Шығыс Қазақстанда тұрғындар қарсы шыққан Маралдыдағы алтын фабрикасы ақыры іске қосылды
Шығыс Қазақстан облысы Күршім ауданы Маралды ауылындағы алтын өндіретін фабрика 26 қараша күні іске қосылды. Алайда жергілікті тұрғындар жер қойнауын пайдалану туралы кодекстің бұзылғанын алға тартып, қарсы шығып жатыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі “Азаттық радиосына” сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: ШҚО ақпарат орталығы
Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков фабриканың ресми түрде жұмысын бастағанын мәлімдеді. “
“26 қарашада аудан орталығы Күршімде облыс басшылығы аудан активімен кездесу өткізді. Облыс әкімінің орынбасары Сапанов Дархан Бақытжанұлы мен фабрика өкілдері келіп, барлық құзырлы органдардан рұқсат алынды, фабрика ресми түрде жұмысын бастады деп хабарлады. Яғни, бұған дейін Маралды жанында барлау жүргізілсе, енді кенді өндіруге көшеді. Фабрика құрылысы жоспарланған мерзімнен кеш аяқталды. Оған құрылысқа наразы адамдар мен компания арасындағы сот даулары және құзырлы мекемелер мен сарапшылардың тексерулері себеп болды”, – деді ол.
Жергілікті тұрғындар мен белсенділер алтын өндіретін фабиканың іске қосылғанына қарсы.
“Ауыл үш жылдан бері қарсыласып келе жатыр. Қаншама заңсыздықты көрсетіп, дәлелдедік. Қызыл кітапқа енген өсімдіктер, компанияға берілген жерлерден шыққан бұлақтар барын көрсеттік. Фабрика аумағының астында су қоры бар. Біздіңше, жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы кодекс бұзылып отыр. Әлі де қарсымыз”, – дейді ауыл белсендісі Талғат Исин.
Кәсіпорын директорының орынбасары көпшілікті экологоиялық қауіпсіздікке алаңдатпаймыз деп сендірді.
“Экологиялық қауіпсіздік бойынша барлық шара қабылданады. Түлектерді оқыту, жұмыс орындарын ашу, тұрғын үй, жол және әлеуметтік нысандар салып, жөндеу жұмыстары толық көлемде орындалады”, – дейді Талғат Мақатаев.
Ауыл халқы фабрикаға жұмысқа кірмейтінін айтып, олардың әлеуметтік көмегінен бас тартып отыр. Кәсіпорын ашылғалы 3-4 адам ғана жұмысқа кірген. Қалғандары онда қызмет істемейтіндерін айтады. Тіпті фабрика көмек ретінде түсірген көмірді де алмаған.
“Аудан орталығындағы жиналыстан кейін ауылға бардым. Ресми жұмыс басталғанын айттым. Сүйінші сұрайтын жаңалық емес қой, қуанып отырған ешкім жоқ. Қарсы, әрине. Ауылдағы бір адамның үйіне 100 тонна көмір түсірген екен. Соның 20 тоннасын алған. 80 тоннасы жатыр. Алам деушілер де, алмайтындар да бар. Адамдардың пікірі әртүрлі”, – дейді Күршім ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Әлібеков.
Фабрикаға наразылар мен тәуелсіз экологтар жобаға сенбейді. Эколог Лаура Мәлікова жаңбыр мен қар суы зиян суға қосылып кетуі мүмкін екенін айтады. Кәсіпорын ауылдың дәл іргесіндегі биік таудың үстінде тұрғандықтан сырғып аққан суға ие болу қиын болмақ. Бұдан өзен мен жерасты суы, яғни ауызсу бүлінуі әбден мүмкін.
Тұрғындар президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа және ШҚО-ның бұрынғы әкімі Даниал Ахметов пен қазіргі әкімі Ермек Көшербаевқа бірнеше мәрте үндеу арнап, жағдайды өз көзімен көруін сұраған. Алайда ешбірі ауылға бармаған. Ал облыс әкімдері кен барлау мен фабрика құрылысы заңды екенін айтады.
Бұған дейін алтын өндіруге наразылық білдіргендерге полиция мен арнайы жасақ келген еді.