Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Сотта сарапшы Нұрқанат Ғайыпбаев қандай жарақаттар алғанын айтты

Фото: Stan.kz сот-медициналық сарапшы Өмірбек Жолымбетов және марқұм Нұрқанат Ғайыпбаев

Шерзат Полаттың өліміне байланысты өтіп жатқан сот процесінде Нұрқанат Ғайыпбаевтың алған жарақаттары туралы сот-медициналық сарапшы мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Алматы облысы сот-медициналық сараптамалар зертханасының сот-медициналық сарапшысы Өмірбек Жолымбетов 2024 жылғы 9 қазанда Нұрқанат Ғайыпбаевқа сараптама жүргізген.

"Ғайыпбаевтың денесінде келесі жарақаттар анықталды. Сол көздің төменгі қабағы астында көкшіл-қызғылт түсті, көлемі 3×1,5 см-лік қанқұйылу бар. Оң құлақ қалқанының артында да сондай көлемі 2×1 см-лік қанқұйылу байқалды. Шүйде тұсында жұмсақ тіндердің ісінуі болған. Бел тұсында қызыл түсті жұқа қабыршақпен жабылған көлемі 15×4 см-лік сырылған жара болды. Оң жақ бөксе тұсында түзу шеті, доғал ұшы бар, қызыл түсті жұқа қабыршақпен жабылған, көлемі 1,2×0,1 см болатын қиғаш-тік бағыттағы жарақат тіркелді. Одан оңға қарай тағы екі ұқсас жарақат болды: бірінің көлемі – 1×0,1 см, екіншісінікі – 1×0,8 см. Оң бөксенің төменгі бөлігінде көлемі 8×3 см болатын қызыл түсті жұқа қабыршақпен жабылған сызық тәрізді сырылған жара бар. Сол тізе буынының алдыңғы жағында көлемі 0,9×0,8 см, 0,9×0,7 см және 1×1 см болатын домалақ пішінді сызық тәрізді сырылған жаралар тіркелген. Оң шынтақ буынының алдыңғы жағында көлемі 0,5×0,3 см, 0,5×0,3 см және 0,4×0,3 см болатын үш сырылған жара, ал сол шынтақ буынының алдыңғы жағында көлемі 0,4×0,2 см болатын ұқсас жара байқалды", – деп баяндады сарапшы сәрсенбі күні.

Сарапшы сонымен қатар жәбірленушіге қандай диагноз қойылғанын да жария етті.

"Медициналық құжаттар деректеріне сәйкес, Ғайыпбаевқа клиникалық диагноз қойылды: жабық бас-ми жарақаты, ми шайқалуы, маңдай тұсында жұмсақ тіндердің соғылуы және сырылған жара, шүйде бөлігінде гематома, кеуде қуысы мүшелерінің жабық жарақаты, екі шынтақ буынында жұмсақ тіндердің соғылуы, оң жақ бөксе тұсында көптік пышақпен салынған жара, оң жақ тізе буынының жұмсақ тіндерінің соғылуы бар. Сот-медициналық куәландыру қорытындысына сәйкес, денсаулыққа жеңіл зиян келтірілген деп бағаланды, өйткені денсаулықтың қысқа мерзімді (3 аптадан аспайтын) бұзылу белгілері анықталған. Бет аймағындағы сырылған жаралар, оң жақ бөкседегі пышақпен салынған жара және тізе буынының жұмсақ тіндерінің соғылуы денсаулыққа зиян келтірмейтін жарақаттар деп танылды. Аталған жарақаттардың барлығы доғал қатты заттардың, сондай-ақ кесіп-тесетін заттардың әсерінен пайда болуы мүмкін", – деп түйіндеді сарапшы.


"Сот цирк емес": Шерзат Полат ісі бойынша адвокат белгісіз себептермен істен шеттетілгенін мәлімдеді


"Марқұм 1,5 литр қан жоғалтқан": Шерзаттың қазасына қатысты сотқа Бишімбаев ісі бойынша танылған сарапшы Халимназаров шақырылды


Еске салайық, бұған дейін 2024 жылы 4 қазанға қараған түні Талғарда 16 жастағы Шерзат Полат қаза тапқан еді. Оның өлімі қоғамда үлкен наразылық тудырды. Марқұмның әкесі туыстарымен және жергілікті тұрғындармен бірге әділ тергеу жүргізуді талап етіп, наразылық ұйымдастырды. Бірнеше күннен кейін, 12 қазанға қараған түні Нұрымовтар отбасының үйі толығымен өртеніп кетті. Бас прокуратура өрттің қасақана жасалғанын мәлімдеді. Алайда үйді өртеген күдіктілер әлі күнге табылған жоқ

Сот отырысы ашық форматта, қазақ тілінде өтіп, істі судья Ержан Жанұзақов қарап жатыр. Мемлекеттік айыптаушылар – Ержан Құрақбаев пен Дана Сәрсенбай. Ауыр қылмыс жасады деп Талғар ауданының тоғыз тұрғыны айыпталды. 

  1. Абзал Шынасыл 2000 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, үйленбеген, бұрын сотталмаған. Оған Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 5), 9), 14) тармақтары бойынша (Кісі өлтіру), 24-бабы 3-бөлігі бойынша (Қылмысқа оқталу), 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған. 
  2. Равиль Сакиев 1998 жылы туған, қазақ, орта білімді, мейрамханада администратор болған, үйленбеген, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігінің 7), 9) тармақтары бойынша (Кісі өлтіруге оқталу), 24-бабы 3-бөлігі бойынша (дайындалу), 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған.
  3. Шыңғыс Белгожаев жоғары білімді, спорт мектебінде әдіскер болған, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айып тағылған.
  4. Дархан Әскентай 1993 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, бұрын тергеуге алынған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) сотқа шақырылды.
  5. Нұрқияс Ілиясов 1998 жылы туған, қазақ, орта білімді, жұмыссыз, үйленбеген, бұрын сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) бойынша сот алдында жауап беріп жатыр.
  6. Азамат Тоқтаубаев 2000 жылы туған, қазақ, орта білімді, кәсіпкер, үйленген, 2024 жылы 7 жылға сотталған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) айыпталды.
  7. Нұрбол Тоқтаубаев 1996 жылы туған, қазақ, орта білімді, арнайы техника операторы, үйленген, бұрын сотталмаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (бұзақылық).
  8. Дидар Қалиахмет (1998 жылы туған, қазақ, Талғар тумасы, орта білімді, жүргізуші, үйленген, екі баласы бар, бұрын сотталмаған. Қылмыстық кодекстің 293-бабы 3-бөлігі бойынша (Бұзақылық) жауапқа алынып жатыр.
  9. Думан Ысқақ (2007 жылы туған, қазақ, Талғар тумасы, орта білімді, 11-сынып оқушысы. Қылмыстық кодекстің 434-бабы бойынша (Ауыр қылмыс туралы хабарламау) күдікке ілінді.
Айым Атамбаева
Сәрсенбі, 28 Мамыр, 2025 12:47
Талқылау