Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

80 теңге үшін: СҚО-да шенеуніктер мұқтаж аналардан әлеуметтік көмекті кері қайтаруды талап етуде

Солтүстік Қазақстан облысында шенеуніктер жалғызбасты аналарды жәрдемақыны заңсыз алып келген деп айыптады. Дей тұрғанымен әйелдердің кіріс көлемі күнкөріс деңгейінен төмен болғандықтан әлеуметтік төлемді тағайындау туралы шешімді шенеуніктердің өздері шығарған. Кейіннен әкімдік қызметкерлері қателесіп кеткендерін айтыпты. Қазір олар жағдайы төмен аналардан жүз мың теңгеден астам қаражатты кері қайтаруды талап етуде. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "Астана" арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

ана

Азық-түліктің өзіне ақшамыз әрең жетіп отыр деген Виктория Красавина әкімдікке 300 мың теңге қарыз. 2019 жылы отбасының табысы күнкөріс деңгейінен төмен болған көрінеді. Осыған байланысты ауылдың шенеуніктері әйелге атаулы әлеуметтік көмек рәсімдеуге ұсыныс жасаған. Айына 70 мың теңге алып, жағдайы жақсарып қалған келіншектің жыл соңында алған ақшаны тұтас кері қайтару керек дегенді естігенде төбесінен жай түсіпті. 

"Бағдарламаның қателігі үшін алған жәрдемақыны кері қайтарсын деп жатыр. Ай сайын хабарласып, тыныштық бермейді. Бірақ мен ол ақшаны қайдан аламын? Біз ешқандай кірісімізді жасырған жоқпыз. Барлығы жүйеде көрсетілген", - дейді Қарақоға ауылының тұрғыны Виктория Красавина.

Осынған ұқсас жағдайға ауылдың тағы бір тұрғыны Оксана Сулейменова тап болған. Айтуынша, әлеуметтік көмек алып келген ол мемлекетке қарыз азаматтардың тізімінен бір-ақ шыққан. Шенеуніктер отбасының табысы күнкөріс деңгейінен 80 теңгеге артық болғаны үшін төленген жәрдемақыны қайтаруды талап етуде. 

"Бар болғаны 80 теңге үшін біз алаяққа айналдық. Өткен жылы қазанда біз мемлекетке 177 мың теңге қайтаруымыз керек деген хабарлама келді. Сот болып, өздерінің арызын қайтарып алған соң, енді 136 мың теңге қайтарсын деген хат жіберіпті. Олар күн сайын жаңа қарыз сомасын шығарды. Бұл сандар қайдан шықты? Олар өздері ойлап табады ма?" - дейді Оксана Сулейменова.

Жергілікті шенеуніктер өз қателіктерін мойындап отыр. Сөздерінше, жүйе дұрыс жұмыс істмегендіктен мәліметтерді қолмен жазу керек болған. Ал маман кіріс көлемін дұрыс қадаламаған. Бұған қоса, жұмыс беруші тараптың зейнетақы аударымдары мерзімді түрде жасалмағандықтан әйелдер осындай қиын жағдайға кезіккен. 

"ЖШС мен шаруа қожалықтары ай сайын зейнетақы қорына төлем аудармайды. Жарты жылда не болмаса үш айда бір рет аударым жасайды. Тұрғындар өздерінің жалақылары бойынша атаулы әлеуметтік төлемге өтініш білдіргенде оларға жәрдемақы тағайындалды. Ал қараша мен желтоқсанда жұмыс беруші зейнетақы төлемдерін жинап, қорға аудара салады. Салдарынан осындай қателік орын алады. Бір айта кетерлігі, біздің жүйеміз әлі дамымаған", - дейді М. Жұмабаев ауданының жұмыспен қамты және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі Бақытжан Искакова. 

Айтуынша, отбасының табысына, тіпті, бақшада өскен қиярға дейін әсер етеді екен. 

"Отбасының әрбір мүшесіне келетін табысты анықтау керек деген қаулы бар. Бұған қоса, әрбір қиярдың бағасы, әрбір сиырдың тұтынатын азығы көрсетілген арнайы карточкалар болады. Жәрдемақы алушы кіріс мөлшерінің өзгеруін қадағалауы қажет. Сиыры пайда болды ма, қияр я болмаса орамжапырақ өсті ме, осының барлығын көрсетуі керек", - деп қосты бөлім жетекшісі. 

Сот Виктория Красавина жәрдемақыны қайтаруы қажет деген үкім шығарса, Оксана Сулейменова қарызды қоғамдық жұмыс істеп қайтаруына болады екен. Алайда әйелдер шенеуніктерге сеніп бармақ тістеп қалғандарын айтып, өкініп отыр. 

Талқылау