25 жылға созылған қамқорлық: Астанада SOS балалар ауылының мерейтойы атап өтілді
Астанада "SOS Астана балалар ауылының" 25 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Осы ширек ғасырда бұл ауылда 200-ден аса бала тәрбие алып шықты. Қазір олардың басым бөлігі өз бетінше өмір сүріп, мамандық иесі атанып, отбасын құрған.
Мерекеге түлектер, балалар, ұйым қызметкерлері, тәрбиеші аналар, серіктестер мен мемлекеттік орган өкілдері жиналды. Олар – отбасы үлгісіндегі тәрбиені дамытуға жылдар бойы үлес қосып келе жатқан жандар.
Отбасындағы тәрбие - интернатқа балама
SOS балалар ауылдары – бұл интернат та, мемлекеттік мекеме де емес. Бұл – отбасы секілді сезім сыйлайтын ерекше формат. Бір үйде 4–5 бала мен тәрбиеші ата-ана (немесе тәрбиеші жұп) бірге тұрады. Балалар жалпы білім беретін мектептерде оқып, қосымша үйірмелерге қатысады, әр балаға жеке қолдау көрсетіледі.
2017 жылдан бері Астанада "интеграцияланған отбасы" форматы енгізілген. Тәрбиешілер мен балалар ауыл ішінде ғана емес, қаланың тұрғын аудандарында да тұрады.
"Басты міндетіміз – балаларды қоғамға бейімдеу. Түлектердің 80 пайызы қоғамға жақсы сіңді. 25 пайызы жоғары білім алып жатыр. Бүгінгі мерекеге олар өз балаларымен, отбасыларымен келді. Бұл – еңбегіміздің зая кетпегеннің айғағы", – дейді SOS балалар ауылының директоры Гүлнар Үскенбаева.
25 жылдың қорытындысы мен болашаққа жоспар
2000 жылы құрылған ауыл бұл уақытқа дейін 200-ден аса баланы қабылдап, тәрбиеледі. Қазір мұнда 90-ға жуық бала мен жасөспірім 14 отбасына біріктірілген. Сонымен қатар, Астанада 20 балаға арналған топ ретінде біріктірілген жасөспірімдер үйі бар. Бұл – ауылдағы өмір мен ересек өмірдің арасындағы өтпелі кезең.
Ауыл директорының орынбасары Әлия Ахатова балалар мен отбасыларды қолдау орталығының (БОҚО) қызметін ерекше атап өтті:
"2020 жылдан бері біз 600-ге жуық баласы бар 200-ден астам отбасының бірлігін сақтап қалуға көмектестік. Қазір де тағы да 200 бала бар 60 отбасыға қолдау көрсетіп жатырмыз".
Серіктестердің қолдауы
Тимур Құлыбаевтың Halyk қайырымдылық қоры жобаларды жүзеге асыруға көп көмек көрсетіп жатыр. Қордың көмегімен Астана, Алматы және Қарағанды қалаларынан пәтерлер сатып алынып, балалар мен жастардың әлеуметке бейімделу мүмкіндігі артты. Сондай-ақ, Қазақстандағы SOS балалар ауылдарының табысты тәжірибесін таратуға бағытталған отбасы үлгісіндегі балалар ауылдары бойынша үйлестіру кеңесінің жобасы жүзеге асырылып жатыр.
“Біз балаларға өздерін үйдегідей еркін сезінуге және ересек өмірге қажет дағдыларды меңгеруге бар күшімізді салып жатырмыз. Мұнда олар шешім қабылдауды, мақсат қойып, соған жетуді үйренеді", – дейді қор директоры Сағынбек Шүнкеев.
Мемлекет те бұл бағыттағы жұмысты қолдайды. ҚР Оқу-ағарту министрлігі Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің төрағасы Насымжан Оспанова:
"25 жыл - тұтас бір дәуір. Бұл уақыт ішінде қиын жағдайда қалған балаларға отбасын табуға көмектесу, қамқорлық, қорғау және қолдау көрсету сияқты маңызды миссияны орындап келесіздер. Қазір SOS Астана балалар ауылы балалар тұратын жай ғана мекен емес, оларды сүйетін, бағалайтын, тыңдайтын және қолдайтын жылы үй".
Ауылдан ұшқан түлектер
Мерекеде ауыл түлектеріне ерекше құрмет көрсетілді. Ауылдың тұңғыш шәкірті Сұлтан Жеңісхан қазір Қытаймен жұмыс істеп жүрген кәсіпкер.
"Бұл - мен үшін ерекше сәт. Мен осы үлкен отбасының бір бөлігі болғаныма қуаныштымын. Мұнда менің тұлға болып қалыптасуыма әсер еткен жылу мен тәрбие алдым", – деді ол.
Тағы бір түлек Ислам Ручкин де пікір білдірді:
"Ауыл болмаса, біздің өміріміз мүлде басқаша болуы мүмкін еді. Бізге маңызды нәрселерді үйретті: қамқорлықты бағалау, болашағымызды құру, жақындарымызды сүю".
25 жылда 24 баланы тәрбиелеп өсірген тәрбиеші ана Жанар Рахымбаева:
"Біріншіден, бұл - балалардың мерекесі. Осы жерде отырғанымның өзі - мақтаныш. Қазір менің алты немерем бар. Біздің еңбегіміздің шынайы жемісі осы емес пе?"
Анықтама
SOS балалар ауылдарының Қазақстандағы корпоратив қоры 1994 жылы құрылған. Құрылтайшылар – SOS Children’s Villages International халықаралық ұйымы мен NNEF қоғамдық қоры. Қор Астана, Алматы, Қарағанды және Теміртау қалаларында жұмыс істейді.
Бүгінге дейін ауылдарда 900-ден аса бала тәрбиеленіп шықты, ал әлеуметтік жобалар арқылы 3000-ға жуық бала мен отбасы кешенді қолдауға ие болды.
Шарада жиі айтылған бір сөйлем бәрін түйіндеді: "Әр балаға махаббатқа толы отбасына лайық". Бұл – SOS балалар ауылдарының басты миссиясы: балаға тек баспана емес, отбасы, жылу пен болашақ сыйлау.

Жапониядағы қазақ дәстүрі: Сырға салудың видеосы желідегілерді таңқалдырды
