Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Данна Қарағұсова кім: Ол ғарышқа ұшу үшін қанша төлейді

Данна Қарағұсова

Фото: Дана Қарағұсова Instagram-парақшасы

Данна Қарағұсова ғарышқа ұшатын алғашқы қазақстандық әйел атанбақ. Blue Origin компаниясы New Shepard бағдарламасында NS-36 ұшағы экипаж құрамында оның есімі аталды. Осы тұста Stan.kz редакциясы Данна Қарағұсованың кім және несімен белгілі екеніне тоқталып, Blue Origin компаниясымен ғарышқа ұшудың талаптары мен құнын анықтап көрді. 

1 қазанда Blue Origin NS-36 миссиясымен ғарышқа ұшатын экипаждың құрамын жариялады. Онда қазақстандық Данна Қарағұсова да бар. Одан бөлек бизнесмен Джефф Элгин, инженер Клинт Келли III, сериялық стартаптың негізін қалаушы Аарон Ньюман, украиндық кәсіпкер Виталий Островский және аты-жөнін жасырған адам болады.

Данна Қарағұсова кім?

“Даннаның медиа, дистрибуция және іс-шараларды ұйымдастыру саласында 25 жылдан астам тәжірибесі бар. Тәжірибелі альпинист өзінің күш-жігерін көрсетіп, Килиманджаро мен Эльбрусты бағындырды. Енді ол ғарышқа сапарын ермек ретінде емес, трансформациялық шекара ретінде санап отыр”, –  деп мәлімдеді Blue Origin.

41 жастағы Қарағұсова First media group маркетинг холдингінің негізін салған. Бұл холдинг жақында Алматыда өткен Джей Лоның, Backstreet Boys тобының концертін ұйымдастырған еді. 2018 жылдан бері компания 489 миллион теңге салық төлеген. 

2018-2023 жылдары элиталық ішімдік өнімдерінің ресми дистрибьюторы Astalko-ға иелік еткен. Алайда 2024 жылы компанияның құрылтайшы мүшелігінен шықты.

Данна Қарағұсова

Фото: Дана Қарағұсова Instagram-парақшасы

Сондай-ақ Данна бұрын кәсіпкер Бейбіт Әлібековпен некеде болған. Экс-ерлі-зайыптының Айтуар, Алдияр есімді ұлдары және Айлин деген қызы бар. 

Онымен қоса Данна Сергейқызы Қарағұсованың анасы – бұрынғы еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі және экс-депутат болған Гүлжан Қарағұсова.

Гүлжан Қарағұсова

Фото: Курсив

2016 жылы "Радиоточка" сайтында “Депутат Қарағұсованың отбасы неге иелік етеді?” деген материал жарияланып, кейін автор депутаттың араласуынан соң оны өшіруге мәжбүр болғанын жазған.

Материалда Дана Қарағұсоваға қатысты ақпарат бар. Мәселен ол 2011 жылы United Helping Hands қоғамдық қайырымдылық қорының мүшесі болғаны жазылады. Күйеуімен және Media Invest AB AG компаниясымен бірге 2008 жылы тіркелген "First Media Astana" ЖШС-ын басқарады делінген. Сонымен қатар 2007 жылдан бері Астанада жұмыс істейтін "R&D Media" ЖШС арқылы "Ешбір ерекшелігі жоқ тауарлардың кең ассортиментін көтерме сауда жасайтыны” жазылған.

First Media Group құрамына телеарна, төрт радиостанция, төрт баспа басылымы және екі агенттік кіреді екен. 

Stan.kz тілшісі енді ғарышқа аттанатын Дана Қарағұсованың өзімен байланысқа шығып, оның дайындығы, қалай баратыны туралы пікір алмақ болды. Алайда ол жоба құпия келісіммен (NDA) қамтылғандықтан, қосымша мәліметтерді әзірге айта алмайтынын, тек ұшып келген соң барлығын айтуға дайын болатынын айтты.

Экипаж немен ұшады?

Экипаж мүшелері ғарышқа New Shepard кемесімен аттанады. Көп рет қолданылатын зымыран-тасығышта сутегі мен оттегіге негізделген сұйық отынды BE-3 қозғалтқышы бар. Ол автономды капсуланы алып шығып, кейін тігінен өз күшіне сүйеніп жерге қайта қонады. Капсула апогейге жеткенде бөлініп шығып, экипажға шамамен бес минуттай микрогравитацияны сезінуге мүмкіндік береді.

Blue Origin

Фото: Blue origin

Алайда бұл сапардағыларға "ғарышкер" немесе "астронавт" мәртебесі берілмейді. Космостық туризм аясында оларды ресми түрде "ғарыш сапарына қатысушылар" деп атайды.

Зымыран капсуласы Жер орбитасына шыға алмағанымен, АҚШ жүйесінде мұндай миссия ғарышқа ұшу ретінде есептеледі. Өйткені капсула Карман сызығынан — Жер атмосферасы мен ғарыш арасындағы шартты шекарадан жоғары көтеріледі. Бұл биіктік – 100 км, ал ұшу бар болғаны 11 минуттай уақыт алады.

New Shepard бортында ұшқыштар болмайды, аппараттар толықтай автономды басқарылады.

Бүгінде дейін компания Карман сызығынан жоғары 75 адамды алып шықты, олардың бесеуі қайталай ұшқан. Нақты қай күні ұшатыны белгісіз, алайда трансляция көкке көтерілуге 30 минут қалғанда X желісінде және YouTube-та басталады.

Экипаж мүшелері қалай таңдалады, талаптары қандай?

Ғарышқа сапар үшін сайттан орын броньдау керек. Сол жерде өзіңіз туралы сауалнамада барлық ақпаратты енгізесіз. Одан соң 500 сөзден аспайтындай етіп өзіңіз туралы айта отырып, не үшін бұл сапарға шыққыңыз келетінін жазасыз.

blue origin

Бұған тек 18 жастан асқандар міне алады. Бойы 152-193 см аралығында болуы тиіс. 152-ден кіші не 193-тек ұзындар қабылданбайды. Cондай-ақ салмағы 50-ден кем және 101 кг-дан аспауы қажет. 

Созылмалы ауруы барларға және биіктіктен қорқатындарға ұшу рұқсат етілмейді. Бұл сапар кезінде адам биіктігі 21 метрден асатын New Shepard капсуласының отырғызу мұнарасының ең төбесіне 90 секундта міне алатындай болуы қажет. Қауіпсіздік белдігін 15 секундтан аз уақыт ішінде өз бетінше киіп-шеше алу керек.

40-90 минут жартылай жатып баруға дайын болған абзал. 

Компания экипаж мүшелерін 1-2 күн дайындықтан өткізеді

Ұшу құны қанша?

Blue Origin нақты бағасын көрсетпеген, бірақ бірінші рейстегі орын 28 миллион долларға аукционда сатылды. Бейресми деректер 200-450 мың доллар аралығында деп жазады.

Ал сайтта орын брондаған кезде 150 000 доллар (82 миллион теңге) депозит қажет екені жазылады. Бірақ ол депозит қайтарымды деп көрсетілген. 

Компания кей тұлғаларды, әсіресе танымал әнші, актерларды тегін шақырады.  

Джефф Безостың өзі 2021 жылы компанияның алғашқы адам басқаратын рейсіне ұшты. "Good Morning America" бағдарламасының жүргізушісі Майкл Страхан мен "Star Trek" актері Уильям Шатнер де Безостың зымырандарының бірімен ғарышқа аттанды.

Virgin Galactic негізін қалаушы Ричард Брэнсон өзінің Virgin Galactic компаниясының VSS Unity ғарыш кемесімен 2021 жылдың шілдесінде ұшты. SpaceX негізін қалаушы Илон Маск әлі сапарға шыққан жоқ.

Қазақстанда JLo және Backstreet Boys концерттерін ұйымдастырған компанияның негізін қалаушы турист ретінде ғарышқа аттанатыны айтылды. 

Еске салсақ, бұған дейін танымал әнші Кэти Пэрримен бірге әйелдер борты ғарышқа ұшып келгені айтылды. 

Қырмызы Скендирова
Жұма, 03 Қазан, 2025 15:58
Талқылау