Солтүстік Қазақстан облысында учаскелік полицей әрекетсіздік танытқаны үшін екі айға қамауға алынды
Солтүстік Қазақстан облысында орманда оққа ұшқан әйелдің ісінен кейін ұсталған полицей екі айға қамауға алынды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Бауман станциясы тұрғынының оққа ұшуына байланысты "Қызметтегі әрекетсіздік" бабы бойынша күдікті бұрынғы полиция инспекторына қатысты 2022 жылдың 23 шілдесінде Жамбыл ауданы тергеу соты екі айға қамауға алу бұлтартпас шарасын тағайындады", – делінген облыстық прокуратура хабарламасында.
51 жастағы Алтынай Мұздақбаеваның өліміне қатысты 65 жастағы зейнеткер күдікті деп танылған. Ол орманда аңшылықта жүріп, әйелді құс деп атып тастаған.
Алайда марқұмның жақындары әйелді учаскелік полицей атқанына сенімді.
“Қабай менің анамды атқан. Олардың бренди, коньяк ішкендерін, аңшылық алдында олардың Лосеняның гаражында ұсақ калибрлі қарудың ұңғысын түзетіп жатқанын көрген адамдар бар. Учаскелік полицей жалған түсініктеме берді, тергеуді шатастырды. Ең бастысы, ол адамды құтқаруы керек еді, алайда айғақтарды жасыруға кетіп қалған”, – деді марқұмның ұлы Алтынбек Сайлауов.