Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қазақстан 30 жылда бермеген нәрсені Нью-Йорк маған 4 жылда берді": Қазақ азаматы АҚШ-та иммигранттарға арналған хостел ашты

Абзал Жаңабай 2014  жылы АҚШ-қа отбасымен көшіп кеткен. Нью-Йоркте тұрып жатқан алты жыл ішінде өзінің "Nomads Family" деп аталатын хостел бизнесін ашқан. Мигрант бола тұра қалай бизнес ашқанын, Нью-Йоркке көшу себебі мен сол жақтың тыныс-тіршілігі туралы, Қазақстанда қандай өзгерістер керектігі жайлы Абзал Stan.kz редакциясына берген сұхбатында айтып берді.

Көшуімнің бірінші себебі - сөз бостандығы

Бірінші себеп - сөз бостандығы болды. Қазақстанда бизнес ашпақшы болғанда көптеген тосқауыл, барьерлер болды. Әр нәрсе үшін қаражат салуың керек, төлеуің керек, шығын көп.

Екінші себеп - заң. Өзім әлемдік саясатқа қызығып, оқып жүретіндіктен, біздің еліміздегі жағдай, Конституциямыздың жазылып қана қойып, қолданылмауы көңіл көншітпейтін. Біздегі Конституция тек қарапайым адамдар үшін ғана жасалған. Ал АҚШ-та сөз бостандығы бар.

Тағы бір себеп - инфляция болды. Қолымдағы қаражатым құнсызданып кетті, өмірді толықтай өзгерту керек болды, сондықтан кетуге шешім қабылдадым.

 

Нью-Йоркте аяққа тұрып кете алсаң, кез келген жерде өмір сүре аласың

Ең басында келгенде жылына 30 мың доллар табыс таптық. Иммигранттарға өте үлкен көмек көрсетіледі: тамақ береді, тегін білім және т.б. Бірақ біз отбасымызбен ондай мүміндіктерді аса қолдана қойған жоқпыз.

"Әрдайым аш бол" деген танымал миллиардердің сөзі бар. Нью-Йорк маған қатты ұнады, себебі өзім мегаполистерді жақсы көремін. Тараздың тумасы болсам да, Алматыны ұнатамын. Осындай араның ұясы сияқты қайнап тұрған жерде тұрғанды жақсы көремін. 

Америкалықтардың жиі айтатын сөзі бар "Егер сен Нью-Йоркте аяққа тұрып кете алсаң, кез- келген жерде тұра аласың" дейді. Себебі Нью-Йорк - тірі, ол сені сезеді, сынақтан өткізеді. Мысалы, бокста рингке шығасыз, тренер тәжірибесі жоқ сізді кәсіби боксшымен шығарып тексереді. Сол сияқты Нью-Йорк та сіздің потенциалыңыз бар ма, жоқ па, сынып кетпей ме деп сынайды. 

Егер сынағынан өтсеңіз, қала сізге құшағын жайып, мүмкіндіктерін ашады. Бастысы - уақытты зая кетірмеу. Бұл қалада уақыт жылдам өтеді. Алматыда бір сағат жол жүрсең, "қандай алыс" деп жатады. Ал мұнда бір сағат он минут сияқты өтеді. Бір жерден екінші жерге автомагистраль арқылы жүргеннің өзінде қажетті жерге жету үшін жылдам пойыздардың өзімен жоқ дегенде екі сағат жүресіз.

 

 Қазақстан 30 жылда бермегенді Нью-Йорк маған 4 жылда берді

Бұл жерде мен билік жайлы, Трамп жайлы кез келген ойымды айта аламын. Және ертесінде маған ешкім есігімді тақылдатып кеп тұрмайды. 4 жылдың ішінде маған Америка Қазақстан 30 жылда бермеген нәрсені берді. Бұл менің үйім болып кетті. Қайда жүрсем де Нью-Йорк-ті сағынып тұрамын.

Nomads Family, яғни көшпенділер отбасы деген атаумен хостел компаниясын аштым. Nomads Family деген атаумен телеграмда каналымыз да бар, онда иммигранттарға арналған ақпараттар жарияланып тұрады.

Бұл хостел негізінен мигранттарға арналған. Негізгі клинеттерім Украина, Ресей, Қазақстаннан келетіндер. Нью-Йорктің өзі бірнеше аудандардан тұрады. Үш филиалымыз да Бруклинде орналасқан.

Жалпы Бруклинде бөлме жалдау айына  800 доллар, ал Манхэттенде 1200-1300 доллар тұрады, бұл өте жоғары баға. Ал менің хостелімде бір орынның бағасы 450 доллар.

 

Ешкім бұл жерде "сен иммигрантсың" деп айтқан емес

Екі жыл бұрын мынадай оқиға болды. Мен әрдайым жол ережесімен жүремін. Полиция қызметкері ережені білмей, мені жолда тоқтатады, өзі дөрекі сөйлеп тұр. Содан соң мен оған біріншіден өзін таныстыруын, одан кейін мені тоқтату себебін түсіндіруін сұрадым. Онымен қоса дөрекі сөйлемеуге шақырдым. Ол өзін таныстырып, ереже бұзғанымды, осы үшін айыппұл салатынын айтып, егер қаласам, сотта кездесейік деді. Мен келістім. Кейін сотта кінәсіз екенім дәлелденді, содан соң сотта білімсіз қызметкерді қайта оқуға жіберуді сұрадым. "Білімсіз қызметкердің кесірінен үш сағат уақытымды жоғалттым" дедім судьяға. 

Осыдан шығатыны, білімсіз адамдар барлық жерде бар. Бірақ мұнда мәселені әділетті түрде шеше аласың. Ал Қазақстанда мәселені осылай шеше аласыз ба? Күмәнім бар. Одан кейін маған  ешкім ешқашан бұл жерде "сен иммигрантсың" деп айтқан емес.

 

Компаниямды жарты сағатта аштым

Компания ашу маған 400 долларға айналды және оны жарты сағатта аштым. Бұл жерде бәрі онлайн жүзеге асады. Әрбір квартал сайын декларациялар жіберіп тұрады. 

Қазақстанда он балаңыз болса да, салықты бәрібір төлейсіз. Ал мұнда жалғызбастысыз ба, әйеліңіз жұмыс істей ма, қандай үйде тұрып жатырсыз, астыңызда көлігіңіз бар ма, соның барлығы есепке алынып, қалтаңызда қалатын ақшаңыздан салық төлейсіз. Демек, жағдайға қарайды.

Қазіргі жылдық табысыммен құнарлы тамақтануға, жақсы көлік айдауға шамам жетіп отыр. Біз тек органикалық тамақтар ғана аламыз. Екі есе ақша төлеп, 20-30 жылға ұзақ өмір сүргенім жақсы.

Тек орыстілділерді қабылдаймыз

Алматыда тұрған кезімде пәтер, бөлме жалға берумен айналысатынмын.  Көп адам пәтер, тұратын жер іздеп жатады. Бұл жерде мен толықтай бір үй жалдаймын: бір қабатында екі есік болады, оның біреуі - екі бөлмелі, екіншісі - үш бөлмелі. 

Клиенттерден тек орыстілділерді қабылдаймын. Алған кезде құжаттарына қараймыз.

Бизнес ашарда басты қиындық жарнамамен байланысты. Бір хостел үш қабатты үйді жалдау үшін 15-20 мың доллар болады. Сол үшін бастапқыда кредит алдық, ақырын-ақырын бастадық. Қазір кризиске байланысты туристер аз болғандықтан кейбір филиалдарды жабуға тура келді.

Жұмыс бабымен Корея, Бразилия, АҚШ-тың басқа штаттарынан келіп жатқандар бар. Үш филиалымыз да Бруклинде. Карантин уақытында 50% жеңілдік бердік.

Әр бизнесті адал жолмен жасау керек. Ертең менің атыма кір келмес үшін тірлікті таза жасау қажет.

Мигрант ретінде бизнес ашу үшін...

Мигрант ретінде сізге бизнес ашу үшін сізге миллионер немесе АҚШ азаматы болудың қажеті жоқ. 

Статусыңыз заңды болу керек. Заңды түрде жұмыс істеу үшін әлеуметтік қауіпсіздік нөміріңіз болуы қажет (social security number). Университет оқып жүріп, сол аумақта "жарты күн жұмыс істеуге болады" деген қағаз арқылы жұмыс істеуге де болады.

Ал жалпы АҚШ-қа тұру, жұмыс істеуге грин-карта мүмкіндік береді және оны алудың жолдары көп. Ең кең таралған әдісі жыл сайын ойнатылатын лотереяға қатысып, оны ұтып алу арқылы келу. Одан бөлек, студент болып келетіндер бар, махаббатын кездестіріп үйленетіндер бар. Тіл үйреніп жүріп, колледж оқып алатындар бар немесе саяси баспана сұрап келетіндер болады. Спорт арқылы келуге болады. Әнші, күйші, спортшыларға Американың атынан шығуға болады. Сондықтан олардың елде қалу мүмкіндіктері жоғары.

Егер IT саласында жұмыс істейтіндер болса ірі компанияларға жұмыстарын, түйіндемелерін тікелей жіберсін. Сол компанияның беретін тақырыптарын шешетін болса, олар міндетті түрде шақыру жібереді. 

Алдағы уақытта жақсы жаңалық болады деп күтілуде. Интернет бағытында стартап ашамыз деп жоспарлап отырмыз. 

 

Мектептің білімі сапалы болған сайын салығы қымбаттайды

Балаларым қазақша түсінеді, жалпы ағылшынша сөйлейді, сол тілде ойлайды. Ұлым 2 жас 10 айдан басталатын жекеменшік мектепке барады. Араб және ағылшын тілдерін оқиды. Мұндай мектептердің тегін түрлері де бар. Жалпы жылына 5600 доллар төлеймін, жыл сайын бұл баға көтеріліп отырады. 

Мектептің білімі сапалы болған сайын жерге, үйге төленетін салықтың мөлшері де көбейе береді.

 

Нью-Йоркте қазақтар саны көбейіп жатыр

Қазақтардың саны көбеюде. Он-он бес адамнан тұратын шағын қауымдастығымыз бар. Солармен араласып тұрамыз. Қазір көпшілігі басқа штаттарға көшіп жатыр.

Моңғолиядан келген қазақ жақсы танысым бар. Қазақ ағайындарымыз оқимын, қаражат табам дейтіндерге Американың сауда нарығында қаражат табуға үйретеді. Қазақтар бос жатпай, түрлі ойындарға ақша салғанша пайдалы нәрсемен айналысып, трэйдинг компаниялар арқылы табыс тапса, дамыса деймін.

Екі жылда азаматтық аламын деп отырмын. Отан дегенді әр адам әрқалай түсінеді. Мен үшін Отан біздің жер планетамыз. Құдайдың аманат етіп берген сыйы. Екіншіден Отан деген отбасым, әке-шешем, бауыларым. 

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр