Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік жігіт шылаушын өсіру арқылы қалай миллион тапқанын айтып берді

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің 2-курс докторанты Ілияс Икрамов калифорниялық қызыл құрттарды өсірумен айналысады. Осы бір сирек кездесетін шығынсыз кәсіп арқылы қалай миллион теңге тапқанын ол Stan.kz тілшісіне баяндап берді. 

"Магистратураны Қ. Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінде оқыдым. Оқуды бітірер кезде диссертациялық жобамның бір бөлігі "Калифорниялық қызылқұрттарды өсіру және жер құнарлығын арттыру" деп аталды. Қызылқұрттың осы бір түріне қызығушылығым артып, осы тақырыпты өзім таңдап алдым. Сондай-ақ аталмыш құртты өсіру, көбейту жолдарын мейілінше тереңірек зерттеуге тырыстым. Сөйтіп ғылым мен кәсіпті ұштастыру мақсатында осы калифорниялық қызылқұрттарды өсірумен айналысып жүрмін. Бұл кәсіпті алғаш бастағанда қызылқұрттардың әрбір данасын 4 теңгеден сатып алдым. 350 данасын алу үшін 1400 теңге шығын шығардым", – дейді ерекше кәсіп иесі.

Бір қарағанда жыбырлаған құрттардың бабын табу оңай жұмыс емес тәрізді. Біздің кейіпкеріміз Ілияс болса, жылдың қай мезгілінде де қызылқұрттарды өсірудің жолын тапқан. 2019 жылы жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында "Атамекен" ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйымдастыруымен өткен гранттық жобаға қатысып, 505 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыны жеңіп алыпты. Сол қаржыға өз үйінің ауласынан жылыжай салып, қызылқұрттардың суықта үсіп қалмауына жағдай жасап отыр.

Шылаушындар табиғи жолмен суғарылған сайын тезірек көбейеді екен. Әсіресе, қыста ауладағы қардың бәрін жинап, жылыжай ішіне 10-15 см етіп тастайтынын айтады Ілияс. Күн жылынған бойда, қар еріп, құрттардың ылғалдылығын сақтап қалуына септігін тигізеді екен. Шығынсыз кәсіп деп отырғанының тағы бір сыры осында жатқан көрінеді.

Осы бір кәсібі арқылы нәсібін тауып ғана қоймай, қоғамға өзінің пайдасын тигізіп отырған Ілияс қызылқұрттарды қоректендірудің сырын айтып өтті. 

"Шылаушындардың азығы шығынды қажет етпейді. Күнделікті тұрмыста тұтынатын көкөністердің қабығынан бастап, малдың қиына дейін қызылқұрттардың азығына жарап жатыр. Сонымен қатар, жаз, күз айларында көшеде шашылып жататын жапырақтар да шылаушындар үшін таптырмас азық. Калифорниялық қызылқұрттарды өсіру арқылы біріншіден, қоқысқа тастайтын қалдықтарды азайтуға болады. Сонымен қатар, жапырақтарды жинап өртеу – ауаны ластап қана қоймай, халыққа залалын  тигізуі мүмкін. Жапырақтарды жинап, қызылқұрттарға беру арқылы ауаны да, ауланы да ластанудан сақтаймыз. Әрі еліміздің құнарлы жерлер көлемінің ұлғаюына септігімізді тигіземіз", – деді ол.

Шылаушындарды суғару жүйесі де өте қарапайым көрінеді. Жоғарыда атап өткеніміздей, мейілінше табиғи жолмен суғару тиімдірек болып табылады. Атап айтқанда, жаңбырдың, қардың суларын немесе арықтардан ағып тұратын ағынды суларды пайдаланған абзал. Ал қалада, мүмкіндік болмаса, кәдімгі кран суын тұндырып қолданған дұрыс. Көктемде қызылқұрттар далада тұратындықтан, жаңбырдың суымен өзінің ылғалдығын жоғалтпайды екен.

"Қызылқұрттар биогумус атты биологиялық тыңайтқышты жасап шығаратындығымен ерекшеленеді. Бұл ешқандай химиялық қоспаларсыз таза табиғи тыңайтқыш болғандықтан, жердің құнарлылығын екі үш есеге дейін арттыруға қабілетті. Мәселен, жердің астында былтырғы немесе алдыңғы жылғы өсімдіктің тамырлары қалған болса, биогумус тыңайтқышын қолдану арқылы қайта өсіп шығуына мүмкіндік туғызамыз", – дейді сирек кездесетін кәсіп иесі. 

Өз кәсібін ерекше жақсы көретін Ілиястың айтуынша, жылдың төрт мезгілінде де калифорниялық қызылқұрттарға деген сұраныс өте жоғары екен. Әсіресе, егін және мал шаруашылығымен айналысатын кісілер, балықшылар қызылқұртқа көптеп тапсырыс береді екен. Істің көзін тапқан ол осы кәсібі арқылы миллионға дейін табыс тауыпты. 

"Алдағы уақытта кәсібімді одан әрі кеңейтуді жоспарлап отырмын. Калифорниялық қызылқұрттарды өсіруге қызығушылығы бар адамдарға, әсіресе,өзімнің замандастарыма осы бір кәсіп түрін үйретсем деймін. Еліміздегі әрбір ауылдан кем дегенде оншақты адам осы кәсіп түрімен айналысса, онда қызылқұрттар өндіріп шығаратын биогумус арқылы біз  жердің құнарлылығын арттыруға қол жеткіземіз. Осы тыңайтқыш арқылы жердің ылғалдылығын ұстап тұруға болады. Сонда егіншілеріміз де мол өнім алады. Бұл өз кезегінде күнделікті тұтынатын көкөністер мен жеміс жидектердің бағасының қолжетімді болуына септігін тигізеді. Сонымен қатар, егіншілеріміздің көптеген көкөніс, жеміс-жидек түрлерін шетелге экспортқа шығаруына жол ашылар еді", – дейді Ілияс Икрамов. 

Талқылау