Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттік оқушы дене шынықтыру сабағында көз жұмған: Оқиғаға қатысты жаңа деректер белгілі болды

Шымкентте дене шынықтыру сабағында өзін жайсыз сезінген 7-сыныптың оқушысы ауруханада көз жұмды. Дәрігерлер 12 жасар балаға  шұғыл көмек көрсеткенімен, ажалдан арашалай алмаған. Оқиғаның қалай болғанын куәгерлер айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі “Астана” арнасына сілтеме жасап.

Кенеттен көз жұмған оқушы – Шымкенттегі "Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының" шәкірті. Бірінші ауысымда оқитын  7 “Г” сыныбының оқушыларында  екінші сабақ дене шынықтыру болған. Пән мұғалімі  сабақтың бас кезінде- ақ баланың  өзін жайсыз сезінгенін айтты. 

"Балалар жүгіріп болғаннан кейін төрт қатармен тұрып балаларды шынығуға тұрғыздым. Сөйтіп шынығып болғаннан кейін Елнұр келіп маған: "Ағай, жүрегім айнып жатыр. Клонкаға барып келсем бола ма?" – деп сұранды. Болады дедім. Бала шығып кетті. Екі минут өтпестен, оған көмек керек деп барлығымыз жүгіріп кеттік", –  дейді дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Абу-Әли Ағабаев.

Мектеп  медбикесі шұғыл алғашқы медициналық көмек көрсеткен. Сосын жедел жәрдем шақырыпты. Балада бұған дейін денсаулығына байланысты ешқашан шағым болған жоқ дейді мектеп басшылығы. Алғашқы көмек көрсетілген кезде жанында ата-анасының да  болғанын айтады.   

"Біздің дәрігерлер көмек көрсеткен кезде ата-анасы жанында болды. Бұл кезге дейін денсаулығында кінәрат болмаған. Бізге келген кездегі анықтамаларында денсаулығы жақсы деп берілген", - дейді "Дарынды балаларға арналған №1 мамандандырылған IT лицей-интернатының" директоры Аят Әлжанова

Директордың айтуынша, жеткіншек  бұл мектепке биыл қыркүйекте ауысып келген.  Баланың тәртібі де, сабағы да жақсы болатын дейді. Оның ауруханада көз жұмғанын келесі күні анасынан естіпті. Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, баланың жағдайы ауыр болғандықтан жансақтау бөліміне жатқызылған, реанимациялық көмек көрсетілген. 

"Жедел көрсетілген реанимациялық көмекке қарамастан, бала сол күні сағат 16:30-дар шамасында көз жұмды. Қайтыс болғандағы болжамды диагнозы "жіті жүрек жетіспеушілігі, өкпенің және мидың ісінуі, сондай-ақ жүрек тамырларының кеңеюі", – деп түсіндірді қалалыө денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшы Лаура Нақыпқызы.

Баспасөз хатшысының мәліметіне сүйенсек, 12 жасар бала ешқандай аурумен есепте тұрмаған. Қосалқы дерті де жоқ көрінеді. Өлімнің нақты себебі    сот -медициналық сараптамадан  кейін  белгілі болады.  

Еске салсақ, осыған дейін Шымкентте дене шынықтыру сабағынан кейін 12 жастағы оқушы көз жұмғаны туралы жазған болатынбыз.

Талқылау