Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі стадион шатыры опырылған кезде туды алып шыққан жігіттер желіде танымал болды

Шымкентте стадионның шатыры құлап, астынан мемлекеттік туды алып шыққан жігіттердің видеосы желіде кең тараған еді. Оқиға "Ордабасы" мен "Ақсу" командалары арасындағы матч кезінде болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.  

ту

Қазақстандық командалар арасындағы ойын қатты соққан жел кесірінен шатыр құлаған соң тоқтатылған. Бірнеше тонна болатын шатыр ойын алаңынан бірнеше метр жерге құлады. Футбол жанкүйерлері бірден шатыр астынан адамдарды іздеуге асыққан. 

"Барлық жанкүйерлер құлаған шатырға барды. Сосын бірге көтердік. Барлығы қашып үлгермей қалғандар бар шығар деп ойлады", – дейді Ғалымжан Байназаров. 

Қуанышқа орай, ешкім шатыр астында қалмаған, бірақ бірнеше адам Қазақстан туын байқаған. 

"Бастапқыда жерде жатқан ту мен тұғырына бір жігіт жақындады. Ол алып шыға алмай кетіп қалды", – деді қала тұрғыны Әбілқайыр Дәулетов. 

"Сосын туға мен және бірнеше жігіт жүгіріп бардық. Оны бірге тарта бастадық. Тростың көмегімен қирандылар астынан сүйреп шығардық. Сосын бекіткіштен ажыраттық. Мен өз әрекетімді батырлық деп санамаймын. Менің орнымда кез келген адам солай жасайтын еді", – деді қала тұрғыны Нұркен Намаз.

Нұркен Намаз қаладағы өрт сөндіру бөлімдерінің бірінде жұмыс істейді. Сөзінше, кәсіби қабілеттері төтенше жағдай кезінде даурықпауға және жылдам шешім қабылдауға көмектескен. 

Қажымұқан атындағы стадион өкілдері алдағы уақытта жігіттермен кездесуді жоспарлап отыр екен. 

"Басшылықпен, әкімдікпен және спорт басшылығымен қалай марапаттау керегін келісіп жатырмыз. Мұны нағыз патриоттың іс-әрекеті дер едім", – деді Қажымұқан атындағы орталық стадионның меңгерушісі Құрманбек Ордабаев. 

Қазір стадион әлі толық жинастырылмаған. Шатырды қалпына келтіру жұмысы жалғасып жатыр. 

Талқылау