Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өз елімде атылып өлемін бе деп қорықтым – Қаңтар оқиғасынан кейін психологқа барып емделген қазақстандық

28 жастағы Алматы тұрғыны Меруерт Қаңтар оқиғасы кезінде бойын үрей, қорқыныш билегенін, әділетсіздікті сезінгенін айтады. Ол дәл сол кезде жұмыссыз, интернетсіз қалып қойған соң және даладағы атыс дауыстарын естіген соң күйзеліске түскен. Қазақстандық Stan.kz тілшісіне психолог маманға барып, стресс пен депрессияны қалай жеңгенін сөз етті. 

Фото: ашық дереккөз

“Сонда бекер өмір сүріп жатырмын ба? Далада биліктің қолынан атылып, өле саламын ба?” деп ойладым

28 жастағы Алматы тұрғыны Меруерт Қаңтар оқиғасын психологиялық тұрғыдан ауыр өткергенін айтады. Меруерттің сөзінше, Қаңтар оқиғасынан соң оның бойын үрей билеген. 2021 жылдың соңында тұрақты жұмысынан шығып, жаңа жылда жаңа іс бастағысы келген. Азын-аулақ табыс әкелетін қосымша жұмысы болған соң, тұрақты қызметке орналасуға асықпаған. Бірақ жаңа жылдан кейін елде дүрбелең басталап кеткен. Бұдан кейін ол қатты уайымға салынған.  

“Бәрі бірден астаң-кестең болып кетті. Әрине, бірден бойымда қорқыныш, “енді не болады?” деген белгісіздік болды. Мереке біткен соң, ақшам болмай жүрді, оның үстіне желтоқсанның ақшасын әлі алмаған едім. “Енді не болады екен, тыныш болса екен, үйде әлі қанша уақыт жатамыз, интернет те, теледидар да жоқ, тамақ бітсе қайтеміз” деген қорқынышқа енді “ақшамды қалай аламын?”, “ипотекамды қалай төлеймін?” деген уайым қосылды. Мен сол күндері уайымнан түнімен ұйықтамайтынды шығардым. Оның үстіне, ескертусіз ату, жалпы шеруге шыққандарды жаппай ату деген әрдайым қорқынышты естіледі. Мұндайда әркім өзін уайымдайды. Мен 1-қабатта тұратын едім, дәл қасымыздан көліктер өтеді. Қаңтар басталысымен пердені ашуға қорқып жүрдім. Құдды даладан біреу оқ атса, менің тереземе келіп тірелетіндей, терезеден біздің жүргенімізді көрсе, бізге оқ атып жіберетіндей қорықтым”, – дейді Меруерт.

Меруерттің түнімен ұйықтамай, уайымдап жүргенін естіген психолог құрбысы оған көмек керек екенін түсінген. Сөйтіп ол психолог ретінде консультациясын беріп, Меруертпен болған жағдай туралы тілдескен. 

“Психологым "Неден қорықтың?" деді. Бәріміз болған жайтты әңгімелеп, талқылайтынымыз бар ғой, солай бәрін айттым. Сосын "Саған оқ атса, не болады?" деді. Жылағым келіп отырдым, іштей неден қорыққанымды сол кезде түсіндім. Менікі "Мен өз мемлекетімнің, өз билігімнің қолынан далада атылып өле саламын ба сонда?" деген қорқыныш екен. "Сонда бәрі бекер ме? Бекер өмір сүріп жатырмыз ба? Билік үшін халықтың түк те құны жоқ па сонда?" деген наразылық еді менікі.  Осындай ой мазалағаннан қорқып, бүрісіп, ұйықтай алмай қалғанымды іштей түсіндім.  Психолог "Бәлкім кейбір адамның өлімі уақытында келген шығар, біз білмейміз ғой" деді. Мен наразыланып, “кішкентай балалар ше?” дедім. Психологтың айтқанын түсіне алмадым, бірақ ол кейбір адамдар үшін ол қайырлы болған шығар дегенді негізге алды. Дәл сол кезде түк әсер етпегендей болды. Бірақ қаңтар біте салысымен жұмыс іздеп, тәжірибеден өтіп, бірден жұмысқа кіріп кеттім. Біраз уақыт өткен соң психологқа тұрақты барып, жұмыс істей бастадым. Сонда ғана қаңтардан соң психологпен сөйлескенім пайдалы болғанын ұқтым. Себебі одан кейін бұл оқиғаны қозғау, айту аса қорқынышты болмады, сабырлы түрде айтатын болдым және бір тәжірибе ретінде қарайтын болыппын”, – дейді Меруерт. 

Қаңтар оқиғасында адамдар зорлық-зомбылықтың куәгері болды

Психолог Бибігүл Тойшыбекованың айтуынша, Қаңтар оқиғасы – адамдардың психологиялық хәліне қатты әсер еткен жағдай. Себебі адамдар зорлық-зомбылықтың куәгері болды. Адамдар жақындарының және өзінің өміріне қауіпті сезінді, бойында үрей, қорқыныш, тұрақсыздық сияқты сезімдер пайда болды. 

"Қаңтар оқиғасы кезінде 150 сенім нөмірінде қоңырауларға жауап беріп отыратын маман болып істедім. Оған қоса адамдар психолог ретіндегі жеке консультациямды алу үшін келді. Көбіне 23-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер хабарласып, көмек сұрады. Олар қорқып жатқанын, мемлекетке сенімі азайғанын, көшедегі хаос пен зорлық-зомбылықтан кейін өзін үйінде де қауіпсіз сезінбейтінін айтты. Олар "Үйдің жанында біреу жүрген сияқты", "Соғыс болып кетсе, қайтемін?" деген сұрақтар қоятын. Кейбір адамдарда постравматикалық күйзелістің белгілері байқалды. Олар түнде ұйықтай алмай, жаман түстер көріп, мазасызданды. Кейбірінің бұрын болған, бірақ ұмытып қалған психологиялық жарақаттары қайта есіне түсіп, қал-жағдайы қиындады", – дейді психолог.

Ал психолог Шырын Айдарованың айтуынша, бірнеше күнге созылған Қаңтар оқиғасы кезінде адамдар оққа ұшқан адамдарды, өртенген ғимараттарды көрді, интернет істемей, бір-бірімен байланыса алмады. Бір сөзбен айтқанда, оқшауланып қалған соң, белгісіздік сезімі пайда болды. Салдарынан тек көшеде емес, ел тұрғындарының ішкі жай-күйі де дүрбелеңге толды.

"Көбіне балалары, немерелері бар әйелдер психологтың көмегіне жүгінді. Ер адамдардың да арасында үрей көп болуы мүмкін, дегенмен олардың көбі психологқа хабарласып, көмек сұрай бермейді. Негізі сол кезде алаңға шыққандардың психологиялық ахуалы да қиын болды деп ойлаймын. Себебі олар да экономикалық жағдайын ойлап, шарасыздықтан шығып жатты. Оқиғадан соң қыз-келіншектер, басқа да ересектер, балалар қорқып, не істерін білмей қалды. Адамдар кімге, неге сенерін білмеді",  дейді Шырын Айдарова.

“Қаңтар оқиғасынан соң қорқып, көшеге шыға алмай қалған адамдар болды”

Психологтардың сөзінше, Қаңтар оқиғасы сияқты қайғылы, ауыр жайтты кез келген адам, оның ішінде әсіресе, бала кезінде психологиялық жарақат алған адамдар ауыр өткереді. Мұндай жағдайда оларда регресс басталып, бала позициясына түседі.

"Қаңтар оқиғасы сияқты оқиғалар адамның бала кезінде не жасөспірім шағында болған қиын мәселесін еске түсіреді. Мәселен, 35 жастан асқан, екі баласы бар әйел көмек сұрап келді. Ол кісі Қаңтар оқиғасынан соң қатты қорқып қалғаны соншалық, дірілдей, қалшылдай берген. Қаңтар оқиғасында ол кісі тұратын жерде көшеде көп адам жүрген, атысқан, көліктердің дыбысы қатты шыққан. Соның бәрін көріп, естіген екен. Әйел оқиға бітсе де, қорқып, көшеге шыға алмай қалған, жұмыста да ойы бөліне берген. Ол кісімен әңгімелесіп отырып, бала кезінде отбасында айқай шу көп болғанын, ата-анасы ұрсып, салдарынан ажырасқанын білдім. Бала үшін отбасы бір мемлекет сияқты. Сол кезде отбасында болған жағдай бала жүрегіне жарақат қалдырған болса керек. Содан ересек кезінде Қаңтар оқиғасы секілді жағдайларды ауыр өткеріп жатады. Адам өзін жайсыз сезініп, сезімдерін шатастыра бастайды. Мұндай кезде біз екі жағдайдың, екі жағдайға қатысты ішкі сезімдерді ажыратып алуға көмектесеміз",  дейді психологтар.

Психолог Шырын Айдарова Қаңтар оқиғасы сияқты елеулі жағдайда адамдардың үрейленуі қалыпты нәрсе екенін айтады. Дегенмен адамдар үрей, қорқыныш сияқты сезімдерін де тепе-теңдікте ұстап, оның жетегіне еріп кетпеуге кеңес береді.

"Жаман сезім болмайды. Үрей  де, қорқыныш та – пайдалы сезім. Ол адамға қауіпті сезіп, өзін-өзі қорғауға көмектеседі. Дегенмен адам асыра сілтеп, қатты үрейлене берсе, уайымға, күйзеліске тап болуы мүмкін. Адам қорқып жатқанын сезсе, ең әуелі дұрыс тыныс алуға кеңес беремін. Қарапайым әдіс болса да, дұрыс әрі терең тыныс алып, үрейді сәл азайтуға болады",  дейді ол.

Маманның айтуынша, психологиялық жарақаттан кейінгі ең маңызды қадам – қалыпты өмірдің ырғағына оралу және тұрақтылық сезімін қалыптастыру.

"Бұрынғыдай таңертең оянып, шайыңызды ішіп, күнделікті ісіңізді атқаруға тырысыңыз. Бұл ішкі жай-күйіңізді реттеуге, тұрақты өмірді қалыптастыруға көмектеседі. Болған жағдайға қатысты негатив ақпаратты оқи берсеңіз, оның бәрін тұла бойыңыздан өткізе берсеңіз, психологиялық жағдайыңыз ушыға береді",  дейді Шырын Айдарова.

Ал Бибігүл Тойшыбекованың айтуынша, топтық терапиялардың пайдасы бар.

"Адамға күйзеліске ұшырап жатқанын сезінсе, ішкі сезімін, ойын жақындарымен бөліскені жөн. Басқа да адам да дәл осындай жағдайда болуы мүмкін. Адам мұндай сезімде жалғыз өзі өткеріп жүрмегенін түсінсе, ішіндегісін айтып, сыр шертсе, жеңілдеп қалады. Біз осы әдістерді қолданып, адамдарға көмектестік",  дейді маман.

Психоаналиктер Қаңтар оқиғасы сияқты жағдайлардан соң адамдар өзін жайсыз сезінсе, жоғарыда айтылған сезімдерді бастан өткерсе, психологтардан көмек сұрауды ұсынды.

Талқылау