Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев халыққа жолдауының 75%-ын неге қазақ тілінде емес, орыс тілінде айтты?

Кеше мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі жыл сайынғы жолдауын жолдады. Тезистердің басым көпшілігі орыс тілінде беріліп, Жер мәселесі, ауыл шаруашылығы тақырыптары тек қазақша айтылды. Осы орайда Президент жолдауында тезистерді қазақ және орыс тілдерінде берілуінің өзіндік приниципі бар ма? Жолдаудың тілдік ерекшеліктері жайлы сарапшылардан сұрап көрдік. 

Президент жолдауын арнайы принцип бойынша саралай ма?

Саясаткер Досмахамбет Көшімнің пікірінше, Президент жолдауының берілуінде нақты принцип жоқ. Бірақ дайындаған көмекшілер қазақтілді қауымның нені күтіп отырғанын, қандай тақырыпқа құлақ түретінін еске алады. Алайда негізгі әңгіме мүлде басқада, дейді саясаткер.

"Шетелдің президенттері ішінде екі тілде жолдау жасайтындарын білмеймін, бәрі мемлекеттік тілде жасайды. Менің болжамым бойынша, кешегі жолдаудың 75%-ы орыс тілінде өтті. Бұл болмаған жағдай, сайып келгенде мемлекеттік тілді мойындамау тұжырымына алып келеді.

Саясаткер жолдаудың 75%-ын қазақтілділер онша түсінген жоқ, дейді. Себебі соңғы ресми мәлімет бойынша, Қазақстанда тұрғындардың 20%-ы орыс тілін мүлдем білмейтін болып шыққан.

"Бұл мәселені президент еске алмаса керек. Сондықтан жалпы жолдаудың орыс тілінде, ал қазақ тілінде 3/1-ін айтқаны бұл - үлкен қателік, кемшілік және Президент тарапынан қазақ тіліне деген көзқарасы болып табылады", - дейді ол.

Жолдау негізнен қара халыққа, азаматтарға арналады

"Екінші мәселе, форматына келсек, бұл жерде Президент көбінесе парламентке қарата айтқан сияқты. Жолдау ішінде ұғымдар, терминдердің барлығы жәй ғана қарапайым халық қабылдай алатын деңгейде емес", - дейді Досмахамбет Көшім.

Саясаткер жолдау негізнен қара халыққа, азаматтарға арналуы керек екенін айтады. 

"Жолдау қара халыққа арналуы және барынша түсінікті болуы керек. Жолдау ішінде түсініксіз терминдердің болуы - соған дайындығы бар адамдарға, экономикалық және басқа да терминдерді білетіндерге арналғанын көрсетеді. Бұл да келешекте ескерілуі тиіс нәрсе", - дейді ол.

Оның айтуынша, "Жер мәселесі" сияқты тақырыптардың қазақша берілуі мұның арнайы қазақтарға қарата айтылуы деп есептеуге болады.

Жер мәселесі нақты шешілген жоқ

Саясаткер соның өзінде "Жер мәселесі" ашық күйінде қалғанын атап өтті.

"Жер шетелдіктерге сатылмайды деді де, аяқ жағында міндетті түрде инвестиция тарту үшін айла-тәсілдерді іздеуіміз керек деді.

Еске салсақ, Жер дауы көтерілгенде, күн тәртібіне екі мәселе қойылды. Біріншісі, Жер ешкімге сатылмауы керек: қазақтарға да, шетелдіктерге де. Тек қана жер шетелдіктерге сатылмасын деген нәрсе мен үшін түсініксіз болды. Сол уақытта көтерілген екінші мәселе, Жерді ұзақмерзімді жалға беруге болмайтындығы. Президент бұл жөнінде нақты ештеңе айтқан жоқ. Жаңа инвестиция тарту керек дегені көкейде үлкен күдік қалдырды. Бұл мәселе алты айдан кейін мораторий біткен соң нақты шешіледі", - дейді саясаткер. 

Президент айтқан мәселелер осыдан 5-10 жыл бұрын да көтерілген 

"Көптеген халықтың көкейінде жүрген мәселелер айтылып шықты. Он шақты маңызды тақырыптарды түртіп алдым, оның ішінде: мұнай біткен соң, диверсификацияға (экономикадан табыс табу, банкроттықтың алдын алу-авт.) көшу, қоғамдық бақылау мәселесі, мемлекеттік қызметкерлерді қысқарту, ЖОО-ларға қатысты айтылған мәселелер бәрі осыдан бес-он жыл бұрын көтеріліп қойылған мәселелер екенін ұмытпауымыз керек. Мысалы, тек пандемияның кесірінен қызметкерлердің көбісі қашықтан жұмыс істегеннен кейін мемлекеттік қызметкерлердің көп екенін білдік. Бұл ыңғайсыз болды", - дейді саясаткер.

Айтуынша, бұл нәрсенің барлығы бұрын да көтерілген.

"Қазақстан мен Жапония шенеуніктерін салыстырғаны жайлы ақпараттар да әлі күнге дейін интернетте жүр. Ең болмаса, Президент "халық осындай мәселелерді көтеріп жатыр екен, осы бағытты қоштаймын, реформа жүргізуге дайынбыз" деп айтса, қуанар едім. Осы мәселелердің бәрін өзі ойлап тапқандай айтқаны дұрыс емес. Себебі бұл мәселелер осының алдында талқыланған. 

Айтқанына қуаныштымыз, демек ол қабылдады. Қоғамда көтеріліп жатқан мәселелерді ол да айтса, демек оның қабылдағаны. Бірақ оны өзінікіндей қып емес, қоғам көтеріп жатыр деп айтуы керек еді", - дейді саясаткер. 

Екі тілде жолдау жасау - бұрынғы басшылар ауруы

Досмахамбет Көшім жолдаудың көп бөлігінің орыс тілінде берілуін мемлекетке, Президентке сын екенін айтады.

"Бұл - бұрынғы басшыларымыздың ауруы, жасанды интернационализмнің қалдығы. Екі тілде сөйлеген уақытта, біз орыстілділерге "сіздердің тілдеріңізді төмендетпей, пайдаланып жатырмыз" деп жатқандай боламыз. Ал шындығында, бұл өте күлкілі болып шығады. 

Жолдауды бір тілде айтып келе жатып, екінші тілге ауысуы, екінші тілден қайта біріншіге ауысуы арқылы кімді алдайды? Қазақстанда екі тіл қолданылатыны рас. Мемлекеттік тілді Тоқаевтың өзінің айтқанындай, шындығында 25% халық қолданатын шығар. Менің ойымша, бұл жерде Президент тілді қолдану аясының көрсеткішін ұстанған сияқты.

Бұл мемлекетке үлкен сын. 30 жылда мемлекеттік тілді қажетті деңгейге көтере алмай, жолдаудың 75%-ын орыс тілде айтуы бұл мемлекетке, Президентке үлкен сын. Демек, өздері мемлекеттік тілді қолдануды және оны таратудың, алға қоюдың мәселесін мемлекеттік қызметкерлер өздері жүзеге асырмай отыр деген сөз деп тұжырымдауға болады", - дейді ол. 

Орыс тіліндегі нұсқаны ілеспе аударма арқылы беруге болады

Саясаттанушы Расул Жұмалы жолдау мазмұны әр аудиторияның сұранысына, мазалайтын сұрақтарына қатысты болатынын айтады.

"Жолдаудың лексикалық ерекшеліктері бар шығар және ол зерттеуді қажет етеді деп есептеймін. Қазақтілді аудиторияны, қазақ қоғамын мазалайтын мәселелерге: Жер, қосазаматтық, ауылшаруашылығы жатады. Ал орыстілді аудиторияның өзінің мазалайтын тақырыптары болады", - дейді ол.

Айтуынша, бұған дейін мәлімдемелерде қазақ тіліндегі ақпараттар көбірек болған. Жалпы жолдаудағы қазақтілді мазмұнның үлесі өскен, дейді ол.

"Қазақстанның ішкі аудитриясында қазақ тілі дамып келе жатыр деп айтылады. Осындай кездерде маңызды мәлімдемелер мемлекеттік тілде жасалу керек деп санаймын. Орыстілді азаматтар ренішін, наразылығын білдіруі мүмкін. Бірақ еліміз унитарлы мемлекет болғандықтан, мемлекеттік тіліміз - жалғыз ғана қазақ тілі екендігін ескеріп, әлемдік тәжірибе өз алдында бар - бәрін саралай келе маңызды мәлімдемелер мемлекеттік тілде айтылуы тиіс деп есептеймін. Айналып келгенде, бұл қазақ тілінің ғана емес, ұлттың, елдің біртұтастығының мәселесі. Бірте-бірте осыған келуіміз керек", - дейді саясаттанушы.

Расул Жұмалы маңызды мәлімдемелер қазақ тілінде айтылып, орыс тіліндегі аудармасы кейін жарияланып немесе ілеспе аударма жасау арқылы берілуіне болатынын айтады.  Бұл - мемлекеттің емес, жекелеген шенділердің проблемасы, дейді саясаттанушы.

Елімізде орыстілді аудиторияның бар екенін ескеру керек

Ал саясаттанушы Ерлан Саиров Президент Қазақстан Республикасының мемлекет басшысы және елімізде орыстілді аудиторияның бар екенін ескеру керектігін айтады. Жолдаудың екі тілде берілуі дұрыс та болған шығар, дейді ол.

"Бүгінгі таңда дүниежүзінде тектоникалық өзгерістер болып жатыр. Елімізде модернизация жасай отырып, өзгерістер енгізе отырып, еліміздегі тыныштықты сақтау керек. Менің ойымша, осы тұрғыдан келгені сияқты, Президенттің көмекшілері жолдау аспектілерін бірігіп жасағанда, әзірге елімізде екі тіл қоданылатын болғандықтан, жолдауды да екі тілде жасаған сияқты және осылай болғаны да дұрыс шығар", - дейді саясаттанушы.

"Президентіміз қазақ тіліне жетік екенін де, айта кету керек. Сондай-ақ қазақ аудиториясы басым болып келе жатыр және келешекте ұлтаралық тіл болатыны анық", - дейді саясаттанушы.

Айтуынша, қазақ социумы жер мәселсіне келгенде бағытын, принципін ұстанып отыр. Қазақстанда жер қазақтікі, сол себепті әрине, "Жер мәселесі" өз ана тілімізде айтылғаны дұрыс, дейді ол.

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр