Шымкенттегі тәртіпсіздіктердің хронологиясы көрсетілген бейнежазба жарияланды
Тәртіп сақшылары Шымкентте болған жаппай тәртіпсіздіктердің хронологиясы көрсетілген бейнежазбаны жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. Бұл туралы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Полицияның дерегі бойынша, 4 қаңтарда Жаңаөзендегі наразылық шеруі қарсаңында бір топ шымкенттік тұрғындар әлеуметтік желіні пайдаланып, халықты әкімдік ғимараты маңы мен қала алаңдарында рұқсат етілмеген акцияларды өткізуге шақырған.
Сағат 00.30-да жалпы саны 6 мыңнан астам адамға жеткен наразылық білдірушілер қала әкімдігіне келіп, полицияға тас пен қолдан жасалған құралдарды қолданып, алдын ала құрылған жоспар бойынша шабуыл жасай бастаған. Шабуыл жасаушылардың көбінің қолында арматура, темір лом, күрек пен пышақтардың болғаны атап өтілген.
Таңғы сағат 02:20-да бүлікшілер полиция мен әскери бөлімнің көліктерін аударып, іштерінен құралдарды алуға кіріскен. Тәртіпсіздіктерден 62 қызметтік автокөлік зақымданған, оның 12-сі аударылып, 2-і өртеніп кетсе, 1 ДҚНБ арнайы көлігіне қатты зақым келген.
Полиция қызметкерлері су шашатын машинаның, дыбыс шығаратын гранаталардың және резеңке таяқтардың көмегімен жиналған жұртты шегіндіруге мүмкіндік алып, кейіннен олар тарап кеткен. Азаматтарды қала көшелерінен қайтарып, көлік қозғалысы қалпына келтірілген. Сол күні полицияға 500-ге жуық адам жеткізілген.
- "Ағамды алаңда атып тастады": Алматыдағы бейбіт шеруде қаза тапқан азаматтың туыстары әділдік сұрайды
- Желіде Қызылорда қаласындағы тәртіпсіздіктердің жаңа видеосы тарады
- Әлеуметтік желіде Алматы әкімдігіне жасалған шабуыл кезінде түсірілген тың видеолар жарияланды
Қаңтардың 5-і күні күндіз тәртіп сақшылары наразылықтың бетін қайтарғанымен, сағат 20:00-де халық әкімдік маңына қайтадан жинала бастады.
Сағат 20:20-да Төле би мен Қапал батыр көшелерінің қиылысында, ал сағат 20:30-да Бәйтереков көшесі мен Назарбаев даңғылы қиылысында көлік қозғалысы тоқтатылды. Арнайы техниканың көмегімен жиналған жұрт артқа ығыстырылды. Олар қашып кетіп, бірақ кейін тағы да жолдарды жабуға әрекеттенген. Бұл кезде шерушілер брондалған көліктерге атыс қаруынан оқ жаудыра бастаған.
Сағат 22:10-да наразылық білдірушілердің жалпы саны 8 мың адамға жетті, әкімдікке қайта-қайта кіруге әрекеттенген олар қаруды, молотов коктейльдерін, тастарды және басқа да қолдан жасалған құралдарды қолдана бастады. Полицияның атап өтуінше, кейбір наразылық білдірушілер мас күйінде бола тұра арнайы құралдарды қолдануға әрекет етпеген, алайда соған қарамастан өте агрессивті көңіл-күйде болған және қатыгездік танытқан.
6 қаңтар күні таңға қарай жиналған жұрт тарқап, көлік қозғалысы қалпына келтірілді. Алаңдар, кеңсе ғимараттары, қару-жарақ дүкендері, банк бөлімшелері, банкоматтардың алдына күзет қойылды. Сол күні қалада төтенше жағдай мен коменданттық сағат енгізілді.
Шымкенттегі қирату мен тәртіпсіздік оқиғаларынан кейін полицияға 3520 адам жеткізілді.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
