Заманбек Нұрқаділовтің қаза болғанына 20 жыл: Саясаткердің өзі мен өлімі туралы не белгілі
Фотоколлаж: Stan.kz
Бүгін 12 қараша күні қоғам қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділов қаза тапқан еді. Оның жұмбақ өліміне 20 жыл өтті. Ел тарихында батыл шешімдерімен танылған Нұрқаділов билікпен бетпе-бет келіп, бұрынғы президентті ашық сынаған соң жүйенің ең қауіпті қарсыласына айналды. Оның өлімі ресми түрде "өз-өзіне қол салу" деп тіркелсе де, қоғам әлі күнге дейін бұл жұмбақты толық шешкен жоқ. Stan.kz Нұрқаділовтің саяси жолына қатысты негізгі деректерді жинақтап, оқырман назарына ұсынады.
Заманбектің саяси жолы
Заманбек Қалабайұлы Нұрқаділов 1944 жылы Алматы облысында дүниеге келген. Әкесі соғыс кезінде қаза тауып, анасы оны жалғыз өсірді. Кейін өзінің естеліктерінде саясаткер балалық шағын "жартылай аш, жоқшылықта өткен" деп суреттеген.
Ол Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ политехникалық институтының инженерлік-құрылыс факультетін тәмамдаған соң құрылыс саласында еңбек жолын бастады. Оқуын бітірген соң, шамамен жиырма жыл бойы құрылыс саласында еңбек етті. 1970-жылдардың соңында "Қазселқорғау" мекемесін басқарды. Кейін 1973 жылы небәрі отызға толар-толмас жасында "Алматы бас құрылыс-монтаж басқармасының басшысы қызметіне көтерілді.
Дәл осы кезде оның еңбекқорлығын, қайраткерлігін Дінмұхамед Қонаев байқап, Алматы қалалық атқару комитетіне жұмысқа шақырады.
Осыдан кейін (1985 жылдары) Нұрқаділовтің саяси мансабы өрлеп, тәуелсіздік қарсаңында ол қалалық атқару комитетінің төрағасы, яғни Алматының басшысы атанды.
1990 жылы Заманбек Нұрқаділов Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланып, келесі жылы қалалық халық депутаттары кеңесінің төрағасы әрі бір мезетте Қалалық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметін атқарды. Қазақстан тәуелсіздігін алғаннан кейін де ол Алматы қалалық кеңесінің төрағасы лауазымында қалды. 1992 жылдың көктемінде ел астанасының әкімшілігін басқаруға тағайындалып, Алматының алғашқы әкімі атанды.
Фото: Нұрқаділовтің үй-музейінен. Нұрсұлтан Назарбаев пен Заманбек Нұрқаділов
Алматыны басқарған жылдары (1992-1994) Нұрқаділов батыл шешімдерімен, тік мінезімен және биліктен именбейтін қайсарлығымен ел есінде қалды. 1995 жылы мәжіліске сайланып, парламентте үкіметті жиі сынады. 1997 жылы ел астанасының Ақмолаға көшірілуіне байланысты депутаттық мандатын тапсырғаннан кейін, ол Алматы облысының әкімі болып тағайындалды.
Дәл осы қызметінде Заманбек Қалабайұлы ел арасында ерекше есте қалды. Ол бюджет қызметкерлерін "Отан қоры" үшін алтын әшекейлерін өткізуге шақырып, халықты дағдарыс кезінде елге көмек беруге үндеді.
Өзі мен әйелі, белгілі әнші Мақпал Жүнісова да бұл бастамадан шет қалмады. Алайда бұл акция көпшіліктен қолдау таппай, кейін "Отан қорының" тағдыры туралы ешқандай нақты ақпарат жарияланған жоқ.
2001 жылы Нұрқаділов төтенше жағдайлар жөніндегі агенттіктің төрағасы болып тағайындалды. Бірақ 2004 жылдың 11 наурызы – оның саяси өмірінің шешуші күні болды. Сол күні ол күтпеген жерден баспасөз мәслихатын өткізіп, сол кездегі мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа жолдаған ашық хатын оқыды.
Бұл хатта Заманбек Қалабайұлы ел басшысын билікті жеке мүддесіне пайдаланды, демократиялық реформаларды тежеді деп ашық айыптады. Ол Назарбаевтар әулетінің Шымбұлақ маңындағы Іле Алатауы ұлттық паркінде заңсыз коттедждер салып, алма бақтарын жойып жатқанын, ал үлкен қызы елдегі бұқаралық ақпарат құралдарын толық бақылауда ұстап отырғанын да ашық айтты. Бұл мәлімдеме қоғамда үлкен дүрбелең туғызды. Бірақ Нұрқаділовтің билікке сын айтуы жұрт үшін тосын жаңалық емес еді. Ол бұған дейін де депутат кезінде өткір пікірлерімен көзге түскен.
"Сіз Конституцияның барлық нормаларын толық пайдаланып көрдіңіз. Билікте отырғаныңызға 16 жылға таяды. Бұл – америкалық немесе ресейлік жүйе бойынша төрт жылдық мерзімді төрт рет, еуропалық стандарт бойынша бес жылдық мерзімді үш рет және біздің заңға сәйкес жеті жылдық мерзімді екі рет президенттікпен тең. Сондықтан президенттік өкілеттіктен бірден бас тартқаныңыз дұрыс болар еді", – деп мәлімдеді ол баспасөз конференциясында.
Назарбаев бұл мәлімдемеге реакциясын дереу білдіріп, бұл сынға түсіністікпен қарай алмады. Екі күннен кейін, 13 наурызда, Алматыға премьер-министр Даниал Ахметов арнайы келіп, Нұрқаділовті қызметінен босатты. Ресми себеп "қызметтік міндеттерін дұрыс атқармау, жұмысқа жиі келмеу және ішімдікке әуестігі" делінді. Бірақ ел ішінде бұл қадамның шын себебі бәріне түсінікті еді. Алайда Заманбек жүйенің ішінен шығып, ашық оппозицияға өтті.
Ол биліктегі жемқорлыққа қатысты нақты дәлелдері барын айтты. Ақордадан оған қарсы ресми жауап немесе айып тағу болған жоқ. 2005 жылы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – Назарбаевтың Алматыға келетінін естіген Нұрқаділов президентпен ашық пікірталасқа шығуды жоспарлады, бірақ оған алаңға өтуге мүмкіндік берілмеді, сондықтан саясаткер мәжбүрлі түрде кетуге тура келді.
Шілде айында Нұрқаділов саясат тақырыптарына жазатын журналист Асхат Шәріпжановқа көлемді сұхбат берді. "Навигатор" порталы бұл материалды жариялай алмай қалды, өйткені журналист оқиғадан кейін қайтыс болды. Ресми нұсқада Асхат көліктің астына түсіп, басынан ауыр жарақат алған деп көрсетілді. Дегенмен оның әріптестері мен достары мұны басқа жолмен түсіндіреді – Асхатты басынан ұрып, көліктің астына итерген болуы мүмкін.
"Осындай жарқын, талантты, билікке ыңғайсыз шындықты ғана жазатын журналистің өліміне мен билікті, президентті және әкімшілікті кінәлаймын" деді Заманбек Нұрқаділов Асхат Шәріпжановты жерлеу рәсімінде.
2004-2005 жылдары ол бірнеше рет қоғам назарын аударған саяси мәлімдемелер жасады, кейбірі үшін айыппұл да төледі. Сарапшылардың бір бөлігі оны оппозиция көшбасшысы Алтынбек Сәрсенбайұлының ықпалында деп санағанымен, Сәрсенбайұлы мұны жоққа шығарып, екеуінің қарым-қатынасы салқын екенін айтқан. 2005 жылы елде президенттік сайлауға дайындық басталғанда, жұрт Нұрқаділов те өз кандидатурасын ұсынады деп күтті. Бірақ ол үнсіз қалды.
Сонымен қатар журналист Шәріпжановтың диктофонынан Нұрқаділовпен және оппозиционер, Қауіпсіздік кеңесінің бұрынғы басшысы, "Ақ жол" партиясының жетекшісі Алтынбек Сәрсенбаевпен болған сұхбаттың аудиожазбасы жоғалып кетті. Ал жарты жылдан кейін Сәрсенбаев атылды. Оның және екі көмекшісінің денесі 2006 жылдың ақпанында Алматы маңынан табылды.
Фото: Vox Populi / Алтынбек Сәрсенбаев және Заманбек Нұрқаділов
Саясаткер Болат Әбіловтің айтуынша, 1994 жылғы шілде айында ол Нұрқаділовпен кездесуге барған кезде, оның көңіл күйі жоқ болып, ренжігені байқалған. Оның ренжуінің себебі – Назарбаевпен болған жанжал екен. Ол Заманбек Нұрқаділов пен сол кездегі премьер-министр Сергей Терещенкомен (1991-1994 жылдары қызметте отырған) қатынасы нашар болған деп еске алды. Олар бір-бірін құрметтемеген және үнемі кикілжің туындаған. Сол таңертең Нұрқаділов тағы бір рет Сергей Терещенкомен жанжал жасаған, ал премьер-министр екеуінің сөйлескенін жазып алып, бұл туралы президент Назарбаевқа хабарлаған.
Фото: Vox Populi / Заманбек Нұрқаділов пен Сергей Терещенко
Vox Populi дерегі бойынша жанжалдың себебі Сергей Терещенкодың баяу әрекеті болыпты. 1994 жылғы маусымда Алматыда Өзбекстаннан оңтүстік өңірлерге жеткізілетін газ өшкен. Нұрқаділов премьер-министрден көрші ел билігімен тез келіссөз жүргізуді талап етіп, тіпті өзі барып жағдайды реттеген. Ақырында газ жеткізілімдері қалпына келтірілген.
Әбіловтің айтуынша, Назарбаев Нұрқаділовтің премьер-министрмен жанжалына ренжіген. Президент оған телефон шалып, жанжал үшін сөккен. Келісімге келу мүмкін болмағандықтан, Назарбаев Нұрқаділовті әкім қызметінен алуымен қорқытқан дейді саясаткер. Заманбек Терещенко мен Назарбаевтан кешірім сұрамайтынын айтқан. Ол көңілі түсіп тұрғанымен, кетуге дайын болған. Кездесудің соңында Әбілов оны шығарып салып "Зәке, өзіңді сақта" деген екен. Бұл олардың соңғы бірлескен жұмыс күні болыпты.
Ал көп ұзамай, сол жылдың 12 қарашасында, Алматы қаласындағы Луганский көшесіндегі өз үйінде Заманбек Нұрқаділовтің мәйіті табылды. Ресми дерек бойынша ол өз-өзіне қол жұмсаған. Тергеу материалдарына сай, Нұрқаділовтің денесінен үш оқ табылды – екеуі кеудесіне, бірі басына тиген.
Алайда ел арасында бұл нұсқаға ешкім де толық сенген жоқ. Қоғамда "үш рет өзіне оқ ату мүмкін бе?" деген сұрақ күн тәртібінен түспеді. Көпшілік оны "саяси тапсырыспен өлтірілді" деп санады.
Фото: rus.azattyq.org / RFE| RL
Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі жайлы...
Мақпал Жүнісова марқұм күйеуі Заманбек Нұрқаділовтің өліміне қатысты 8 наурызға арналған концертте пікір білдірді.
Оның айтуынша, қазаның шындығы әлі күнге дейін ашылмаған. Көпшілік "біреу өлтірді, біреу қатысы бар" деп айтады, бірақ әнші соңында өзін кінәламауын тілейді. Әртістің пікірінше, марқұмның балалары кейде оны әкесінің өліміне қатысы бар деп санайды. Мақпал Жүнісова бұл пікірлердің шындыққа жанаспайтынын айтып, Алла бәрін көріп тұрғанын еске салды және Заманбек ондай жағдайға өзінен сұрамағанын атап өтті.
Нұрқаділовтің кабинетіндегі теріден жасалған креслоның шынтақ қояр тұсы екі оқпен тесілген, ал тағы бір оқ портреттің жақтауына тиіп қалған. Сол кеште Мақпал Жүнісова күйеуін екінші үйдегі дастархан басына шақырғанымен, ол балконнан күтпеуді сұрапты. Сол күні, Мақпалдың сөзіне қарағанда, ол үйінде болған. Марқұм кешкі сағат 19:15 шамасында екінші үйінде атылған, ал олардың соңғы телефон әңгімесі сағат 18:40-та болған. Сол кезде Заманбек Мақпалға бармауын ескерткен.
Кешкі астан кейін Мақпал кабинетке кіргенде күйеуінің еденде қансырап жатқанын көрген. Бірден жедел-жәрдем мен полиция шақырған. Кейін бөлмеге қайта оралғанда, әлдекімнің марқұмның денесін үстіне жамылғы жауып, револьверін қойып кеткенін көрген. Бірақ бұл әрекетті кім жасағаны әлі анықталған жоқ.
Нұрқаділовтің адвокаты, бұрынғы тергеуші Мұстахим Төлеев, саясаткердің өлімі сыртқы күштердің ықпалымен жасалған деп санайды. Төлеев марқұмның денесін көру үшін мәйітханаға барған және сол жерде денені бөлшектеуге қатысқан. Өз тәжірибесіне сүйене отырып, Төлеев "25 жыл тергеуші болып жүріп, түрлі қалыпта өлтірілген адамдардың денесін көрдім. Сондықтан бұл қасақана ұйымдастырылған кісі өлтіру" деп айтады.
Әншінің сөзінше, трагедия күні бейнебақылау камераларының жазбалары оның рұқсатынсыз Заманбек Нұрқаділовтің ұлы Қайрат тарапынан полицияға тапсырылған. Көптеген камера оқиғаның бәрін жазып алған және Мақпал адвокатымен бірге сол жазбаларды көрген. Камераны көрсеткен қызметкер де жағдайға шошып, бейнематериалды өздеріне бермеген.
Мақпал Жүнісова марқұмның балалары мен бұрынғы жұбайының ұзақ жылдар бойы шындықты іздемей, үнсіз отырғанына реніш білдірді. Ол Заманбек өз-өзіне қол жұмсауға қабілетсіз адам екенін, ал тергеуге қол қойған адамдар оның өліміне қатысты жалған нұсқаны бекітті деп есептейді. Әншінің айтуынша, марқұмның жаны тыныш болуын тілейді және өзіне бағытталған айыптаулардың негізсіз екенін атап өтті.
Фото: Мақпал Жүнісованың жеке архивінен
Бүгінде танымал әнші Мақпал Жүнісова марқұм жолдасы Заманбек Нұрқаділовті жиі еске алып, отбасылық видеолар мен фотосуреттерді жеке парақшасында жариялап отырады.
Айта кетейік, Заманбек Нұрқаділовтің жеке өмірі екі некемен байланысты болды. Бірінші әйелі Нұрбике екеуінен ұлы Қайрат пен қызы Құралай дүниеге келген. Қазір Құралай Нұрқаділова қазақстандық дизайнер, суретші және "Құралай" сән үйінің басшысы. Кейіннен ол халық әртісі Мақпал Жүнісоваға үйленіп, олардың қыздары Мерей дүниеге келген.
Еске салайық, бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Алматы облысы Кеген ауылындағы балалар өнер мектебіне Қазақстанның белгілі қоғам және мемлекет қайраткері, саясаткер Заманбек Нұрқаділовтің есімі беріліп, ескерткіш-бюст ашылды.
Заманбек Нұрқаділовтің қаза болғанына 20 жыл: Саясаткердің өзі мен өлімі туралы не белгілі