Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

9 млн емес: Түркістан облысында қызғалдақ жұлған тұрғынға қанша айыппұл салынатыны айтылды

Алты түп қызғалдақ жұлған Шымкент тұрғынына қанша айыппұл салынатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Сәуір аяғында қызғалдақ жұлған шымкенттікке салынуы мүмкін деген айыппұл жұртты шошытқан болатын. Ол кезде қызғалдақ жұлғаны үшін 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынуы мүмкін екені айтылған. 

Қызғалдақ жұлған ер адамға қатысты Түркістан облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Қарагөзова мәлімдеді.

Ведомство өкілінің айтуынша, бұл іс әлі аяқталмаған. Қылмыстық іс бойынша материалдар сотқа жолданған, бірақ әлі соттан өтпеген екен. Салтанат Қарагөзова қызғалдақ жұлған тұрғынға 9 миллион теңге айыппұл салынбайтынын айтады. 

"Біз жіберген ресми баспасөз релизінде 9 миллион теңге туралы ештеңе жазылмаған. Бірақ БАҚ-та 9 миллион теңге көлемінде айыппұл салынады деген ақпарат тарады. Негізі бір жұлған қызғалдақ үшін 1 458 теңге айыппұл салынады. 2020 жылы осындай қызғалдақтарға қатысты 7 жайт тіркелген. Оның бәрі Бәйдібек ауданында болған. Бір оқиға сотқа жетпей қысқарған, қалған атауы бойынша сот шешімі шықты. Олардың әрқайсынан әр қызғалдақ үшін 1 458 теңге көлемінде өтемақы өндірілді", - деді Қарагөзова. 

Сонымен қатар, қызғалдақ жұлған басқа адамдар да анықталды.  

"Биыл қызғалдақ жұлу бойынша үш жағдай тіркелді. Олар да Бәйдібек ауданында. Онда жалпы он қызғалдақ жұлынған. Сараптама қорытындысы бойынша, бұл гүлдер Қызыл кітапқа енген, қорғалатын өсімдіктер екені анықталды", - деді ведомство ресми өкілі. 

Еске салайық, Түркістан облысының полиция қызметкерлері Қызыл кітапқа енген қызғалдақты жұлған ер адамды ұстады. Оған ҚР ҚК-нің "сирек кездесетін және құрып кету қаупі жоғары, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану" бабының 1-бөлігі бойынша іс қозғалды.

Аталған бапта 3 мың АЕК (8 751 000 теңге) көлеміне дейін айыппұл салу қарастырылған. Дәл осы жаза түрі қоғамда резонанс тудырды.

Дана Русланқызы
Бейсенбі, 13 Мамыр, 2021 17:29
Талқылау