"Сол баяғы мафия білгенін істеп жатыр": Талғардағы құрылыс нысаны тұрғындардың наразылығын тудырды
Коллаж: Stan.kz
Алматы облысының Талғар қаласында құрылыс нысанына қатысты дау туындады. Жергілікті тұрғындар құрылыс нормалары мен рұқсат құжаттарының сақталмауына байланысты алаңдаушылық білдіруде. Олардың айтуынша, Лермонтов көшесінде коммерциялық нысан заңсыз салынып жатқандай көрінеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2023 жылдың шілдесінде бекітілген Талғар қаласының бас жоспарына сәйкес, аталған аумақ көпфункционалды тұрғын үй кешенін салуға арналған. Алайда қала тұрғыны Мұхамет Аманжолдың мәлімдеуінше, жер иесі ол жерде коммерциялық нысан салып жатыр. Оған қоса, құрылысшылар өздеріне кедергі келтіретін нысандарды заңсыз түрде жылжытып, тіпті кейбірін бұзып тастаған.
"Құрылыс жүргізіліп жатқан ғимараттың алдында бұрын бизнес нысаны болған. Олар "көріністі жауып тұр" деп, оны жылжытты. Енді тағы бір шағын кәсіпкерлік нысан тұр. Оны алу бойынша сот болып жатыр, себебі ол дұрыс орналаспаған деп есептейді. Құжаттары толық бола тұра, олар өздеріне кедергі келтіретіннің бәрін жояды. Бұл – заңсыздық емес пе? Бас жоспарға сәйкес, бұл жер тұрғын үй кешеніне арналған, бірақ олар коммерциялық нысан салып жатыр”, – дейді Мұхамет Аманжол.
Жақын маңда тұратын тұрғындардың айтуынша, 2024 жылдың соңында Талғар қаласында 16 жастағы Шерзат Полаттың өлімінен кейін барлық бұрынғы аудан көлеміндегі басшылар қызметтерін босатқан. Алайда қаланың қақ ортасындағы құрылыс елдің мазасын алып қойған. Тұрғындар құрылыс иелерінің мемлекеттік органдармен байланысы болуы мүмкін деп күдіктенеді, себебі заң бұзушылықтар айқын көрініп тұр. Олар биліктен нақты шаралар қабылдауды талап етеді.
"Сол баяғы мафия білгенін істеп жатыр. Бұл ауданды, қаланы билеп отырған сол кісілер ғой – барлығы туысқан, дос, бір-бірімен байланысы бар. Қанша өзгеріс болды деп айтқанымен, беделі бар кісілер өз дегендерін жасауда. Бұл құрылыс нысаны үйге тым жақын орналасқан, оған қоса қоқыстарын шығармайды. Қазір балалар демалыста, сол жерде ойнайды. Ертең сол жерде қайғылы жағдай орын алса, кім жауап береді?" – дейді тұрғындар.
Stan.kz тілшісі жағдайдың мәнісін анықтау үшін Талғар қаласының әкімі Арыстанбек Әбілқайырұлына хабарласты. Оның айтуынша, ғимарат иелерінің барлық қажетті құжаттары бар. Жер телімі 2014 жылы әкімдік тарапынан берілген.
"Ол кісілердің АПЗ-сы бар, мемлекеттік актілері бар, өздерінің жұмыстарын жобаларына сәйкес жүргізіп жатыр. Біздің тарапқа бұл туралы ешқандай ақпарат келіп түскен жоқ. Қазіргі таңда осы құрылыстың қасында тұрған нысан бойынша сот өтіп жатыр. Ол жерде құрылыс тротуар үстіне салынып кеткен”, – деді Талғар қаласының әкімі.
Дегенмен, бұл мәселе зерделеуді талап етеді. Бұл туралы Stan.kz тілшісіне Алматы облысының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы Айдын Әуесбай айтты.
"Сіздің сұрағыңыз бойынша осы ауданға бекітілген инспектор сізге қоңырау шалады. Алдымен зерделейді" – деді облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысы.
Тұрғындар бұл жағдайға БАҚ назар аударғаннан кейін мәселе облыс басшылығының бақылауына алынады деп үміттенеді. Олар журналистердің көмегімен қоғамдық резонанс арқылы жергілікті билік өкілдері мен уәкілетті органдар нақты әрекетке көшеді деп сенеді.

Қай айларда шетелге саяхаттау арзан
