегі жалақы алатындар. 200, 300, 400 мың теңге айлыққа жұмыс берушілер келісе бермейді. Жұмыс берушілердің ХЖҚО-на осы тұрғыдан сенімі аз, осындай жалақыға лайықты жұмыс істейтін азаматтар келмейді деп ойлайды. Ал негізі бізге ондай адамдар келеді. Қара жұмыс істейтін адамдар ғана келеді деп есептейді.

Жұмыс берушілердің көбі рекрутингтік компанияларға сенім алған. Алайда мұндай адамдардың көпшілігі төлем алу мақсатында бізге жүгінеді. Соңғы 24 айда Әлеуметтік сақтандыру қорынан төлем түссе, кем дегенде алты ай болса, ол кісіге алты ай бойы ақша алады. Жұмыс жоғалту бойынша төлемақы алады”, – дейді ол. 

Пандемияның әсерінен жұмыс іздеушілер жалақыға талабы 1,5 есеге жоғарыласа, жұмыс берушінің ұсынатын жалақысы керісінше азайған, дейді маман.

Мамандық бойынша жұмыс таба алмағандар не істейді?

Маманның айтуынша, мамандық бойынша жұмыс таба алмағандар кәсіптік оқытуға барады.

“Ұшқыш сияқты еңбек нарығында жұмыс жиі табыла бермейтін категориядағы маман жалақысы 800 мыңдай, Еңбек биржасына түйіндемесін енгіземіз де, бос орындарға жазылып қоямыз. Ұшқышқа сұраныс туған кезде міндетті түрде сол кісіге хабарландыру болып келеді. Мамандық бойынша жұмыс таба алмағандар кәсіптік оқытуға барады. Басқа мамандыққа оқып, сол бағытта кәсіп ашуына болады. 

2019 жылы көп балалы аналар жұмыс таппай, көбі тігіншінің оқуын оқып, 4-5 ана грант ұтып алып, қаражаттарын біріктіріп, тігін цехін ашып алды. Қазір бізбен жұмыс істейді, өздері де тігінге оқытады. Соңғы статистика бойынша, орталыққа жүгінетін азаматтардың жасы 35-50. Негізі маусымға байланысты. Қазір жастардың көбі оқу бітіріп немесе демалып жатыр. Одан кейін тамыз-қыркүйек, қазанға дейін келушілердің ағыны басталады”, – дейді ол. 

 

“Жұмыс тауып бермесең, өз-өзіме қол жұмсаймын”: Орталыққа келушілердің оқиғалары

Қызметінің алғашқы жылдары бірталай қызықты оқиғалар болған, дейді Әділет Жаңабаев. Соның ішінде талай рет азаматтарды тыныштандырып, сөйлесіп, әңгімесін тыңдап, жағдайын түсінуге тырысып жатамыз. Кейде адамдар орталыққа базардан келе жатып, қолындағы азық-түлігімен соға салады, дейді ол.

“Бір жолы Талғат есімді ер адам өз-өзін қамту аймағында таң атқаннан кеш батқанға дейін отыратын. Бәріміз оған қарап не істеп отыр деп болжам жасайтынбыз. Интернетті пайдаланып отырма, кино көріп отыр ма, түсінбейтінбіз. Өз бетінен отырып, жұмыс қарап отырады екен. Бірақ бізге, белгісіз себептермен жүгінбейді. Бір күні өзіміз ол кісіні шақырып, мамандарға жібердік. Сөйтсек, біліктілігін жоғалтып алған бухгалтер екен. Оны кәсіптік оқуға жіберіп, біраз жүрді. Ол уақытта грант берілмейтін. Жұмыс таба алмай ұзақ жүрді. Себебі ол кісі 50-ден асқан, жасы бойынша жұмысқа сәйкес келмеді. Содан соң оқу оқып, іздеп, грантқа өтініш қалдырып, оны жеңіп алды. Ноутбук сатып алып, жарты ақшасын жарнамаға салып, Азаматтық-құқықтық сипаттағы келсімшарт жасау бойынша бухгалтерлік қызмет береді”, – дейді ол. 

Айтуынша, адамдарды мүмкіндігінше тез жібере салмай, сөйлесіп, әңгімелесіңдер дейміз. Себебі ол кісі жай ғана ішіндегісін шығарып, бөліскісі келетін шығар.

“Қызметімнің алғашқы жылдарында мынадай жағдай болды. Ең басында психологиялық тұрақсыз адамдар келгенде, не істерімізді түсінбейтінбіз. Неше түрлі адамдар келеді. Өз-өзіне қол жұмсаймын дегендер де болды. “Қазір маған жұмыс тауып бермесең, өз-өзіме қол жұмсаймын” деп айтқан. Түркіб ауданындағы ХЖҚО-да жұмыс істеп жүрген кезде осындай оқиға болды. Не істеріңді білмейсің, жассың, тәжірибең жоқ. “Қойыңыз” десең, одан сайын өршиді. Қазір енді орталықты психолог, заңгер мамандар бар. Керек жағдайда соларға апармыз. Уайымдап, осындай кісілерді ойлайсың.

Адамдар қолындағы азық-түлікпен келіп соға салады. Мақсатсыз, түйіндемесіз келеді. Сұрасаң: “Базарға барып, едім, соғып кете салайын дегенмін” дейді. Азаматтардың көбі ХЖҚО немен айналысатынын білмейді. 

Әрине, қазір мұндай жағдайларға дейін жеткізбейміз. Артық әрекеттер, шу болып жатқанын көрсек, адамды тыныштандыруға өзіміздің де тәжірибеміз жетеді. Жас мамандар тез қабылдап жібере салады. Біз адамдарды мүмкіндігінше тез жібере салмай, сөйлесіп, әңгімелесіңдер дейміз. Себебі ол кісі жай ғана ішіндегісін шығарып, бөліскісі келетін шығар. Жұмыз іздеуге емес, тек ішіндегісін айтуға келетіндер бар. Оны тек тыңдап, бағыт беру керек, басқа нұсқаларды ұсыну қажет”, – дейді ол. 

 

Болашақта қазақстандықтардың біздің көмекке мұқтаж болмайды

Қазақстандықтардың жұмыс істеу бойынша сауаты орташа, дейді маман. 

“Осы сауатты арттыру бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Цифрлы Қазақстан 2050 бағдарламасы аясында осында отырған 90% маман халықты өз-өзін қамту аймағында почта, ЭЦҚ ашуға Enbek.kz сайтына жұмыс іздеуші, жұмыс беруші болып тіркелуге, жолда алуға болады. Бір жағынан біз өзімізді жұмыстан айырып жатырмыз. Себебі болашақта қазақстандықтарға орталыққа келудің қажеті болмауы мүмкін. Жүйе автоматты түрде азаматға статус беріп отырады. Маман емес, жүйе жұмыс істейді”, – дейді ол.

Айта кетейік, 2021 жылдың I тоқсанында жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен 0,1%-ға жоғары. 2020 жылы мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру шеңберінде Жұмыспен қамтудың түрлі шараларымен 1,4 млн-нан астам қазақстандық қамтылды.

Талқылау