Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

СҚО тұрғыны аң екен деп жидек теріп жүрген әйелді атып тастаған

Солтүстік Қазақстан облысында орманда жидек теріп жүрген әйел оққа ұшты. 52 жастағы тұрғынды аң аулауға шыққан азамат байқамай атып тастаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сәлтеме жасап. 

Оқ тиіп өлген әйелдің денесі жеткізілгенін полицияға Жамбыл аудандық ауруханасының дәрігерлері хабарлаған. Оның қандай жағдайда мерт болғанын басты күдіктінің өзі айтып беріпті. 65 жастағы азамат сол күні орманға аң аулауға шыққан. Ағаштардың арасында жидек теріп жүрген әйелді елік деп ойлап қалған көрінеді. Сондықтан көздеп тұрып, шүріппені баса салған. Бірақ қанжығасын майлаймын деген аңшы қылмыс жасағанын кеш түсініпті. Жүгіріп барғанда жаралы әйелді көрген. Бірден полицияға хабарлапты. Бірақ марқұм ауруханаға жетпей көз жұмды. Ал күдікті қамауға алынып, тергеу амалдары жүріп жатыр. 

"Қылмыстық іс бойынша бірқатар сараптамалар тағайындалған. Сонымен қатар жедел іздестіру шаралары атқарылуда. Соның барлығының нәтижесімен күдіктінің іс әрекетіне баға беріледі. Қалған қылмыстық іс бойынша басқа да толық ақпарат Қылмыстық процессуалдық Кодекстің 201-бабының тәртіптеріне сай жариялануға жатпайды", – дейді Жамбыл ауданының прокуроры Талғат Төлегенов.

Талқылау