Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Шымкенттегі ауруханалардың бірінде орын жетіспей, науқастар дәлізде жатыр (видео)

науқастар дәліздеФото: Видеодан скрин

Шымкенттегі қалалық жұқпалы аурулар ауруханасында орын жетіспей, науқастар дәлізде еденде жатуға мәжбүр болып отыр. Мекеме оларға тек матрас пен жастық қана берген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Otyrar сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Ауруханадағы жағдай түсірілген видео әлеуметтік желілерде тарады. Кадрдан кішкентай баласымен бірге әйелдің палатадағы орын босағанша еденде жатқанын көруге болады.

Қаладағы жалғыз инфекциялық аурухана әрі балаларды, әрі ересектерді қабылдайды. Нысанның пайдалануға берілгеніне шамамен 40 жыл болған. Жыл басында ғимаратта жөндеу жүргізіліп, жабдықтар жаңартылғанымен, науқастар әлі де қолайсыз жағдайға шағымданып отыр.

Қалалық әкімдік мәліметінше, бұл жағдайға қазір мекемеде жүріп жатқан күрделі жөндеу жұмыстары себеп.

Аурухананың 10 бөлімінің сегізі тәулік бойы жұмыс істейді және аса қауіпті жұқпалы аурулармен түскен науқастарға көмек көрсетеді. Палаталарда 204 төсек орны бар. Олардың әрқайсысы жеке санитарлық тораппен және желдету жүйесімен жабдықталған.

"Науқастарды уақытша дәлізде орналастыру – науқастар жаппай түскен жағдайда санитарлық нормаларды бұзбайтын, рұқсат етілген шара. Мұндай шешім Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрықтарына сәйкес қабылданған. Санитарлық талаптар мен дәрігерлік этиканы бұзу фактілері анықталған жоқ. Пациенттердің жағдайы тұрақты бақылауда, жазылып шыққан азаматтар амбулаторлық емге жіберіліп жатыр», – делінген ресми хабарламада.

Инфекциялық аурухана әкімшілігі эпидемиологиялық ахуал тұрақты екенін және медицина қызметкерлерінің іс-әрекеті бекітілген талаптарға сай жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. ⠀

Жұмаділлә Нұрила
Жексенбі, 19 Қазан, 2025 14:24
Талқылау