"Суық палатаға жатқызып, қарамай қойды": Қызылордада 10 айлық сәбиінен айырылған ата-ана дәрігерлердің жазаланғанын қалайды
Қызылорда облысы Шиелі ауданында екі күн ауырған он айлық сәби ауруханада көз жұмды. Кішкентай қыздың ата-анасы қайғылы оқиғаға дер кезінде көмек көрсетпеген дәрігерлерді кінәлайды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Видеодан скриншот
Қызылордалық ата-ана бірге толмаған қызының ауруы асқынып, ауруханаға барғандарын айтады. Сөздерінше, өлім аузында жатқан бүлдіршінге ақ халаттылар салғырт қараған. Тек қызуын түсіретін дәрі беріп, суық палатада жатқызып қойды дейді. Сондықтан отбасы кінәлі мамандардың жазаланғанын талап етеді.
Сап-сау жүрген Айлин бір апта бұрын қызуы көтеріліп, қайта-қайта лоқси берген. Айтуларынша, сол сәтте жедел жәрдем алғашқы көмек көрсеткен. Бәрі қалыпқа келгендей болғанымен, екінші күні түнде ауруы қайта асқыныпты.
“Бала терлеу керек деді. Мына мұздай палатының ішінде қайтып терлейді десем, “орап жатыңыз” дейді. Бір кезде жарты сағат өткен соң қызымның ерні көгеріп, қол-аяғы мұздай бастады. Ентіге бастады. Осыны дәрігерге айтып едім, “орап жатыңыз, қанша бала жатыр. Мен қайсына қараймын?” деп қайтарып жіберді”, – деді сәбидің анасы Мөлдір Дүйсенбі.
Мөлдір Дүйсенбінің сөзінше, баланың жағдайы нашарлағанына қарамастан, ол ұзақ уақыт суық палатада жатқан. Тек есінен танған сәтте жансақтау бөліміне апарыпты.
Қайғылы оқиғадан кейін дәрігерлер отбасыға келіп кешірім сұраған екен.
“5-6 дәрігер үйге келді. Кешірім сұрады. Екінші күні Ерлан есімді маман тағы кешірім сұрап келді. Жұмыстарына немқұрайлы қарағаны үшін жауапты адамдардың жауапкершілікке тартылуын сұраймыз. Біз бұлай қалдырмаймыз”, – деді баланың әкесі Қазбек Шәріпбеков.
Аудандық аурухананың басшылары 10 айлық Айлин Бекмағанбет нақты қандай аурудан көз жұмғаны әзірге белгісіз деп отыр. Емдеу мекемесінде болған жайтты медициналық және фармацевтикалық бақылау департаментінің мамандары тексеріп жатыр екен.
“Науқас таңғы сағат 5-те қабылдау бөліміне келіп түскен. Қабылдау бөлімінде тиісті медициналық көмек көрсетілген. Қазіргі таңда қайтыс болу фактісі туралы қызметтік тексеріс жүргізіліп жатыр. Нәтижесіне байланысты тиісті шаралар қабылданады”, – деді Шиелі аудандық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Гүлназира Сүлейменова.
Ата-ана прокуратураға шағым түсірген. Олар кішкентай бүлдіршінді емдей алмай, ісіне салғырт қараған ақ халаттылардың жазаланғанын қалайды.