Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Бір-бірін танымайтын екі адамның жұмбақ өлімі: Суға батып көз жұмған оқушы мен ер адамның туыстары оқиғаның мән-жайын айтты

Коллаж Stan.kz

Ақтөбеде 16 жастағы оқушы мен 27 жастағы ер адам суға батып көз жұмды. Қарашаның қара суығында екі адамның қол ұстасып суға секіріп кеткені ата-аналар үшін күмәнді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бүгін марқұмдардың туыстары оқиға орнына БАҚ өкілдерін ертіп апарды. 16 жастағы Ислам Төреғалидің анасы Айгүл Кереева ұлының өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін емес екенін айтады.

Оның айтуынша, баласы соңғы рет жұмыс істейтін моншадан шыққан. Камерадан қарағанда қара түсті көлік күтіп тұрғаны анық байқалған. Телефоны сол көліктен табылған.

Фото: Stan.kz

“Денесінде көгерген, соққы іздері көп. Мұрны тесілген, жүрек тұсы мен тізесінде жарақат іздері бар. Сараптама қорытындысы жоқ. Мәйітханада ашпай жерлеуді сұрады, біз келіспедік. Баламды қорлады, не үшін - білмеймін. Маған әділдік керек. Монша иесі көлікті таңғы 9-да көргенін айтты, бірақ бізге тек түстен кейін хабарлады. Бұл да күмән тудырып тұр. Жасаған адамның жазаланғанын талап етемін. Мұндай жағдайдың қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмайды. Екі адам барып суға секіріп кетті, екі адам бірдей оқыс жағдай болды дегенге ешқандай сене алмаймын. Ана жүрегім сенбейді оған. Себебі бала ондайға баратын бала емес”, – дейді анасы Айгүл Кереева.

Фото: Stan.kz

Марқұм жасөспірімнің анасы істі жауап тастай ма деп қорқатынын айтады.

"Олар бізге ештеңе айтпай тұр. Бізге мәйітханадан жауып берді, ашпай жерле деп айтты. Біз оны тыңдаған жоқпыз. Үйге әкелдік. Құлсарыға апарып жерлер кезде баланы қараттық. Сол кезде баланың денесінің сау-тамдығы жоқ. Баламды қорлаған кәдімгідей. Не себепті қорлап тұр? Менің балам кімнің алдынан көлденең өтті? Ойым, жауып тастай ма деп қорқамын. Кінәлі адамды тауып, соның жазасын берсе екен деймін. Баламның жаны тыныш болуы үшін баламды қорлаған адамдар жазасын алсын – сол талабым. Полицияға бардым. Нақты ештеңе айтпайды. Жорамал жасап жатыр. Жасаған адамның жазаланғанын талап етемін. Мұндай жағдайдың қайталанбайтынына ешкім кепілдік бере алмаймын. Ұрып өлтірсе де, қуалып өлтірсе де өлтіріп тұр. Суға түсіп кетті дегенге өзім сенбеймін", – дейді әйел.

Суға кеткен екінші адам – 27 жастағы Сырлыбай Самат. Оның көлігі өзен жағасынан табылды. Бұл туралы марқұмның әкесі Самат Қалиев мәлімдеді.

Фото: Stan.kz

Әкесінің айтуынша, ұлы 30 қараша күні кешкі сағат 22:30-да үйінде тамақ ішіп, сағат 23:00-ге дейін үйде болған. Бірақ кейіннен байланысқа шықпаған. Телефонына хабарласып көргенмен, жауап болмапты. Полицияға тек тәулік уақыт өткеннен кейін ғана жүгінген.

“Денесінде зорлық-зомбылық белгілері жоқ. Екі жігіт бір-бірін танымаған, бірақ олардың арасында жанжал болғаны туралы қауесеттер тарап жатыр. Тергеудің ашық әрі әділ жүргізілуін талап етіп отыр. Біздің күдігіміз артында тағы біреулер бар. Суға түсіп кетті дегенге өзім сенбеймін”, – деді әкесі Самат Қалиев.

Денесі судан шығарылған екі адам соңғы рет қаладағы “Ернұр” моншасының қасында болған. Оқушы сол жерде қосымша жұмыс істеген.

Фото: Stan.kz 

“Ол бала бізде қосымша табыс табу мақсатында жұмыс істеді. Әкесі біздің тұрақты клиентіміз. Баласын жұмысқа алуды өзі сұрап, жазбаша қолхат жазып берді. Сенбі мен жексенбі күндері, сағат 15:00-ден кешкі 22:30-ға дейін ғана келеді. Сол күні де дәл осы уақытта келген.  Міндеті – барменге көмектесу, бокал жуу. Залға шықпайды. Бізде ас бөлмесі сағат 22:00-де, бар 23:00-де жабылады. Ең соңында өзім есікті жауып шығамын. Сол күні негізгі бармендер жиналып кетіп қалған. Ал бала бірден шықпай, айналшықтап жүрді. Мысығына тамақ салатын пакет іздеп жүргенін айтты. Кейін шығып кетті. Үйі жақын жерде, жаяу барады. Үйіне қарай жүрген. Түнде әкесі хабарласты. Таңда бастық пен әкесі іздеп жүріп, көлікті тапқан. Не болғанын нақты білмеймін”, – деді  "Ернұр" моншасының әкімшісі Гүлзат Тәтенова.

Еске салайық, 30 қарашада Ақтөбеде №31 мектептің 16 жастағы оқушысы Ислам Төрегали досына көмектесу үшін "Ернұр" моншасына барғаннан кейін үйге оралмаған. Келесі күні жасөспірімнің және 27 жастағы ер адамның денелері Ілек өзенінен табылды. 

Дана Русланқызы
Сейсенбі, 09 Желтоқсан, 2025 19:26