Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Су ақысына қатысты жаңа ереже, мигранттарды тіркеу жеңілдейді": Қазақстанда 1 қарашадан бастап не өзгереді

Қазақстанда 1 қарашадан бастап су есептегіш құрылғыларына қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Сондай-ақ  “Наурыз” және “Наурыз Жұмыскер” бағдарламасы қайта басталады. Stan.kz ақпарат агенттігі осы айда тағы қандай маңызды өзгерістер болатынын толығырақ қамтыды.

Су ақысына қатысты жаңа ереже енгізіледі

Елімізде 1 қарашадан бастап көпқабатты үйлердегі су есептегіш құрылғыларына қатысты жаңа ереже күшіне енеді. Жаңа ережеге сәйкес, егер үйдің ортақ су есептегіші мен жеке пәтерлердегі құрылғылардың көрсеткіштері арасында айырмашылық болса, ол сома барлық тұрғынға теңдей бөлінеді. 

тұрғындар су төлеміФото: freepik.com

Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жаңа ережеге сәйкес жаңа төлемдер енгізілмейтінін және төлем сомалары өспейтінін айтты. Төлем, бұрынғыдай, есептегіштердің көрсеткіштері негізінде анықталады. Есептегіштері жоқ аумақтарда әкімдіктер (мемлекеттік органдар) бекіткен тұтыну стандарты қолданылады.

Көп пәтерлі үйлердің тұрғындары үшін есептеу тәртібі де өзгеріссіз қалады. Егер ғимаратта ортақ есептегіш болса және кейбір пәтерлерде жеке есептегіштер болмаса, ортақ есептегіш пен жеке көрсеткіштер арасындағы айырмашылық кондоминиум мүшелері арасында пропорционалды түрде бөлінеді. Бұл тәртіп бұрын қолданылған екен.

Субсидияланатын жұмысқа өтініштер қабылданады

Жұмыс берушілер 2026 жылға арналған субсидияланатын жұмыс орындарына өтініштерді 1 қарашадан бастап қабылдайды. Өтініштер 31 желтоқсанға дейін қабылданады.

Өтініштер Электрондық еңбек биржасының цифрлық платформасы (Enbek.kz) арқылы электронды түрде беріледі.

Жұмыс беруші өтініш білдірген кезде бірқатар талаптарға сай келуі тиіс. Мысалы:

жұмыс беруші өтініш берген кезде жалақы бойынша мерзімі өткен берешегі болмауы тиіс;

субсидияланатын жұмыс орындарына өтініш берген күннен бұрынғы 12 ай ішінде әлеуметтік сақтандыру төлемдерін үнемі жүргізіп отыруы керек;

сенімсіз салық төлеушілер тізімінде болмағаны жөн. 

Мигранттарды тіркеу жеңілдейді

Қазақстан 2025 жылдың 1 қарашасына дейін көші-қон процестеріне арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосуды жоспарлап отыр. Енді барлық көші-қон процедуралары бірыңғай қызметке біріктіріледі.

Жаңа модель мынадай болады: 

сапардың мақсаты өтініш беруші келгенге дейін белгілі болады;

тексерулер жүйелік интеграция арқылы автоматты түрде жүргізіледі;

мигранттармен өзара әрекеттесу бірыңғай кіру нүктесі арқылы ұйымдастырылады;

болжамды келушілер үшін аналитикалық дерекқор жасалады.

"Жүйе процедуралар санын 60-70%-ға қысқартады, қайталануды жояды, ашықтықты арттырады және мемлекеттік органдардың жұмысын жеңілдетеді", - деді Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев.

Фото: freepik.com

3 қарашада “Наурыз”  және “Наурыз Жұмыскер” бағдарламасы қайта басталады

Бұл жолы қабылдауға көктемгі іріктеуден өтпеген азаматтар да қатыса алады. Басты шарты соңғы бес жылда өтінім берушінің және отбасы мүшелерінің атына тіркелген тұрғын үй болмауы тиіс. Ипотека шарты бойынша: 

таза әрлеудегі жаңа тұрғын үйге – 10%-дан бастап;

екінші деңгейлі тұрғын үйге – 20%-дан бастап бастапқы жарна қарастырылған. 

Сыйақы мөлшерлемесі:

әлеуметтік осал топтар үшін – 7%;

басқа азаматтар үшін – 9%;

Несиенің мерзімі: 19 жылға дейін;

Қарыз сомасы өңірлерде – 30 миллион теңгеге дейін, ал  Астана мен Алматыда – 36 миллион теңгеге дейін.

Айта кетейік, “Наурыз жұмыскер” бағдарламасы өнеркәсіп пен құрылыс, энергетика, көлік, ауыл шаруашылығы және су ресурстары салаларындағы жұмысшыларға арналған.

Жалақы жаңа тәсілмен есептеледі

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің Орташа жалақыны есептеудің бірыңғай ережелеріне түзетулер енгізу туралы бұйрығы 2025 жылдың 3 қарашасынан бастап күшіне енеді. Енді орташа жалақыны есептеу кезінде тұрақты сипаттағы қосымша төлемдер – үстемеақылар, қосымша ақы, жүйелі сыйақылар міндетті түрде ескеріледі. Ал біржолғы төлемдер, мысалы, материалдық көмек, іссапар шығындары, бюджет есебінен берілетін бір реттік сыйақылар – орташа жалақы құрамына енбейді.

Сонымен қатар, "тұрақты сипаттағы ынталандыру төлемдері" ұғымының енгізілуі есепшілер мен қызметкерлер арасындағы бұрынғы дауларды тоқтатады. Егер сыйақы тұрақты түрде, яғни басшының "көңіл-күйіне" емес, жүйелі тәртіппен төленіп отырса, ол міндетті түрде орташа жалақыны есептеу кезінде ескерілуі тиіс. 

Бес күндік немесе алты күндік жұмыс аптасы үшін орташа жалақы нақты жұмыс істелген уақыт негізінде есептеледі. Бұл есептеуде тиісті кезеңдегі орташа күндік немесе сағаттық табыс, оның ішінде белгіленген қосымша төлемдер, жәрдемақылар, бонустар және жалақы жүйесімен көзделген басқа да тұрақты ынталандыру төлемдері ескеріледі. 

Еліміздің Азаматтық кодексіне сәйкес азаматтың өміріне немесе денсаулығына келтірілген зиянды өтеу үшін пайдаланылатын орташа айлық жалақы ерекшелік санатына кіреді. 

Базалық мөлшерлеме өсуі мүмкін

10 қазанда Қазақстан Ұлттық банкі базалық мөлшерлемені 18%-ға дейін көтерді. Кейінірек Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов инфляция біртіндеп төмендемесе, Ұлттық банк қараша айында базалық мөлшерлемені қайтадан көтеруі мүмкін екенін мәлімдеді.

Ол болашақ ақша-несие саясаты туралы шешім ішкі және сыртқы саясат факторларын ескере отырып қабылданатынын айтты. 

Жаңа рейстер іске қосылады

Биыл 7 қарашадан бастап Qazaq Air Астана мен Самарқанд арасында (аптасына екі рет, жұма және жексенбі күндері), ал 10 қарашадан бастап Астана мен Бішкек арасында (аптасына екі рет, дүйсенбі және бейсенбі күндері) тікелей рейстерді орындайды.

Сонымен қатар, 29 қарашадан бастап қазақстандық FlyArystan әуе компаниясы Ақтау мен Дубай арасында рейстерін бастайды. Бастапқыда рейстер аптасына бір рет, сенбі күндері орындалады. 16 желтоқсаннан 6 қаңтарға дейін және 10 наурыздан 24 наурызға дейін сейсенбі күндері қосымша рейстер қосылады.

Жұмаділлә Нұрила
Сенбі, 01 Қараша, 2025 09:00
Талқылау