СІМ Oңтүстік Кореядағы жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан қазақстандықтар елге оралғысы келмейтінін айтты
Мәжіліс отырысында сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев Оңтүстік Кореядағы қазақстандықтардың жағдайы туралы айтып берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Kim Soo-hyeon / Reuters
Сыртқы істер министрінің орынбасары Әлібек Бақаев айтуынша, Оңтүстік Кореядағы жағдайға байланысты елшілікке ешбір қазақстандық жүгінбеген.
"Ешқашан өзге елдің ішкі ісіне араласпаймыз. Сондықтан Оңтүстік Кореяда болып жатқан оқиғалар сол елдің өз шаруасы. Қазіргі кезде біздің негізгі міндетіміз – Қазақстаннан тыс жерде жүрген, оның арасында Оңтүстік Корея да бар, қазақстандықтардың құқықтарын қамтамасыз ету. Оңтүстік Кореяда болып жатқан оқиғаларға қарамастан бүгінгі күнге дейін елшілікке Қазақстан азаматтары көмек сұрап хабарласқан жоқ. Мұндай ақпарат жоқ. Егер қайырылса, сөзсіз елшілік көмек береді", – деді Бақаев мәжіліс кулуарында.
Бүгінде Оңтүстік Кореяда түрлі мақсаттармен 30 мыңнан астам Қазақстан азаматы жүр. Соншалықты көп азаматтың бұл елде болуына Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы визасыз режим себеп болып отыр. Вице-министр Oңтүстік Кореядағы жағдайдың шиеленіскеніне қарамастан, эвакуация қажеттілігінің жоқ екенін айтты.
"Бұл Израиль мен Украинадағы жағдайға ұқсамайды. Себебі онда соғыс әрекеттеріне байланысты қазақстандықтар арнайы ұйымдастырылған рейстермен елге қайтарылған еді", – деді министр орынбасары Әлібек Бақаев.
Айта кетейік, Оңтүстік Корея президенті шұғыл кеңес өткізіп, өзінің импичментке ұшырау әрекеті туралы мәлімдеді. Президент оппозицияны елдің негізгі функцияларын орындауға қажетті бюджеттік қаржыны қысқартты деп айыптады. Елде уақытша әскери жағдай енгізіліп, кейіннен жойылды.