Шымкентте аралар жаппай қырылды: Үш кәсіпкер миллиондаған шығынға батты
Шымкент омарташылары аралардың жаппай қырылып жатқанына шағымданды. Үш кәсіпкер жәндіктерінің 70%-нан айырылған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі OTYRAR-ға сілтеме жасап.
Асыраушылардың айтуынша, аралар жақын маңдағы бақша мен жерді өңдеген химиялық заттардан уланған.
Әзірге кінәлі табылған жоқ. Бірақ мамандардың айтуынша, бұл Шымкент омарташылары үшін үлкен мәселеге айналуы мүмкін.
Қазіргі уақытта қаладағы ірі үш ара шаруашылығы шығындарын есептеуде. Сөздерінше, аралар осыдан бір апта бұрын қырыла бастаған.
Қазір кәсіпкерлер жәндіктерінің 70%-нан айырылды, ал ол дегеніңіз кемі 3 миллион теңге шығын.
Омарташылардың пікірінше, жәндіктер химикатпен өңделген гүлдердің шаңын жинап алған.
"Олар бізді нәпақымыздан айырды. Кез-келген сауатты агроном жерді өңдемес бұрын ескерту жасауы керек еді", – дейді омарташы Владимир Щебельников.
"Әрқайсымызда миллионнан болғанда, жаңасын алар едік. Бірақ қазір көктем ғой, тек шығындар", — дейді омарташы Вячеслав Марков.
Ара асыраушылар бұл жерге 10 жыл бұрын орныққандарын айтады.Биыл қараған ерекше гүлдегендіктен, кәсіпкерлер түсім мол болады деп сенген. Омарта айналасында бірнеше бақша мен егістік ораналасқан. Алайда олардың иелерімен тілдесу мүмкін болмады.
Ал омарташылар қауымдастығы басшысының айтуынша, аралардың улануы өзге кәсіпкерлерге де зиян тигізуі мүмкін. Себебі тірі қалған аралар көп жағдайда ауырып, өзге араларға жұқтырады.
"Оның салдарынан ауру өзге де омарталарға таралып, залалы үлкен болуы мүмкін. Аймақтағы барлық аралардан айырылып қалуымыз м.мкін. Осыдан 10-15 жыл бұрын Шымкентте сондай жағдай болған", - дейді Түркістан облысы және Шымкент қаласы омарташылар қауымдастығының төрағасы Төрехан Нұрмұхамедов.
Ара асыраушылар қазіргі уақытта субсидияға мұқтаж екендерін айтады. Әрбір ара жанұясына 5 мың теңгеден берілетін. Ал қазіргі уақытта кемі 150 ара жанұясы өлді. Төлемдерді алу үшін кәсіпкерлер ЖШС ашуға міндетті. Бұрынғыдай жеке кәсіпкерлікпен болмайды. Ал кіші бизнес үшін ол қолайсыз.
Ауыл шаруашылығы басқармасы министрлікке хат жібергенімен, ережеге өзгеріс енгізілмеді. Ал аралардың жаппай қырылуы тергелетін болады.
"Жақын маңда аралар жанұясы бар екенін айтып келістіру керек. Олардың өзара келісуіне, мұндай жағдайдың қайталанбауына ықпал етуіміз керек", – дейді Шымкент қалалық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Әбунасыр Жанбатыров.
Ал жергілікті билік кәсіпкерлерге шығынды өтеп бере алмайды. Кәсіпкерлердің сотқа жүгінуіне, ал өлі жәндіктерді сараптамаға жіберуге тура келеді. Бірнеше жыл бұрын қазақстандық омарташылардың бірі осындай сот процесін жеңіп шыққан.

"Күйеуімді қазақша Дарын деп атайды": Ағылшын азаматына тұрмысқа шыққан қазақ қызы оқиғасын бөлісті
