Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері

Сұлтанмахмұт Торайғыров – небәрі 27 жас өмір сүрсе де артына мол мұра қалдырған қаламгер. Ол ғұмырының қысқа болғанына қарамастан, 5-6 поэма, ондаған мақала мен екі роман жазған. Сонымен қатар ақынның мұрасында өлеңдері де баршылық. Stan.kz реалист ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдерін ұсынады.

Сұлтанмахмұт Торайғыровтың өлеңдері

Шығамын тірі болсам адам болып

Шығамын тірі болсам адам болып,
Жүрмеймін бұл жиһанда жаман болып.
Жатқаным көрде тыныш жақсы емес пе,
Жүргенше өмір сүріп, надан болып.

Мен балаң жарық күнде сәуле қуған,
Алуға күнді барып белді буған.
Жұлдыз болып көрмеймін елдің бетін,
Болмасам толғанайдай балкып туған.

Бұл сөзім асып айтқан асылық емес,
Ойында оты барлар асылық демес.
Тебем деп тірі болсам надандықты,
Серт етіп, өз-өзіме еткем егес.

Шәкірт ойы

Қараңғы қазақ көгіне,
Өрмелеп шығып, күн болам!
Қараңғылықтың көгіне,
Күн болмағанда, кім болам?

Мұздаған елдің жүрегін,
Жылытуға мен кірермін!
Еңбек, бейнет тарауы
Рақатқа сарқылар.

Қыздырып күннің қарауы
Надандық теңізі тартылар.
Орны отайып көгерер,
Қызығын жайлап ел көрер.

Тұрмыс, тағдыр - бірі де
Бұл мақсаттан бұра алмас;
Қаһарман, Рүстем, Әлі де
Бұрам деп жолда тұра алмас.
Сыланған жардың күлісі,
Алдандырмас бір ісі.

Байлық

Байлық-ай, сенің ызаң өтті-ау маған,
Не қылдым өшігерлік, жаным, саған?
Мені көрсең жирендің, теріс қарап,
Әкеңнің менде құны бардан жаман.

Әлі жаспын, не қылдым өшігетін?
Ойың жоқ, мені есіркеп, өсіретін.
Кедейлікті жіберіп аяқ, қолды
Байлаттың ерік бермей көсілетін.

Сен келсең бар қиыным шешілетін,
Сен жоқта аяқ-қолым кесілетін.
Сенің досың байлардай болып, менде
Күн бар ма көңіл өсіп, есіретін.

Келмесең зарлайтұғын менде хал жоқ,
Баяғы бір қу кедей қолда мал жоқ.
Өмір бойы бейнеттен арылмаған,
Тұрмыстың көк шолағы, жалда-жал жоқ.

Бәрібір сонда-дағы өмір сүрем,
Қалқақтап көп ішінде мен де жүрем.
Артыктығы: тамақ мол, киімі бар,
Бай көрген дүниені мен де көрем.

Ол маған ұстауға емес, көруге бар,
Байлар үшін жаралған қазына мал.
Адам ұлын алалап, бірдей қылмай,
Нағыз жауыз — байлық сен, пейілі тар.

Балалық күн

Балалық, сенен артык күнім бар ма,
Бала күнде бойымда мінім бар ма?
Бәріне жетем деймін, алам деймін,
Жас қиялда тоқталып, тыным бар ма?

Балаға тең көрінер бай мен кедей,
Сүйеді жаксы, жаман, надан демей.
Күнә, сұмдық дегенді ол білмейді,
Айырмасыз ер, әйел бәрі бірдей.

Жақын-алыс деп білмес алалауды,
Аққа жауып жаланы қаралауды.
Өмір, өлім не нәрсе ұжмак, дозақ,
Білмейді бақ, күндеу мен табалауды.

Қайғы, қызық не нәрсе, дәмін білмес,
Байлық, бақыт дегенді көзіне ілмес.
Жақсы, жаман сөздердің парқын айырып,
Не десең де таңданып, құлақ түрмес.

Шіркін-ай, балалық күн, өтесің-ау,
Артыңа қайырылмай-ақ кетесің-ау.
Жігіттікті кәрілік қуып жетіп,
Ажал-дағы, кешікпей жетесің-ау.

Қызықты, тәтті өмір, бітесің-ау,
Алдынан ажал тосып, күтесің-ау:
Туғанда қызықтаған жаңа жанды,
Тумағандай бір күні етесің-ау.

Оқып жүрген жастарға

Үмітпенен жоқ қуған
Үмітпенен жоқ қуған
Талабы алда баламыз.
Басқалар жоғын тапқанда,
Біздер қайтіп қаламыз.
Тәуекелге бел бусақ,
Көрдегіні аламыз.

Жеткізбей кетер жүйрік жоқ,
Қусақ бәрін шаламыз.
Іс істейік бір болып,
Ашылмасын саламыз.
Сұмдар салған жүректе
Аз ба біздің жарамыз?

Тепкісінде басқаның,
Қор боп жүдеп барамыз.
Көріне көзге азапта
Мәңгі қайтіп қаламыз?
Ойыңды енді азат қыл
Қалсын былай балалық.

Қызық қандай адамды қыздыратын

Қызық қандай адамды қыздыратын,
Қайғы қандай қаныңды бұздыратын.
Қанды кек, намысты өштік неден тумақ,
Жібітпей жүрегіңді мұз қылатын.

Ер бар ма елі үшін жан қиятын
Басшы бар ма етегіне ел сиятын.
Жанның бәрі өз ісін мақұлдайды,
Адам қайда сезетін ар-ұятын.

Оқуда мақсат не?

Көп жатып, «хатымкер» атын алып
Елге апарып сатуға?
Ә! Бұлай болса керек енді:
Сәлде, шапан киюге;
Мүрит болып ишанға бас июге,
Жас басымнан таупықты сопы болып,
Сол есіммен тоқты-торым жиюға.

Яки мақсат: молда атанып төрге отыру ма,
Ет, кымызға қарнын толтыруға;
Підие, зекет, пітірге қапшық болып,
Миллетке микробтігі тие отыруға?

Бұлардың бар тапқаны көзін сату,
Кім өліп, кім жіткенін аңцып жату,
Білмесе де әлхамның ғибарасын,
Жемтік көрсе молдамын деп тістей қату.

Яки мақсат: тілмаш боп жем табу ма,
Жылтыратып сары түйме шен тағуға;
Кеміре-кеміре жыртылған жырық дорба,
Басқалардан калғапын сен қағуға?
Яки мақсат: өнер, білім алуға,
Алға карай баруға.
Намыстанып қорланып,
Хұқықтан махрұм қалмауға.

Миллет көзін ашуға,
Терістіктен кашуға.
Заманаға кез салып,
Аяқты жөндеп басуға.

Жақсы тұқым шашуға,
Дария Нілдей тасуға.
Микроб болған наданның
Пітінелерін басуға.

Өнер тұқымын егуге,
Жарыққа қарай келуге,
Пайда, зиян айырсақ,
Жүре бермей жегуге.

Отанымызды сақтауға
Ақиқатты жақтауға.
Біз де басты көтерсек,
Қала бермей таптауда.
Рақат өмір жасауға,
Бәліш болмай асауға.

Кім дейсіз әр халықты тентіреткен:
Әуелгі үш түрлі оку түпке жеткен.
Бұл үшеуі көзі батып көмілгенде,
Кейінгі жалғыз мақсат көкке жеткен.

Демейміз оңымады біздің халың.
Болса да оқу — анық, мақсат — танық,
Болса егер ойларыңда соңғы мақсат
Еш мұндай болмас еді артта қалық.

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам

Секілді өмір қысқа, жарты тұтам,
Надандар деп ойлап жүр өмірді ұтам.
Аз өмірді ақындық жолға бердім,
Лепес қып түкірген соң молда Мұқан.

Қаламды шын беріліп, алдым берік,
Әлде қандай бір күшке көңіл сеніп,
Бұрын жалғыз оқу еді іздегенім,
Енді оған өлең жазу болсын серік.

Бірдей ме сабақ берген барлық молда,
Ант берем, алуан түрлі деймін олла.
Денеден-ақ көрініп тұрған жоқ па,
Саусақтың алалығы біткен қолға.

Әкемнен «Әліп-биді» үйде оқыдым,
Үйреніп намаз сабақ жат тоқыдым,
Әлі молда алдында дәл екі жыл
Әртүрлі ескі кітапты бір шоқыдым.

Тортайдан екі жылдай сабақ алдым,
Ол байғұс аяған жоқ ойда барын.
Ғылымның орны бас пен көкіректе,
Бүйір шығып, қампия тоймас қарын.

Мұқаннан екінші жыл сабақ алам,
Ұйықтасам да көңілім оқуға алаң.
Лепес қып өзі бастап, «ақын бол» деп,
Дұғасын ықыласпен берді маған.

Сондықтан бір мақсатым өлең жазу,
Оқуменен бірге іздеп, қоса қазу.
Осы ойыма өткен түн серт берілді,
Менде болмас бұл ойдан өмірде азу.

Түспейді жазсам жазу қара тасқа

Түспейді жазсам жазу қара тасқа
Ауырлық түсті биыл біздің басқа.
Биенің құлынындай жарасушы ем,
Айрылдым мен әкемнен жеті жаста.

Не жаздым жеті жаста жылатқандай,
Көз жасты дария етіп бұлатқандай.
Мейілі бұл жылаудан өлсем-дағы
Кімім бар басым сүйеп уатқандай!


Фариза Оңғарсынованың ең үздік 10 өлеңі

Талқылау