Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Бейбіт өмірдің қадірін түсіндік": Сириядағы сергелдеңнен құтқарылған әйелдер бастан кешкен оқиғаларын айтты

ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің деректері бойынша "Жусан" операциясы аясында 2019 жылдан бері 607 адам Қазақстанға қайтарылды. Оның ішінде 37 ер адам, 157 әйел және 413 бала бар. 

2019 жылы Сириядан оралған павлодарлық Бағила еліндегі бейбіт өмірдің қадірін сол жаққа барғанда кеш түсінгенін айтады. Бастапқыда күйеуінің “Түркияға барайық” деген сөзіне ерген әйел ақыры шайқас алаңынан бір-ақ шыққан. 

“Жұбайым Түркияға барып, оқуымызды сол жерде жалғастырайық деген ұсыныс білдірді. Кейін Мысырға кететінімізді айтып, сол жерде магистратураға түсеміз, жаңа өмір бастаймыз, ұнаса, қаламыз деді. Күйеуім намаз оқитын. Сол уақытқа дейін оның дәстүрлі исламда емес екендігіне күмәнім болмапты. Дін тақырыбында ешқандай әңгіме айтпайтын. Менде намаз оқып, хиджаб киіп жүретін едім. Мысырға барамыз де жүріп, Сирияға бір-ақ өтіп кеттік. Ол жаққа бізден басқа да қазақстандықтармен бірге жеттік. Бізді күтіп алғандар мұнда мұсылмандарға қысым көрсетіп жатқанын, бауырларымызға жәрдем қажеттігін айтты. Күйеуімді қалдырып кете алмадым”, – дейді Бағила. 

Айтуынша, ерлі-зайыптыларды шекарадан күтіп алып, содырлардың лагеріне апарған. Артынша үйлерге орналастырып, азық-түлікпен қамтамасыз еткен.

“Үлкендерге айына 50 доллардан, балаларға 25 доллардан ақша төлейтін. Бір айдан кейін күйеулерімізге содырлар өз-өздерін жаруды бұйырды. Бірақ жұбайым бас тартқан. Сосын бұларды бөліп жіберіпті”, – дейді әйел. 

Бағила күйеуінің 2014 жылы қаза тапқанын айтады. Анығында оны өлтіріп кетті, дейді кейіпкеріміз. Аз уақыт өткен соң, жас әйелді басқа біреу жары қылып алыпты. 

Бүгінде Бағиланың екі ұлы бар. Екеуі де Сирияда дүниеге келген. Үлкені Сириядан келгенде 2019 жылы бес жаста болатын.

“Елге аман есен, оралған соң далада уайым-қайғысыз ойнап жүрген балаларымды көріп, еріксіз жылай беретін едім”, – дейді Бағила. 

Маңғыстау облысының тұрғыны Назгүл де жұмақ іздеймін деп Сириядағы бүліктің ортасынан бір-ақ шыққан.

Санасында үміт пен күдігі арпалысқан келіншек - елге "Жусан" гуманитарлық операциясымен көмегімен елге оралғандардың бірі. 

8 жасынан бастап тұрмысқа ерте араластым деген ол жастайынан әкесіз өскенін сөз етті. 

“Әкем қатты ішімдікке салынып кетті. Үйдің берекесін алып, анамды өлтіріп сабайтын. Күнде үйімізде айқай-шу, төбелес болатын. Түнімен ұйқы жоқ, үйге қонбаймыз, көшеде жүреміз. Ақырында анам мен әкем ажырасып кетті. Кейіннен анам бізді асырау үшін өзінен жасы үлкенірек, жағдайы жақсы кісіге тұрмысқа шықты. Кейін бала босанып, көз жұмды”, – дейді Назгүл Taunews.kz порталына берген сұхбатында.  

Анасын жерлегеннен кейін Назгүл оқуын тастайды. Кейін басын сәждеге жығып, басынан аяғына дейін тұмшаланады. Өзі танитын азаматтың екінші әйелі болуға келісіп, некелеседі. Бірақ азаматы бір айдан кейін Сирияға кететін айтқан. 

“Біз ол жаққа барсаң басыңа баспана береді дегенді еститінбіз. Солайша билет алып, Түркияға кеттік”, – дейді Назгүл.

Жұмақ іздеймін деп бүліктің ортасынан бір-ақ шыққан келіншек талай сұмдықтың куәсі болыпты. 

“Ислам мемлекеті деген аты болмаса, іші бүліктің тұнып тұрған жері. Өзімнің адасқанымды бірден түсіндім. Ер азаматтарды соғыста құрбан етіп, әйелді адам ретінде көрмейтін дінбұзарлардың надандығын көріп келдік. Жастарға әлеуметтік желі мен интернеттен теріс ағым уағыздаушылардың білімін алмасын деп айтар едім. Ешқандай дәлелсіз білім жақсылыққа апармайды”, – дейді ол. 

“Жусан” операциясымен Таяу Шығыстан оралғандардың қатарында Жазира да бар. Күйеуінің соңынан ерген әйел бүгінгі таңда террористік соғысқа қатысты деген айыппен түрмеде отыр. 

“Мен 2010 жылдан бастап намаз оқи бастадым. 2011 жылы күйеуіммен танысып, тұрмысқа шықтым. Бір жылдан кейін жұбайым маған Египетке баруға ұсыныс жасады. Біз намаз оқимыз, ол жердің бәрінде арабтар тұрады деген секілді сөздер айтты. Бірақ біздің Мысырда қалу туралы ойымыз болмаған. Әрі кетсе екі-үш жыл деп жүрдік”, – дейді Жазира Taunews.kz порталына берген сұхбатында.  

Осылайша өз елінде дін туралы толық білім ала алмаймыз деп ойлаған ерлі-зайыптылар басқа елге барып оқуды жөн көреді. Алайда олар ресми оқу орнына емес, заңсыз жұмыс істейтін діни ағым өкілдерінің қатарына қосылады. Ақырында жақыным деп жүрген ұстаздары отбасыны Сирияға асырып жібереді.

“Күйеуім бір мекемеге кіріп кетті. Артынан араб әйел келіп оларға сабақ берді. Бір уақытта маған кешке Сирияға кететінін мәлімдеді”, – дейді әйел. 

Жазира төрт айдан кейін күйеуінің артынан барған. Бұл уақытта Сирияда азамат соғысы өршіп тұрған еді. 

“Бастапқы кезде күйеуім аудармашы қызметін атқарып жүрді. Кейін соғыс әрекеттеріне қатысты. Осылай жүргенде оған елге қайтқым келетінін айттым. Бірақ оның қайтуға деген ниеті болмады. Бір күні оның қаза тапқаны туралы хабар алдым”, – дейді ол. 

Жазираның күйеуі опат болған соң Сирияда бала-шағасымен бірге далада тентіреп, аш қалғанын айтады. Амалы таусылып, босқындармен бірге елден қашуға бекінеді. 

“Олар тіпті күйеуімнің не себепті көз жұмғанын түсіндірмеді. Бұл жерде ешқандай діннің болмағанын, тек қана соғыс болғанын анық айта аламын. Күн сайын қаншама адам өмірмен қош айтысып жатты”, – дейді әйел.

Елге келгеннен кейін Жазираның қолына кісен тағылады. Үш бап бойынша айыпты деп танылған ол  8 жылға бас бостандығынан айырылған. Қазір онымен психологтар мен дінтанушылар жұмыс жасауда.

Талқылау