Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Соңында 4 баласы қалды": Күйеуі Қаңтар оқиғасы кезінде оққа ұшқан әйел жол апатынан қаза тапты (видео)

Қаңтар оқиғасы кезінде оқ тиіп қаза тапқан Еркебұлан Сыдықбаевтың әйелі жол апатынан қаза тапты. Оның соңында төрт баласы қалды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Азаттық радиосы

Еркебұлан Сыбықбаевтың әйелі Сая Есенгелді такси қызметімен айналысып жүріп, жол апатынан қаза тапқан. Қаңтар оқиғасынан кейін, күн көру мақсатында Сая такси айдап жүрген. Балаларына анасы қарасқан. Өкінішке қарай 4 ақпан күні Алматы-Бішкек тас жолында жол апаты болып 3 адам қаза тапқан еді. Сол кезде көлік ішінде Сая да болған. 

Журналист Лұқпан Ахмедяровтың сөзінше, Сая балаларын асырау үшін барын салған. Күндіз курьер болып, түнде такси жүргізушісі болған. Әкімдік әйелге баспана алып беруге көмектесеміз деп уәде берген. Бірақ қандай да бір себептермен олар пәтер әперуден бас тартқан. 

Ата-анасынсыз қалған балалардың болашақ тағдыры не болары әлі белгісіз. Айтуларынша, олардың тәтесі (Саяның әпкесі) бар. Бірақ оның жеке баспанасы болмағандықтан қорғаншылық ала ма, жоқ па, ол да белгісіз.

Бұған дейін Сая Есенгелді күйеуінің қазасына қатысты сұхбат берген еді. Ол сол кездегі сөздерінің бірінде, күйеуіне оқ президент резиденциясы маңында тигенін айтқан. Алайда оның қақтығыс алаңына қалай барғанын білмейді.

"Еркебұланға оқ президент резиденциясының алдында тигенін айтты. Бірақ нақты білмеймін. Үйден шыққан кезде митингке бара жатқанын айтпады. Анамызды жұмыстан алып кетуге кеткен. Бірақ не анамызға бармады, не үйге келмеді. 5 қаңтар кешке дейін күттік, содан кейін іздеуге кірістік. Бірақ таба алмадық. 7 қаңтарда ауруханадан табылды. Өзімен бірге қалтасында құжаты болмаған. Көлігі бір жақта, өзі бір жақта...", - деп айтқан ол. 

Талқылау