Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сот үкімінен кейін Қайрат Боранбаевтың қандай мүлкі тәркіленеді

Қайрат Боранбаев мемлекеттік наградаларды кері қайтарады және мүлкі тәркіленеді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

"Қылмыстық кодекстің 49-бабы 2-бөлігіне сәйкес Қайрат Боранбаевты мемлекеттік наградалардан айыру туралы ұсыныс енгізілсін", - деді үкімді оқыған судья Назгүл Бапақова.

Қайрат Боранбаевқа берілген мемлекеттік наградалар қатарында "Құрмет", "Ерен еңбегі үшін", "Парасат" және ІІІ дәрежелі "Барыс" ордені бар.

"Мемлекет мүддесіне Қайрат Боранбаевтың әл-Фараби көшесіндегі (Алматы қаласы) үй-жай мен жер учаскесі, "Қазақстан Халық банкі" АҚ шотындағы 1 млрд 270 млн 190 мың теңге сомасындағы қаражат тәркіленсін. Сонымен қатар, "Қазақстан Халық банкі" АҚ-дағы екі шотқа бөлініп салынған 2 млрд 847 млн 877 мың 603 теңге де тәркіленсін. Аталған шоттағы қалған сомаға арест қойылсын", - дейді судья.

Сондай-ақ, судья қазақстандық кәсіпкердің кейбір мүлкіне салынған аресттің күшін жою туралы шешім шығарды. 

"Астана сотының 2022 жылғы 18 наурыздағы қаулысымен Боранбаевтың мүлкіне - Астана қаласындағы пәтерге, жер учаскесі бар Алматы қаласындағы жеке үйге тыйым салу үкім заңды күшіне енгеннен кейін жойылсын", - деп қосты судья.

Айта кетсек, сот Қайрат Боранбаевты 8 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесті. 

Еске салайық, бұған дейін прокурорлар Боранбаевтың мүлкін тәркілеп, 8 жылға бас бостандығынан айыруды сұраған еді. Бұған дейін айыптаушылар өз кінәларын мойындамайтынын айтқан.

Еске салып өтейік, тергеу мәліметіне сәйкес, 2019 жылы Қайрат Боранбаев, Роман Наханов және Тайыр Жанұзақ, сондай-ақ Ибулла Серді "AsiaGaz Chundzha" ЖШС-мен бақыланатын "Qazaq Gaz" ұлттық компаниясының (бұрынғы "ҚазТрансГаз") газды жеткізу кезінде қаражатын жымқыру бойынша қылмыстық схеманы жүзеге асырған. Одан кейін 14,5 млрд теңге көлеміндегі ұрланған қаражат заңды кәсіпкерлік қызметтен түскен дивидендтерді бөлу және төлеу желеуімен заңдастырылған.

Боранбаевты 15 наурызда Алматыда қаржы мониторингі агенттігінің орталық аппаратының қызметкерлері ұстады. 16 наурызда ол Нұр-Сұлтан қаласына жеткізілді. 17 наурызда белгілі заңгер, жер құқығы жөніндегі сарапшы Бақытжан Базарбек Алматының экс-әкімі мен "Нұр Отан" (қазіргі "Аманат") партиясы төрағасының бұрынғы бірінші орынбасары Бауыржан Байбек пен Боранбаевтың жер алаяқтығы туралы күдіктерімен бөліскен. Дәл сол күні Қайрат Боранбаевтың ұсталғаны ресми расталды.

Қайрат Боранбаев – Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қызы Дариға Назарбаеваның келіні болған Алима Боранбаеваның әкесі. Боранбаев Esentai Mall және Esentai Tower акцияларына иелік етеді. Оның байлығы 590 миллион долларға бағаланады. 

Талқылау