Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Соңғы бес жыл ішінде Қазақстанда қандай оң өзгерістер болды?

Соңғы бес жыл ішінде ел аузында қалған жағымды жаңалықтар мен оң өзгерістер туралы саясаттанушылар не дейді? Stan.kz тілшісі елімізге танымал саясаттанушылармен тілдесіп, жауап алды. 

саясаттанушылар

Берік Әбдіғали, Дос Көшім, Досым Сәтпаев

Саясаттанушы Берік Әбдіғали соңғы бес жыл ішінде ауыз толтырып айтатындай жаңалық болды деп айтуға қиналатынын жеткізді. Оның пікірінше, ел дамуына байланысты түрлі жобалар айтылғанымен, іске келгенде әлсіздік танытып жатырмыз. 

"Соңғы бес жылдағы нақты өзгерістер туралы айта алмаймын. Президенттің ауысуы оң өзгеріс болды деп есептеймін. Одан кейін ауыз толтырып айтарлықтай жаңалық болғаны есімде жоқ. Елдің дамуына қатты ықпал еткен оң өзгеріс болған жоқ. Түрлі жобалар іске қосылғанымен, одан нәтиже көре алмай отырмыз. Әркім өз ісіне тиянақты болғанда әр салада жақсы өзгерістер мен алға жылжу болады деп ойлаймын", - деп қысқа қайырды ойын Берік Әбдіғали. 

Өзіндік пікірімен топ жарып жүрген саясаттанушы Досым Сәтпаев еліміздегі жағымды өзгерістерді жастардың белсенділігімен байланыстырады. Оның пайымдауынша, саяси сахнаға жастардың белсенді араласуы игі бастама. 

"Шын мәнінде, жағымды жаңалықтар көп бола қойған жоқ. Керісінше, соңғы бес жылда, әсіресе, осы жылы келеңсіз оқиғалар көбірек болды. Пандемия еліміздің әр саласындағы олқылықтарды анық көрсетті. Дегенмен Қазақстанның азаматтық қоғамындағы трендтерге байланысты оң өзгерістерге тоқталып өтуге болады. Өйткені, соңғы 1-2 жыл көлемінде азаматтық қоғам мықты әрі белсенді", - дейді ол. 

Досым Сәтпаев 90-шы жылдармен салыстырғанда азаматтық қоғамның жаңа формасы қалыптасқанын айтады. Өйткені жастар арасында ерікті болуға деген талпыныс жоғары дейді ол. 

"Азаматтық қоғамның белсенділігін жастар арасында ерікті болуға деген талпыныстың күшеюімен байланыстыруға болады. Сондай-ақ жағымды жаңалықтың бірі ретінде жастардың саясатқа белсенді араласуын атауға болады. Өткен жылы сайлау науқаны уақытында дау-дамай кезінде жастардың белсенді араласқанын байқадық. Көптеген жастар бірінші рет сайлауда бақылаушы ретінде өздерін сынап, қатысып көрді. Жастардың елімізге өзгерістер енгізуде өз үлестерін қосуға деген ұмтылысын позитивті өзгерістерге жатқызуға болады", - дейді Досым Сәтпаев. 

Ал еліміздегі демографиялық хал-ахуалды жіті назарда ұстайтын саясаттанушы Дос Көшім қазақ халқының үлесі 70 пайызға жетуін бірден бір жағымды жаңалық деп біледі. Сондай-ақ 30 жылға жуық билік басында отырған мемлекет басшысының алмасуына ол оң бағасын берді.

"Жағымды жаңалықтар өте аз. Тек қана президенттің ауысқанын және қазақтардың жалпы саны 70 пайыздың үстіне шыққанын ғана айта аламын. Демографияның көтерілуі - жақсы жаңалық. Себебі философия бойынша сан сапаға айналады. Егер біз көбейсек, ұлтқа жаны ашитын азаматтар көбейеді. Басқа үлкен өзгерістерді көріп отырған жоқпын. Демек бәрі бұрынғыдай", - деп пікір білдірген Дос Көшім саяси реформа бола ма деген үміті үзілгенін жеткізді. 

Cаясаттанушы көңілде күпті болып жүрген мәселелер шешілмей келе жатқанын айтып қалды. 



Stan.kz тілшісі еліміздегі соңғы бес жыл ішіндегі жағымды өзгерістер туралы халық арасында сауалнама жүргізген болатын.  

Алматы қаласының тұрғыны Әсетжан Жұмахан үшін соңғы жылдары экономикалық өзгерістер байқалған. 

"Көп жаңалықтар болды деп айта алмаймын. Экономикалық өзгерістерді байқадым. Бұрынғыдай емес, қазіргі Қазақстанның жағдайы көтеріліп келеді. Пандемия кезінде мемлекет қарапайым халыққа қаншама көмек берді. Жағдайы төмен отбасыларға қол ұшын созды", - дейді ол. 

Оның сөзінше, отандық туризм де алға жылжи бастаған. 

Дастан Жұмсақбаевтің пікірінше, соңғы жылдары жастар жағынан жағымды өзгерістер байқалған. 

"Жастар білімге, кітап оқуға ден қоя бастады. Бұған қоса олар алкогольді аз ішетін болды. Жігіттер спортқа көп көңіл бөле бастады. Ауылды жерлерде спорт жақсы дамып жатыр", - дейді Дастан Жұмсақбаев. 

Құралай Матанованың пікірінше, соңғы жылдары қоғамда толеранттылық пайда болды. Айналаңдағы адамдардың жеке басына түсіністікпен қарап, оның таңдауына құрмет көрсету дамығанын жағымды өзгеріс деп біледі. 

"Ninety one" тобы пайда болғанда  "ұятмен" деген фраза шықты. Солардың азаюы қатты қуантады. Бұрындары шашыңды боясаң, ұят саналатын. Қазір бұл жағынан келгенде еркіндік бар. Жастардың үніне құлақ аса бастады", - деп пікір білдірді ол. 

Сауалнаманың толық нұсқасын Youtube арнамыздағы видеодан көре аласыздар.

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау